«Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту бойынша бас жоспардың тұжырымдамасын мақұлдау туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына
ТҮСІНІКТЕМЕ
Мемлекет басшысының 2018 жылғы 19 маусымдағы №702 Жарлығымен Түркістан қаласы Түркістан облысының әкімшілік орталығы болып жарияланды, бұл Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту бойынша бас жоспардың тұжырымдамасын (бұдан әрі – Тұжырымдама) әзірлеуге негіз болды.
2000 жылы ЮНЕСКО шешімімен қала өзінің 1500 жылдығын атап өтті.
2017 жылы Халықаралық түркі мәдениеті ұйымына (ТҮРКСОЙ) мүше елдердің мәдениет министрлерінің тұрақты кеңесінің 34-отырысында Түркістан түркі әлемінің мәдени астанасы болып танылды.
Тұжырымдаманың басты мақсаты мәдени-тарихи және рухани мұраның сақталуын қамтамасыз ететін түркі әлемінің орталығы ретінде қаланы одан әрі дамытудың негізгі бағыттарын айқындау, сондай-ақ Түркістанды маңызды өңірлік даму орталығы етіп қалыптастыру болып табылады.
Тұжырымдамада Түркістан қаласының халықаралық, туристік және өңірлік тұрғыдан перспективалары айқындалды, қаланың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін, оның аумағының перспективада жоспарлы ұйымдастырылуын, қала құрылысы аймақтарына бөлінуін, ашық қоғамдық кеңістіктердің, тарихи-тақырыптық парктің, экологиялық стандарттардың, тұрғын үй-коммунал-
дық инфрақұрылымның жүйесін қалыптастыруды қамтитын, тұрғын халық санының ұзақ мерзімді кезеңге болжамды ұлғаюын ескере отырып кешенді дамыту көзделген.
Болашақта Түркістан қаласы әлемдік деңгейдегі туризм мен зиярат ету орталықтары сияқты әкімшілік-іскерлік, рухани, мәдени және туристік орталық ретінде қалыптасатын болады.
Орталық Азияның аумағында Ұлы Жібек жолының туристік маршрутын жаңғырту экономикалық дамуға серпін береді.
Түркістанда қаланың магистральдары маңындағы аудандарда қоғамдық орталықтар құру арқылы «полиорталық» жүйесі қамтамасыз етіледі. Әрбір ауданда қолайлы тұрғын үй жағдайлары және жұмыс істеуге, білім алуға, демалуға тиісті мүмкіндіктер жасалады.
Қаланың орнықты экономикалық дамуына жаңа бағыттарды енгізу жаңа кәсіпорындар мен өткізу нарықтарын кеңейтуге және құруға, халықтың әл-ауқаты мен табысын арттыруға септігін тигізеді.
Тұжырымдамада қаланың көлік-транзиттік әлеуетін ұлғайту және орнықты дамуын қамтамасыз ету мақсатында инфрақұрылымын нығайту жоспарланған.
Президент Әкімшілігінің Мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімі