XIII ғасырдың ортасында Еуропаны оба жайлап, ол аймақтағы халықтың үштен бірін жалмағанда, орта ғасыр қоғамының тарихы Альпідегі мұздықтар қатпарына қатталып жатты.
Ханна ХОА, «Нью-Йорк Таймс»
Миллиондаған адам опат болып жатқан кезеңде, батыс Еуропадағы өсетін өсімдіктердің, ағаштар мен егіндердің тозаңдарын жел Альпіге қарай ұшырды.
Тозаңдар қар түйіршіктерімен қосылып, аймақтағы ең биік таудың басына – Монте-Роза шыңына қонды. Уақыт өте келе қар қатып, мұзға айналып, үсті-үстіне қабатталып, қоршаған ортаның өзгерістерін қаттап жинай берді.
Ғасырлар өткеннен кейін, мұзға жабысқан егін тозаңдары тарихи оқулыққа айналды десек болады. Онда індетке байланысты ауыл шаруашылығының құлдыраған кезеңі қатталған. Мәселен, олардан жағымсыз ауа райы өнім түсімін нашарлатқанын және алқаптарға дән себілмегенін, жұмыс істейтін ешкім қалмағанын анықтау қиын емес.
Италия мен Швейцария шекарасына таяу маңда, құрлықтың қақ ортасында орналасқан Колле Гифетти мұздығы шамамен 10 мың жылдан бері Еуропадағы шаңды жинап келеді.
Берн университетінің Oeschger климат өзгеруін зерттеу орталығы мен өсімдік ғылымдары институтының климат жөніндегі зерттеушісі Сандра Брюггер мұздықтарда қабатталған тозаңдарды, саңырауқұлақ спораларын, көмірлер мен күйелерді тексеретін тәсіл ойлап тапты. Ол кейбір тұсы 4500 метрге дейін жететін швейцариялық мұздықты зерттеп жүр. Сандра Брюггер 1050 жылдан бергі Еуропадағы ауа райының күрт құбылуын, егін егу тәсілінің өзгеруін, егістіктің өспеуін және ластануын анықтауға кірісіп кеткен.
Еуропа XIV ғасырда орасан апаттарға кездесті. «Оба індетінен» бұрын Еуропадағы ең үлкен аштық болды. Тарихи деректерге сүйенсек, 1315-1317 жылдар аралығында тоқтаусыз жауып, Еуропадағы егістік алқаптарын жайпап кеткен жаңбыр обаның тарауына әсер етуі мүмкін.
Брюггер ханым дақылдар мен кендір тозаңдарының уақыттар бойғы өзгерісін зерттеп, олардың артуы мен азаюын тіркеп отырады. «1300-ші жылдардың басында егіс тозаңдары айтарлықтай азайып кеткен. Осы кезеңде адамдар аштыққа ұшыраған және ауылшаруашылықпен сирек айналысқан», дейді ол.
«Оба індеті» 1347-1351 жылдары Еуропаға үлкен шығын әкеліп, 75 миллион адамның қаза табуына себеп болғаны белгілі. Осы кезеңде ауыл шаруашылығы мүлдем тұралап қалған екен. «5-10 жылғы мұздар қабатында ештеңе кездеспейді», дейді ол. Кейінірек ауылдар қайта жандана бастаған уақытта тозаңдар қайтадан қона бастаған.
Шөп тозаңдары XI және XII ғасыр аралықтарында өте көп кездеседі. Ортағасырлық жылы дәуірде, Еуропа мен солтүстік Атлантикаға таяу аймақтағы температура қазіргіден жылырақ болып, егістік пен ормандар жайқалып өскен. Шөп тозаңдарының жиі кездесуі ашық алқаптардың көбеюі, ормандардан гөрі жайылымдардың көбейгенін көрсетеді.
1750 жылғы деректер өте күрделі. Осы дәуірде Еуропа экономикасы қарқындап, өнеркәсіптік революция басталды. Тарихи деректерге сүйенсек, Христофор Колумб 1493 жылы Еуропаға жүгеріні алғаш әкелгені белгілі. Бірақ жүгері тозаңдары 1700-ші жылдардың ортасындағы мұздық жамылғысында ғана кездеседі. Бұл – жүгерінің бірден кең көлемде ауыл шаруашылығы өніміне айналмағанын көрсетеді.
Дәл сол дәуірде Еуропада өнеркәсіпке бет бұрып, қалалар көбейе түскен болатын. Мұны мұз жабындарынан да байқауға болады. Көміртегінің шағын бөлшектері осы уақыттан бастап кездеседі. Орталық Еуропаның ағаштан көмірді тұтынуға ауысқаны байқалады.
Жылнамашылар мұндай тарихи оқиғаларды тіркесе де, деректерді қолмен жазу санаулыға ғана бұйырып, географиялық тұрғыда шектелуі мүмкін. Гарвард университетінің тарихшысы және климаттану ғалымы Александр Мурдың айтуынша, «Мұздықтардағы деректерді тарихи жылнамамен салыстыру сол кезеңнен мүмкіндігінше шынайы ақпарат береді».
Oeschger орталығы мен Paul Scherrer институты атмосфера химигі Маргит Швиковский секілді көптеген ғалымдар климат өзгеруіне байланысты мұздықтардың тағдырына алаңдаулы. Ол қазіргі таңда мұздықтарды зерттеп жүр. Колле Гнифетти аса биікте орналасқаны үшін ғана мызғымай тұр. «Қазіргі таңда ерімеген мұздық кездестіру қиын. Сондай-ақ оларды зерттеу де оңай емес. Біз зерттеуге тиіс дүниелер су болып ағып кетіп жатыр», дейді Швиковский.
Осылай жалғаса берсе, 10 мың жылдық тарихтан хабар беретін күйе, спора және тозаң деректерінен ештеңе қалмауы мүмкін.
© 2018 The New York Times News Service
Мақаланы аударған Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»