• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Аймақтар 03 Қазан, 2018

Джон Рейнольдс: «Қазақстанда ұшақ билетінің құны қымбат»

357 рет
көрсетілді

«Қазақстанда ұшақ билетінің құны қымбат. Туризмнің дамуына кедергі келтіріп тұрған себептің бірі – осы». Атыраулық кәсіпкерлермен кездескен Шотландияның Абердин қаласы әкімшілігінің кеңесшісі Джон Рейнольдс осындай пікір айтты. 

Атырау мен Абердин арасындағы байланысты нығайту мақсатында арнайы келген делегация бірқатар келіссөздер жүргізді. 

– Тек өзіңе ғана жұмыс істе­­сең, көкжиегің кеңімейді. Әлем­­дік нарыққа шығудың жолдарын қарас­тыру керек, – дейді Джон Рейнольдс.

– Біз IT, ауыл шаруа­шы­лығы, өнер­кәсіп салаларында технологиялары­мызды ұсына аламыз. Мен Қазақ­стан­да соңғы рет 2004 жылы болған­мын, одан бері көп нәрсе өзгеріпті. Компанияларыңыз бізге жақсы қызметтер мен тауарлар ұсына алатынын көрдім. Атырауда туризмді дамыту әлеуеті жоғары, бірақ әуе билеттерінің бағасы тым қымбат. Лондоннан осы жерге келгенше жаратқан қаржыма мен Еуропаны түгел аралап шығуыма болар еді. Бюджеттік әуе жолын тарту арқылы бұл мәселені шешудің жолы бар деп есептеймін.

Шотландық компаниялар негізі­нен мұнай саласына шоғыр­лан­ған. «Феникс ИСА» ЖШС бас дирек­торы Дүйсенбек Смағұлов қона­қүй бизнесі, құрылыс материалдарын өңдеу бойынша да шетелдік кәсіп­кер­лермен бірлесе жұмыс істеуге ниетті екендерін айтады. 

Қазір аймақта британдық капи­тал­дың қатысуымен 88 компания жұмыс істеп жатыр. Биылғы бірін­ші тоқсанда Атырау облысы мен Ұлыбритания арасындағы сырт­қы сауда айналымы 46 млрд доллардан асты. Өткен жылмен салыстырғанда 67%-ке төмендеген. Дөңгелек үстел басына жиналған екі ел кәсіпкерлері осы көрсеткішті көбейтуге уағдаласты.

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ