• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Аймақтар 04 Қазан, 2018

Қостанайда көшеге Медет Досымхановтың аты берілді

364 рет
көрсетілді

Әулиекөл ауданының орталығында қызмет үстінде ерлікпен қаза тапқан полицей Медет Досымханов атындағы балалар спорт алаңы салтанатты түрде ашылды. Сонымен қатар селодағы көше мен қақпаға Медет Досымхановтың аты берілді.

2009 жылы өзінің қызметтік борышын атқару үстінде Медет Бауыржанұлы ерлікпен қаза тапқан еді. Ол Таран аудандық ішкі істер бөліміндегі қылмыстық полиция бөлімшесін басқарған болатын. Басқа ауданда қызмет етсе де оны өзінің туған жері Әулиекөл ауданының тұрғындары ұмытпай, рухын қастерледі. Салтанатты шара Қылмыстық іздестіру қызметінің 100 жылдығы қарсаңында өтті. Оған облыстың барлық шалғайынан Медет Бауыржанұлының қызметтестері, әріптестері, аудан басшылары, туыстары келді.

Офицердің есімін мәңгі есте қалдыру ісіне оның әріптестері белсене кірісті. Медет Досымханов атындағы балалар спорт алаңы полицейлер жинаған қаржыға салынды.

«Медет Досымханов атындағы балалар спорт алаңының, көшенің, қақпаның ашылуы өзінің қызметтік борышын адал атқарған, Отанына адал қызмет еткен, оған берген антын сақтаған полиция офицеріне, оның рухына  деген құрмет. Қостанай облысында қызметте нағыз ерліктің үлгісін көрсеткен полицейлер аз емес. Медет Досымханов солардың бірі және бірегейі болатын. Ол қаза тапқаннан кейін II дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды» деді облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары, полковник Мереке Алшағыров.

Сондай-ақ жиналғандар алдында Әулиекөл ауданының құрметті азаматы Сақтаған Досмағамбетов, Медет Досымхановтың туысы Ибрагим Ағытай оның ерлігі және бүгінгі шараның тәрбиелік мәні туралы айтты, ақын Абай Қажиев Медеттің ерлігі туралы өлеңін оқыды. Ерлікпен қаза тапқан Медеттің әкесі Бауыржан Досмағамбетов және атасы мен әжелері ұлының рухына көрсетілген құрметке алғыс айтты.

 Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай облысы,

Әулиекөл ауданы