Еліміздің жер-су атаулары тарихымызды тануға жол ашады. Өнегелік мәні де ерекше. Өйткені адамның туған жерге, туған елге деген сүйіспеншілігі, перзенттік асыл сезімі жер-су атауларының тарихын жете білу арқылы қалыптасады. Алайда, бұл үрдіске кезінде бұрмаланып кеткен атаулар теріс ықпалын тигізетінін де ескеруіміз керек.
Айталық, Жетісу жерін отарлауды бастаған кездегі, яғни 1841 жылғы жарық көрген «Карта Коканского ханства» деген еңбекте Алатауды ежелгі тарихи атымен «Үйсін Алатауы» деп көрсеткен. Ал 1854 жылғы карталарда бұл атау өзгерген. «Заилийский Алатауға» айналған.
Ресей империясы Жетісу өлкесіне аяқ басқан соң дереу жер-су аттарын орыстандыруға кіріседі. Мысалы, Алматы – Верный, Түрген – Михайловское, Атамқұл – Маловодное, Шілік – Зайцевское, Ұзынағаш – Казанско-Богородское, Қаскелең – Любовинский, Талғар – Софийская, Есік – Надеждинский, Нарынқол Охотничий болып шыға келген. (ҚР ОМА. 44-қ., 1-т., 5570-іс. 1-п.).
Тарихи жер-су атаулары дегенде әкемнің ағасы Тоқсаба қария еріксіз еске оралады. Мен ол кезде үлкендердің қолына су құйып жүрген кішкентай баламын. Тоқсаба атам бөлімшенің басшысы. Көзі ашық, сұңғыла жан еді.
– Ей, құрдас, осы Алжан атамыз неше ағайынды болған? – деді әкем бірде дастарқан басында жігіт ағасы Мұқанға қарай бұрылып. Оның жауабын Мұқаннан бұрын Тоқсаба атам айтты.
– Алжан атаң екі ағайынды. Інісінің аты – Шажа. Алжаннан туған төрт ұл бар. Олар – Сырымбет, Шағыр, Аламан, Қиғылық, – деді нық сөйлеп. Сонымен қатар мұны неге сұрадың дегендей әкеме қадала қарады.
– Әскерден жараланып Семейден өткеннен кейін, қай (станция) бекет екені есімде жоқ, майдангер досым болмай үйіне түсірді. Руы Сыбан екен. Қарт әкесі бізді құшақ жая қарсы алды. Ел-жұрт мәре-сәре болды. Жауынгер баласының соғысқа бір қолын беріп қайтқанында олардың шаруасы жоқ. Сөйтіп Қожан досымның шаңырағы шаттыққа бөленді.
Менің қайдан екенімді білген қария «Балам, біз Алжан атаңның атындағы таудың баурайында отырмыз. Осы Алжан тау мен сендердің Алжан аталарыңның арасында қандай байланыс бар екенін білгім келеді?» деді. Ол кезде пәлендей жауап қайтару мен үшін оңай емес болатын.
Әкемнің осы әңгімесі есімде қалған мен үш жыл бұрын Ызғарбек Бектұрсыновпен бірге Катонды аралап, қайтар жолда Алжан тауды іздестірген едім. Бірақ ол сапарымыз нәтижесіз аяқталған-ды.
Жуырда Семейде жергілікті ел азаматтары көп жиналған бір тойда болдым. Әңгіме арасында Алжан тау туралы сұрадым. Сол кезде Қасқатай деген азамат:
– Жақыпжан, біз сен іздеп жүрген Алжан таудың етегінде өстік. Осы өңірді Үйсін ағайындар тоқсан жылдан астам уақыт жайлаған екен, – деді нық сеніммен.
Мұндай жаңалықты естіген кезде жүрегім шымырлап, бабаларымыздың ел қамы, жер қамына қарай осы маңды қорғағаны ойыма оралды. Көшпенділердің ат тұяғымен қазақ сахарасының картасын жасап, әлденеше мың жылдық тарихын құлаған қорғандарда, жер атауларына қалдыруы – заңды құбылыс. Сондықтан осы өңірде Ханкелді ауылы бар дегенді естігенде одан сайын толқыдым. Ауыл атауы Албанның ішіндегі Алжан руының батыры Ханкелді Сырымбетұлының есімімен тікелей байланысты болуы да әбден мүмкін ғой.
Ханкелді – Ұлы жүздің Албан тайпасының Алжан руынан шыққан қайраткер тұлға. Жаужүрек батырлармен үзеңгілес болып қол бастаған. Аягөз, Тесіктас жерлерінде жоңғарлармен болған шайқастарда ерлігімен ерекше көзге түскен, атақты Аңырақай шайқасында Албан жасағын басқарды. Жоңғарларға қарсы күресте әкесімен тізе қосып, үлкен ұлы Тілеуке мен немересі Райымбек батырлар да жауға шапқан. Хангелді сол кездің жағдайына орай Ұлы жүз қазақтарының жоңғар басқыншылығына қарсы соғыста Ресейге арқа сүйеудің қажеттігін дұрыс ұққандардың бірі болды. Осы мақсатта 1733 жылы Төле би, Қодар би, Сатай және Бөлек батырлармен бірге орыс мемлекетінің қол астына қарауға тілек білдіріп, орыс патшайымына хат жазған. Бұл алғашқы хатты Аралбай мен Оразкелді жеткізсе, 1734 жылы тағы да патшайымға жазылған екінші хатты Петерборға тікелей Хангелді мен Төле бидің немере інісі Айтбай екеуі апарады. Ел аузындағы аңыздарда Абылай сұлтан жоңғарларда тұтқында болғанда, оны босатуға Төле би бастап барған тоқсан адамның ішінде Хангелдінің болғаны да айтылады. Ол қолбасшылығымен аты танылған кезде еларалық бітімгерлік жұмыстарға да барып, білікті мәмілегерлігімен көзге түскен.
Жоғарыдағы деректер Хангелді батыр Аягөз, Таскескен маңын қалмақтардан азат ету жорықтарына қатысқанын меңзейді. Олай болса, сол жылдардан кейін Алжан атаның тұқымдары осы өңірді жайлаған болып тұр ғой. Бұл деректерді айтып отырған себебім, Жарма бекетінен 15 шақырым жерде Аршалыдан басталатын Алжан тау Көксеркеге барып тіреледі. Осы алқапта Шынғожа ауылынан 18 шақырым өткенде Хангелді бөлімшесі бар. Жергілікті жұрт Алжан тауы, Алжан көлін атап, елді мекенге Хангелді атын беріпті.
Құлақпен естігенді көзбен көруге тырыстық. Сонымен «Алжан тау қайдасың?» деп жолға шықтық. Жұмабектің автокөлігімен Жарма бағытына қарай жүйткіп келеміз. Аршалы ауылына жақындағанда «Анау алдарыңда тұрған Алжан тауы», деп көлігін кілт оңға бұрды.
Сексенге иек артқан Серікқазы ағамыз шаруашылықта ұзақ жылдар механизатор болған екен. Алжан таудың сулы, нулы бір пұшпағын Самат інісі жайласа, екінші тұсында Секеңнің шаруа қожалығы тұр. «Қаракөл маңындағы тоғай арасындағы ескі бейітті жасы жүзден асқан әкем Алжанның бейіті деуші», деп әңгімесін бастады Серікқазы ақсақал. Бұл сөзден кейін бізде тағат қалмады. Дереу сол маңға қадам бастық. Неткен сұлу өңір, тау мүлгіп тұр, етегінде Қаракөл. Шетін тоғайлы қамыс көмкерген... Міне, тоғай ішін қақ жарып, аталған бейітке де жеттік. Қорымның жан-жағы таспен қаланған, судан алыс, көлемді, жайлы жерге жерленген. Қайран бабам! Жердің жаннатында жатыр екенсіз деп күбірледім.
Тарихи жазба деректерге қарасақ, 1785 жылы капитан Андреевтің «Орта жүздің сипаттамасы» атты еңбегінде Ұлы жүздің қоныстанған орнын былай көрсетеді: «Тарбағатай тауынан қытай шекарасына дейінгі жерде жазда Тарбағатай, ал қыста Тоқтатау аңғарына дейінгі аралықта мынадай рулар көшіп-қонып жүреді: 1. Жаңаби бастаған суандар 3500 түтін; 2. Қоңырбөрік Далы Дәулет бастаған 400 түтін; 3.Қызылбөрік Әжібай ақын 1940 жылы жазда Қаңлыбай, Тастемір, Алтай бастаған 300 түтін; 4. Шапырашты Қойсоймас Қараша бастаған 1500 түтін; 5.Атанбай бастаған Қызай 700 түтін; 6. Қарабас бастаған Ақбарақ, Ақболат 600 түтін, Садық бастаған Қаңлы 120 түтін. Аталған қазақтар жер шаруашылығымен айналысып бидай, арпа және тары себеді.
Биеке би бастаған Сегіз-сарылар 600 түтін, Аламан бастаған Алжандар 450 түтін, Аягөз бен Қарақол өзендерінің аралығында Бердіқожа бастаған Шанышқылылар 300 түтін, Жолдыбай Шымырбай бастаған Жалайырлар 600 түтін, Игілік би бастаған Қасқараулар 500 түтін, Сүйіндік бастаған Қырмыштар 100 түтін, Байғабыл Өтеп бастаған Жаныстар 100 түтін» деп көрсетеді (Аристов А. Усуни и киргизы или каракиргизы. Бишкек, 2001. 419-420-беттер.). Жетісуды Ұлы жүз қазақтарының ежелден мекен етіп келе жатқанын І.Жансүгіров «Жетісу» деген еңбегінде былай деп келтіреді: «Жетісуды орыс алар тұсында Лепсі, Алтын-арық, Ақсу, Мақаншы бойларында шапырашты, сары үйсін деген елдер қоныстанған еді. Күркілдектің (Аягөз) құйғанынан осы күнгі қонысына дейін Қаратал, Көксу бойында жалайыр жүруші еді. Осы күнгі Іле көпірден өрге қарай Құлжаға шейін беті ашық өзеннің екі жағын өрістеп, Ұлы жүздің албан-суаны жатушы еді. Талас суының кеудесінен төмен қарай, Шудың бойы, Қордайдың аяғын баса дулат қоныстанды» (Жансүгіров І.Жетісу 1730-1916. Алматы: Ценные бумаги, 2001. 10-б.). Белгілі ғалым Х.Арғынбаев өз зерттеу еңбегінде былай деген: «...наймандар ХVІІІ ғасырдың аяғы мен ХІХ ғасырдың басында Аягөз, Көкпекті, Ақсу өзендеріне, Тарбағатай тауының етегі мен жоталарындағы жайылымдарға көшкен де, одан да асып Алакөл мен Сасықкөл және Тентек, Шілікті, Лепсі, Ақсу өзендері төңірегіндегі жайылымдарға қоныс аударып, Қаратал өзеніне дейін жеткен. Оңтүстік Балқаш өңірі, Алакөл көлі, Жоңғар Алатауы және Қаратал өзені аралығында жатқан жер үшін Орта жүз бен Ұлы жүз көшпелілері арасында дау-дамай болып тұрған» (Арғынбаев Х., Мұқанов М., Востров В. Қазақ шежіресі хақында.- Алматы: Ата мұра, 2000. 317-б.). Міне, аталған мәліметке қарай отырып, Ресей империясы отарлау барысында қазақтар арасына іріткі салып, жер дауы мен барымтаны өршітіп, бір-біріне қарсы айдап салған жымысқы саясатын іске асырғанын терең ұғына түсеміз.
Қаракөлдің жайлы жағалауына орналасқан Алжан ата бейітін көріп, көңіліміз көтеріліп қуанышқа кенелдік. Аршалыға сондай сезіммен оралдық.
ХVІІ ғасырдың үшінші ширегінде, Дүрбіт-Ойрат, Маньчжур-Цин империясына қарсы қаһармандықпен шайқасқан, торғауыттардың тас-талқанын шығарған осы жиырма жылдық соғыста атқа қонған Қабанбай, Мүйізді Өтеген, Нұралы хан, Әбілпейіз сұлтан, Қанжығалы Бөгенбай, Ералы сұлтан, Әділ сұлтан, Орыс сұлтан, Жантай Баян, Малайсары, Олжабай, Керей Жәнібек, Шапырашты Наурызбай, Көкжарлы Барақ, Райымбек, Жәпек, Бердіқожа, Тілеуке, Сағымбай, Сырымбет, Ер Әжібай, Байғозы, Шынқожа, Айбас, т.б. батырлар тізе қосқан.
Бұл ретте Алжан ұрпағы Райымбектің қолбасшылық іскерлігі ұшан-теңіз. Тарихшыларға әлі де зерттеуге қажет тұстары мол. Алжан ұрпағы Хангелді батыр жайлы жазбалар аз, зерттеу жоқ. Алайда Бұқар, Үмбетей, Шәді төре, Жәңгір жырларында батырлар бейнесі бар. Ілияс Есенберлин, Әбіш Кекілбаев, Қабдеш Жұмаділов сомдағандай тұлғалардан Ханкелді менмұндалап тұрған жоқ па?
Астанадан досым Несіпбек Айтұлы телефон соқты:
– Жақыпжан, Аягөз аймағындағы жігіттер хабарласты. Хангелді бабаңның жатқан жерін іздеп жүр екенсің. Мен ол туралы білемін. Нағашыларыма жиі барамын. Нағашым бейіт аралап, «Мынау Хангелді батырдың бейіті, ұмытпа. Хангелді батыр осы жерді қалмақтан азат еткен бабаң», деп құлағыма құйған. Батыр жатқан қорымды саған көрсетемін. Бірақ, бекер емес. Бәйге тұлпарыңды әзірле, – деді жайдарылана күліп.
Аягөз аймағы шұрайлы, құнарлы. Жау көзі көк шалғынды қысы жұмсақ жерге түседі емес пе? Жоңғар, қытай әскерлеріне қарсы тоғыз рет кескілескен шайқас болған. Сол соғыстарда Хангелді батыр да осы аймақты, яғни Таскескен, Аягөз, Жарма аумағын жаудан тазартуға атсалысқан. Өзіне де топырақ осы жақтан бұйырған. Райымбектің үш жүз жылдық мерекесін тойлағанда Хангелді бабамыздың жерленген жері қазақ даласының қай жерінде екенін таба алмай тұйыққа тірелуіміздің басты себебі де осы болса керек.
Ханға кеңес беріп, Ұлы жүз сарбаздарын шешуші ұрыстарға әзірлеген Хангелді бабамыз осылайша Ақшәулінің етегінде, Ай өзенінің бойында мәңгілік мекенін тапқан көрінеді.
– Әкеңіздің пойыздан түскен стансасы Қарақойтас болуы керек. Өйткені сол стансадан Алжан тауы анық көрінеді, – деді бізбен әңгімелескен мектеп ұстазы, тарихшы Рысқайша Қайранова. Мен асқақтап көрінген Алжан тауға, аталарымыздың рухына басымды идім.
Әлбетте, біздің бұл сапарымыздағы кездескен азаматтармен әңгімеде айтылған жайттар әлі де зерттей түсуді қажет ететіні анық. Атырау мен Алтайдың арасындағы Ұлы Даланың салқар төсін жаудан қорғау үшін заманында еңку-еңку жер шалған батыр бабалардың басы қайда қалмады?! Олардың жай тапқан бейіттерінің бүгінге жетіп, елге белгілі болғанынан, жел мен жаңбырдың, уақыттың сорабымен жоғалып, ұрпағына белгісіз болып қалғандары да көп екені рас. Олай болса, осы мақалаға арқау болған жайттар қосымша тарихи деректі құжаттармен дәлелденіп жатса, нұр үстіне нұр болғаны.
Жақыпжан НҰРҒОЖАЕВ