Әр халықтың белгілі бір сандарға қатысты ырымдары мен тыйымдары, өзіндік наным-сенімдері бар. Әлем халықтарында негізінен жұп сандардан гөрі тақ сандар бағаланатыны белгілі. Тақ сан – көптеген ұлттарда сәттілік символы. Бірақ 13 дегенде еуропалықтардың зәресі ұшады. Ал жапон, корей, қытай ұлттарының өкілдері төртті, тіпті, «өлімге» теңеп жатады. Өйткені Шығыс Азия елдерінің тілінде 4 «о дүниеге аттануды» бейнелейді. Мәселен, жапон тілінде төрт «ши» деп дыбысталады. «Өлімді» білдіретін иероглиф те «ши» деп оқылады. Корей тілінде де осындай сәйкестік салдарынан төртті жаманат белгісі деп есептейді.
Жапонияда перзентханалар мен ауруханаларда «төртінші» нөмір болмайды. Ал төртінші қабатты «шикай» емес, «йонкай» дейді. «Йон» – 4 санының екінші оқылуы.
Шығыс Азия халықтары 4 санын қоғамдық өмірде қолданбауға тырысады. Мәселен, аталмыш мемлекеттерде перзентхана, ауруханалар ғана емес, лифт нөмірлерінен де 4 цифрын кездестірмейсіз. Тұрғын үйлерде 4-ші нөмірлі пәтер жоқ. Көшедегі көліктердің нөмірінен де бұл цифр байқалмайды. Сондай-ақ Шығыс Азия халықтары нөмірінде 4 саны бар ұшаққа мінуден қорқады.
Төртті қасірет символы деп білу сонау ежелгі Хэйан дәуіріне де тән. Хэйан дәуіріндегі мемлекет қайраткері Фудзиварано Санэсукэнің 982 жылғы «Оуки» деген кітабында (тарихи күнделік) «Төрт адамды жаман ырымға балап, бес адам деп бекіттім» деп жазылған. Жапония атадан жеткен ырым-тыйымдарды күні бүгінге дейін қатаң сақтап отыр. Қазіргі кезеңдегі 4 санымен байланысты нақты мысалдар келтірсек, Шидзуока қаласы, Суруга ауданындағы автотұрақта 4 нөмірі жоқ. Ал ауруханалар мен тұрғын үй пәтерлерінің реттік санында 4 мүлдем қолданылмайды. Мысалы, №203 пәтерден кейін №205 пәтер тұр.
Темір жол желісінде де 4 саны қолданылмайды. Мысалы, Такамацу Котохира электрлік темір жолында санақ 40-қа жетпей, 39-бен бітеді. Азық-түлікке қатысты да 4 санын пайдалану жаман ырым саналады. Жапонның спорттық командаларында 42 тәрізді реттік нөмір қолданылмайды. Жапон тілінде 24 (ниши) – екі рет өлу, 33 (сандзан) бақытсыз, қасіретті деген иероглифтердің оқылуымен сәйкес болғандықтан сәтсіз цифрлар саналады. Жапонияда 9 саны да азапталу иероглифімен мәндес. Бұл мемлекеттің ауруханаларында 9-нөмірлі палата жоқ. Тоғыздың азапталуды білдіретін «курушиму» деген сөзге негіз болатын «ку» иероглифімен дыбысталуы бірдей болғандықтан ауруханаларда тоғызыншы қабат, тоғызыншы палата деген атымен жоқ. Бұл тілдік ерекшелік тек жапон тіліне ғана тән болса керек. Бұл тек ауруханаларға ғана емес, тұрғын үйлерге де қатысты. Жапондар 3, 5, 7, 8 сандарын киелі деп біледі.
Қытайда да 4 санын кейбір салаларда қолданбайды. Мысалы, Қытайдың әскери әуе кемелерінде бұл цифр жоқ. Қытайда бесті бейнелейтін иероглиф пен «жоқ» деген ұғымды білдіретін сөз «wǔ» деп оқылады. Бір қызығы, бұл елде иероглифтік тұрғыдан оқылуы «өлім жоқ» деген мәнді білдіретін 54 саны жақсы ырымға баланатын көрінеді. Қытайда 14 саны (shísǐ) «он рет өлу» және «шынымен өлу» деген мәндегі иероглифтің оқылуымен сәйкес болғандықтан, жақсы санға жатпайды.
Шанхайдағы ғимараттарда 4, 13, 14 нөмірлі лифт түймелері жоқ. Қытайда үйдің нөмірі 4 санына сәйкес келсе, 3b немесе 3+1 деп таңбаланады. Қонақүйлерде де 4 нөмірлі бөлме немесе қабат көрінбейді. Бұл елде де автокөлік нөмірлеріне 4 саны қосылмаған. Төртпен байланысты 14, 24, 54, т.б. сандар да сәтсіздікке әкелетін нөмір деп танылған.
Вьетнамдар төрттен гөрі үш санынан қорқады. Өйткені қатыгездікті бейнелейтін иероглиф пен үш санын бейнелейтін таңбаның оқылуы бірдей екен: (tam). Вьетнам халқында үш саны жамандыққа баланады. Вьетнамдар төртті де жақсылық нышаны деп есептемейді. Бұл елдегі ғимараттарда «екінші қабаттың» үстіне бірден «бесінші қабат» орналасқан.
Жапон, корей, қытай отбасыларында адам науқастанып қалса, төрт (ши, шы, са) деген сөзді дыбыстамайды. Жапон тілінде жаман ырым шақыратын сандарды имикадзу дейді. Кейбір жерлеу рәсімін өткізетін компаниялардың телефон нөмірі 4444 болып жазылады.
Шығыс Азия мемлекеттерінде 4 саны бар немесе 4 саны көбірек қамтылған телефон нөмірлері арзан бағамен сатылады. Ал «Nokia» компаниясы Шығыс Азия мемлекеттеріне шығаратын ұялы телефон модельдеріне 4-пен байланысты атау қоймаған. Себебі бұл аймақтағы халықтар ежелден наным-сенімдерін бұзбай, берік ұстанып келеді.
Шетелдік ұялы телефон компанияларының Шығыс Азия елдеріне 4 нөмірлі өнімдерді шығармауы мынандай оқиғамен байланысты болса керек. Осыдан біраз жыл бұрын фин компаниясы Nokia 3310 модельді өнімдерді сатылымға шығарғаны белгілі. Ұялы телефонның осы түрі жылдам сатылып кеткен соң компания бұрынғыдан гөрі жетілген Nokia 3410 моделін нарыққа шығарады. Алайда Азия елдерінде аталмыш марка өтпей қалады. Әлем бойынша миллион санды ұялы телефонның тек 148-і ғана сатылады. Сатылымдағы бұл сәтсіздіктің себебін компанияның басты кеңсесінің тазалықшысы непалдық азамат түсіндіріп берген екен. Ол жалпы Азия халықтарының танымында төрттің сәтсіз сан екенін, сондықтан аталмыш аймақ тұрғындары осы цифр жазылған тауарды алудан қашатынын жеткізеді. Содан бері шетелдік ұялы байланыс компаниялары Шығыс Азия елдері үшін 4 санын телефон маркаларына қолданбайды.
Шарафат ЖЫЛҚЫБАЕВА