Қандай қаламгер, қандай ұлтжанды тұлға еді. Бет-жүзге қарамайтын, шындықты шырылдатып айтатын, қаламынан замана зары төгіліп тұратын жазушы-қайраткер болатын. Енді қазақ елінде Шерағаң да «Бір кем дүниеге» айналып кетті.
Шерхан Мұртаза шекпенінен шыққан қазақ қаламгерлері, оқырмандары аза тұтып отыр. Ол өз заманының запыранын айта алған, жаза алған нағыз халық жазушысы.
Ұлы қаламгердің орны ойсырап тұрғалы қашан?! Дерт дендеп, өлім мен өмір арпалысып жатты. Бірақ Шерағаң айтатын сөзін айтып жатты. Ол жақсылыққа қуана да білді, кемшілікке күңірене үн қатты. Енді ол жоқ. Төле би бабамыз дүние салғанда Әйтеке би айтыпты:
– Төле би өлді дегенше әділет өлді десеңші, – деп. Міне, Шерағаңның өлімін қалың қазақ осылай қабылдап отыр.
...«Егемен Қазақстан» газетіне Шерағаңды кеңесшілік қызметке шақырғаным жадымда жаңғырып тұр.
– Батыр, жазғанымды қысқартпасаң, өңдемесең келісем, – деп қолын ұсынып еді сонда Шерағаң.
Қол алысу Алла атымен серттесумен бірдей. Осылай «Егеменде» Шерхан Мұртаза мен Камал Смайыловтың бір жарым жылға созылған хаттарын жариялап едім.
– «Камал дос, сен XXΙ ғасыр Қазақстан ғасыры дейсің. Рас шығар. Бірақ сол алтын мен күмістен күптелген сандықтың үстінде қазақ неге жалаңбұт отыр» деп жазбап па еді Шерағаң!
...Шерағаңмен Парламент Мәжілісінде депутат та болдық. Егемен еліміздің алғашқы жылдарында қиындықтар аз болған жоқ. Үкіметті сынға алатын санаулы ғана депутаттар болды. Соның серкесі – Шерағаң еді. Шерағаң айтқан тағы бір сөз ұмытыла ма? Бюджетті талқылау сәті еді. – Қаратай дос, (Тұрысов. – У.Қалижан) енді бұл үкіметті қанша қусаң да бір де бір құмалақ түспейді дейсің, ендеше мұндай үкіметтің халыққа не керегі бар, – деген де Шерағаң еді.
Шерағаңның әр сөзі адамның санасына сіңіп, бүкіл жан дүниеңді қозғап жібереді. Мына сөздерге назар аударалықшы:
«Қып-қызыл өтірікті көтере беретін осы дүние ғана. О дүниеге ондай қулық өтпейді».
«Рухани әлемі кең, рухы биік ел − қайсар ел. Ондай елді ешкім жеңе алмайды. Рухы сынған, рухани жүдеген елді жеңу де жеңіл».
Міне, Шерағаң, Шерхан Мұртаза ағамыздың өмірден рухы осылай сынбай өтті. Өзі айтқандай «О дүние ондай қулық өтпейтін» мәңгілік әлемге Шерхан Мұртаза тазалықтың, әділдіктің, шыншылдықтың ақ жебесі болып аттанып бара жатыр.
...Орта ғасырдағы Шығыстың атақты шайыры Руми айтыпты:
«Ұлы адамдардың бейітін жер бетінен іздемеңдер, олар өз халқының жүрегіне жерленеді» деп. Шерағаң, Шерхан Мұртаза да өз халқының, өз ұлтының жүрегіне жерленетін ұлт тұлғасы. Азалы қазақ жұртына көңіл айтамын! Бақұл болыңыз, жан аға!
Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ