Кеше Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның тең төрағасы Жармахан Тұяқбай және партияның бір топ басқа белсенділері Алматының Түрксіб ауданындағы Бақай шағын ауданының тұрғындарымен кездесу өткізді.
Кездесу барысында партия белсенділері өздерінің сайлауалды тұғырнамасымен таныстырып, елді одан әрі демократияландыра түсу реформаларын енгізу бойынша бірқатар ойларын ортаға салды. Соның ішінде кейбір мемлекеттік органдардың сылбыр жұмыстарына қатты сындар айтылды.
Кездесу кезінде Жаңаөзен оқиғалары бойынша да ЖСДП ұстанымдары жария етілді. Партия белсенділері ондағы жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырғандар мен өртеу, қирату, бүлдіру істеріне белсене қатысқандарды прокуратура органдары тауып, заңға сәйкес тиісті жазасын берулері керектігін айтты. Сонымен бірге, кейбір, от қаруын орынсыз қолданған полиция қызметкерлері де жазасын тартулары керек деген ұсыныстары бары жеткізілді. Жаңаөзеннің әлеуметтік мәселелері де тезірек шешіліп, жұмыстан заңсыз шығарылғандардың қалпына келтірілуі қажеттігі де сөз болды.
Жиналған тұрғындар тарапынан көптеген сұрақтар қойылды. Соның ішінде осы шағын аудан тұрғындарының әлеуметтік мәселелерін шешу жеткілікті дәрежеде орындалмай жатқандығы сөз болды. Әсіресе, қоғамдық көлік, жол, сумен қамтитын қызметтер саласына бірталай сындар бар екені белгілі болды.
Үстіміздегі жылы Алматы қалалық мәслихатының шешімімен шағын ауданның «Бақай» атауы өзгеріп, ол «Жас қанат» деген жаңа ат алған болатын. Содан бері мемлекеттік жер актілері қолдарында бар азаматтардың бірқатары қалалық тіркеуден өтіп, қаладағы барлық әлеуметтік қызметтердің пайдасын көріп отыр. Ондай отбасылардың саны 400-ге жуық. Ал жерді стихиялы түрде басып алып, тұрғын үйлерді орынды-орынсыз салып алғандар әлі күнге құжаттарын толық алып үлгерген жоқ. Осындай тұрғындардың ЖСДП белсенділеріне айтқан өтініштері де, түрлі қызметтерге айтқан сындары да көп болды.
Жалпы, кездесу екі тараптың да қызығушылығын тудырған өткір пікірсайыс түрінде өтті.
Жақсыбай САМРАТ.