Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапармен Финляндия Республикасына келді. Бүгінде Қазақстан-Финляндия қарым-қатынастары жоғарғы деңгейге шығып, екі мемлекет халықаралық және өңірлік маңызды мәселелер бойынша бір-біріне белсенді қолдау көрсетіп отырған сенімді серіктес және саяси әріптес болып есептеледі.
Мемлекет басшысы Финляндияға сапарының алғашқы күні Хельсинкиде «Nokia» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Ристо Сииласмаамен кездесті.
Қазақстан Президенті «Nokiа» бренді телекоммуникациялық саладағы жетістіктері арқылы әлемге танылғандығын және компания Қазақстанның сенімді серіктесіне айналғандығын атап өтті.
– «Nokiа» компаниясы 2007 жылдан бері біздің елімізбен қарым-қатынас орнатты. Қазіргі күні компанияның қаржы айналымы 20 млрд АҚШ долларын құрайды, – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев компания басшылығына Қазақстанда автоматтандыру, роботтандыру және жасанды интеллект әдістерін өндіріске енгізу арқылы еңбек өнімділігін арттыру қолға алынғандығы туралы айтып, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының енгізілуіне жеке тоқталды.
Өз кезегінде Ристо Сииласмаа аталған кездесуге мүмкіндік жасағандығы үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғысын білдіріп, қазақстандық компаниялармен қарым-қатынас орнатуға мүдделі екендігін жеткізді.
– Сіз әлемде өте танымал тұлғасыз және технологиялық дамудың маңызын түсінетін санаулы мемлекет басшыларының бірісіз. Мен Сіздің цифрлы технологияларға аса көңіл бөлетіндігіңізді білемін, – деді Р.Сииласмаа.
Кездесу соңында тараптар жаңа байланыс технологияларын, оның ішінде инновациялық экожүйені дамыту мен экономика салаларын цифрландыру жобаларына 5G стандарттарын енгізу мәселелерін талқылады.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Финляндия бизнес өкілдерімен кездесуі жылы шырай, ашық-жарқын әңгімеге негізделді. Оның да бір сыры бар. Мемлекет басшысы Хельсинкиге осыдан 9 жыл бұрын мемлекеттік сапармен келгенде Финляндияның бизнес-капитандарымен арада дәл осындай жоғары нәтижелі сұхбат болған еді.
Бұл жолы Мемлекет басшысымен кездесуге тек Суомида ғана емес, Еуроодаққа, тіпті әлемге танымал кәсіпкерлер қатысты.
Нұрсұлтан Назарбаев Финляндия Республикасы Қазақстанның маңызды сауда-экономикалық серіктестерінің бірі екенін атап өтіп, екі ел арасындағы қарым-қатынастар достық пен өзара сенімге негізделгенін айтты.
Тәуелсіздік жылдары Финляндия Қазақстанға 300 миллион АҚШ долларынан астам инвестиция құйды. Қазақстанда фин капиталының қатысуымен түрлі салаларда 100-ге жуық кәсіпорын тіркелген, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның тиімді бизнес жүргізу үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын айтып, бүгінгі кездесудің мақсаты экономикалық қарым-қатынастарды жандандыру және жаңа әріптестер іздестіру екенін атап өтті.
– Инвесторлармен және бизнес өкілдерімен өзара тиімді іс-қимыл жүргізу мақсатымен «Қазақ Инвест» және «Қазақ Экспорт» ұлттық компаниялары құрылды. Президент жанында Шетел инвесторларының кеңесі жұмыс істейді. Металлургия, мұнай өңдеу, машина жасау, химия, азық-түлік өндіру сияқты басым бағыттағы инвестициялық жобаларды іске асыру барысында корпоративтік, жер және мүлік салықтарынан босату қарастырылған, жер қойнауын пайдалануға лицензия алу және келісімшарттар жасасу тәртібі жеңілдетілген. Сондай-ақ шетелдерден жұмыс күшін тарту ісі квотасыз әрі рұқсат алусыз жүргізіледі, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы жиынға қатысып отырған бизнесмендерге Қазақстанда жүргізіліп жатқан ауқымды жекешелендіру жөнінде және бұл іске шетелдерден, соның ішінде фин инвесторларынан сұраныс бар екенін айтты.
– Біз Финляндия-Қытай бағыты бойынша Қазақстан аумағы арқылы өтетін жаңа темір жол ашқанымызға қуаныштымыз. Енді бұл бағыт бойынша және кері қарай жөнелтілетін контейнерлік тасымал уақыты теңіз жолына қарағанда 4 есе қысқарады, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге мемлекеттік қолдау көрсету мәселелеріне тоқталып, фин компанияларын агроөндіріс кешеніндегі жобаларды іске асыру үшін белсенді атсалысуға шақырды.
– Қазақстан экономиканы жедел жаңғыртуға, жаңа технология мен инновацияны енгізуге бет алды. «Цифрлы Қазақстан» арнайы мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда. Фин компанияларының осы саладағы тәжірибесін ескере отырып, бұл біздің ынтымақтастығымыз үшін перспективті алаң бола алар еді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы «Астана» халықаралық қаржы орталығының артықшылықтары және соның жанынан ашылған жоғары технологиялық биржа жөнінде айтып, осы жобаны жүзеге асыруға Шанхай қор биржасы мен NASDAQ америкалық биржасының атсалысқанын атап өтті.
– «Астана» халықаралық қаржы орталығының «жасыл», исламдық және инновациялық қаржы құралдарын дамытудың өңірлік орталығына айналуға толық мүмкіндігі бар. Фин компанияларын осы орталықтың жұмысына атсалысуға шақырамын, – деді Қазақстан Президенті. Кездесу соңында Нұрсұлтан Назарбаев фин кәсіпкерлері екі ел арасындағы бизнесті дамыту және өзара тиімді әріптестікті нығайту үшін Қазақстанда жасалып отырған барлық мүмкіндіктерді пайдаланатынына сенім білдірді.
Атап өтерлігі, Қазақстан мен Финляндияның сыртқы сауда айналымы 2017 жылы 307,9 млн АҚШ долларын құрады. Ал 2018 жылдың қаңтар-шілде айларында сауда айналымы 160 млн АҚШ долларына жеткен. Соңғы 13 жылда (2005 жылдан 2018 жылдың 1 тоқсанында) Қазақстанға Финляндиядан тартылған тікелей инвестиция көлемі 334 млн АҚШ долларын құрады. Бүгінде Қазақстанда фин тарапымен бірлескен кәсіпорындардың саны жүзден асып жығылады.
Қазақстан-Финляндия сауда-экономикалық қарым-қатынастарының негізін химия, жеңіл өнеркәсіп, тау-кен-металлургия кешені, құрылыс материалдарын шығару, жоғары технологиялық сыр өндірісіндегі байланыстар құрайды.
Қазақстан-Финляндия қарым-қатынастары «жасыл» экономика саласында да қарыштап дамып келеді. Нақтырақ айтқанда, 2013 жылы Қазақстан мен Финляндия арасында «жасыл» экономиканы дамыту және жаңғырту саласындағы ынтымақтастық туралы Декларацияға қол қойылғаны белгілі. Ал 2014 жылы Финляндия Республикасы «Алтын көпір» ықпалдастық бағдарламасы туралы хартияға қол қойды. Оған қоса, 2017 жылы «жасыл қаржыландыру» аясында Қазақстанға Еуропа даму және қайта құру банкі арқылы 1 млн еуро бөлінді.
Елбасы сапарының аясында Қазақстан машина жасаушылар одағы мен Финляндия салалық технологиялар федерациясы арасында машина жасау саласында өзара іс-қимыл және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Бұл экономиканың көптеген саласында, атап айтқанда инженерия, стартап жобалар, жаңа технологиялар, инновация мен машина жасау салаларындағы 1600 кәсіпорынның жұмысын үйлестіріп отырған федерациямен келісімнің болашағынан зор үміт күтілуде. Қазақстан машина жасаушылар одағының басқарма төрағасы, Мәжіліс депутаты Мейрам Пішембаевтың айтуынша, жаңа келісім екі ел арасындағы бизнес-жобалардың дамуына серпін беруі тиіс. Сонымен қатар Финляндия салалық технологиялар федерациясын «Nokiа» компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Ристо Сииласмааның басқаруы қазақ-фин іскерлік байланыстарының көкжиегін кеңейте түспек.
– Бұл келісім Қазақстан-Финляндия кәсіпкерлеріне «бір терезе» қағидаты бойынша байланысуға мүмкіндік ашады. Соның нәтижесінде әлемде инновациялық жаңашылдықтары, тың ойлары арқылы ойып тұрып орын алатын Финляндия бизнес өкілдерімен сауда-экономикалық байланыстар нығая түспек, – деді келіссөздер қорытындысы бойынша сұхбат берген М.Пішембаев.
Жалпы, Мемлекет басшысының Финляндия Республикасына ресми сапары аясында бірінші күні 20-дан аса коммерциялық құжатқа қол қойылды. Ал бүгін қол қойылуы тиіс құжаттар қатарында Қазақстанның Энергетика министрлігі, сондай-ақ Финляндияның Экономикалық даму және қамту министрлігі және Финляндияның қоршаған орта министрлігі арасында энергетика және «жасыл» экономика саласындағы стратегиялық ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум және Қазақстанның Инвестициялар және даму министрлігі мен Финляндияның Көлік қауіпсіздігі жөніндегі агенттігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум бар.
Елбасы сапары бүгін де жалғасады.
Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»
Хельсинки (Финляндия)