• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қазақстан 21 Қазан, 2018

Дәрігер телефонмен кеңес береді

578 рет
көрсетілді

«Елбасы халыққа арнаған дәстүрлі Жолдауларында денсаулық сақтау саласын назардан тыс қалдырған емес. Мемлекет басшысы алғашқы медициналық-санитарлық көмектің әсіресе ауылды жерлерге дейін қолжетімді болуын қамтамасыз ету керектігін айтты. Яғни, медициналық орталықтардың техникалық базасын көтеріп, дәрігерлердің біліктілігін арттыруымыз қажет. Жаңа технологияны көбейту, учаскелік дәрігерлердің мойнына артылған жүкті жеңілдету, сандық технология және электронды жүйеге толықтай көшу арқылы еліміздің медицинасы дами түседі. Бұл қадамдар алдағы уақытта телефонмен дәрігерден кеңес алуға жетуге жол ашады», – деді таяуда Түркістан қаласындағы бірқатар емдеу мекемелерін аралап, тыныс-тіршілігімен танысқан Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.   

Министр осы сапарында жоғары медициналық колледждің жұмысымен танысты. Еліміздегі ең үздік колледж атанған білім ордасының техникалық базасы заманауи қондырғылармен толық жабдықталған. 1965 жылы негізі қаланған білім ошағында бүгінде 2,5 мыңға жуық студент білім алуда.

Кездесу барысында аймақ басшысы Жансейіт Түймебаев колледж студенттерін сапалы білім алып, алдағы уақытта Түркістан қаласында жаңадан ашылатын 8 бірдей медициналық мекемеге жұмыс істеуге шақырды. Министр 2013 жылы ашылған 500 орынға лайықталған қалалық емханаға да ат басын бұрды.Бүгінде емдеу мекемесіндегі қызмет көрсету 100 пайыз сандық жүйеге көшкен.

Елжан Біртанов іскер басшы Мұқан Егізбаев басқаратын Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасы қолданысқа енгізген осы жүйені еліміздегі өзге мекемелерге үлгі ету керектігін жеткізді. Яғни, келесі жылдан бастап, барлық емханалар мен ауруханалар медициналық құжаттарды қағазсыз, цифрлық нұсқада жүргізуге көшуге міндеттелген. Бұл азаматтардың денсаулық сақтау кітапшаларының электронды нұсқада жасауға, емдеу мекемелердегі ұзын-сонар кезектерді жойылуына, бюрократиядан арылуға, қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік бермек.

Ғалымжан Елшібай,

«Егемен Қазақстан»