Бұл күндері облыста жергілікті Ассамблея жанынан 36 этномәдени бірлестіктің басын қосқан 140-қа жуық қоғамдық кеңес құрылды. Сонымен қатар 2 қалалық, 123 ауылдық кеңес жұмыс істеуде. Кеңестің мақсаты – елде этносаралық, конфессия аралық бірлікті сақтау.
Екібастұздағы «Достық үйінде» 12 этномәдени бірлестік жұмыс істеуде. Этно-мәдени бірлестіктердің «Дулкын», «Гюзал-ай», «Славяночка», «Світанок», «Маршо», «Бояхад», «Зодоринка» сияқты өнер ұжымдары қалада өтетін барлық мәдени мерекелік шаралардан қалмайды.
Қазақ тілін оқып-үйрену этно-мәдени бірлестік мүшелерін патриоттық рухта тәрбиелеуге ықпал етеді. Әр этно-мәдени бірлестікте мемлекеттік тілде қарым-қатынас жасауға, өз ана тілін оқып үйренуге барлық жағдай жасалған. Өздерінің ұлттық салт-дәстүрлерін жаңғырту этно-мәдени бірлестіктерінің мүшелерін біріктіреді. Этно-мәдени бірлестік қаладағы «Үміт» балалар үйімен, орта арнаулы және жоғары оқу орындармен бірлесе мәдени шаралар өткізеді.
Өткен жылы «Достық» үйінде «Полония» атты поляктар бірлестігі балалар ансамблі құрылды. «Возрождение» немістер мәдени орталығы немiс тiлiнiң зерттелуiне көңіл бөлінедi. Немiс тiлiн үйретуге жұмсалатын шығындарды Гете атындағы Немiс мәдениет орталығы төлейдi.
«Братство» атты славян орталығы жыл сайын «Славян жазбасы мен мәдениетінің күндерін» өткізеді. Татар-башқұрттардың «Шатлық» бірлестігі «Сабантой» ойын-сауық кештеріне шақырады. Шешен-ингуштардың «Вайнах» және әзербайжандардың «Әзербайжан» бірлестіктерінде Ораза айында мүмкіндіктері шектеулі балаларға «Достық» үйінде қайырымдылық ас беріледі. Украиндардың «Світанок» бірлестігінің жанында «Дударыки» балалар ансамблі мен «Світанок» хоры ән салады. Корейлердің «Чосон» және еврейлердің «Бэяхат» бірлестіктері ортақ іске жұмылған.
Облыстық Ассамблея жанындағы Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Идаят Әбдіхалықовтың айтуынша, Ассамблеяның облыстық филиалы бұл күндері өңірдегі аудандарды, қаладағы кәсіпорындарды аралап, кездесу өткізуде. Елбасы Жолдауы – басты тақырып. Тақырып жүгі салмақты. Қоғамдық келісім кеңесінің өкілдері алғашқы кездесулерін өндірісті қала Екібастұздан бастады.
Кеншілер қаласына келген филиал өкілдерін қала әкімі Нұржан Әшімбетов қарсы алды. Барлығы да қалалық әкімдікте өткен жалпы жиын барысында бас қосты. Қоғамдық келісім кеңесі, медиация мамандары бірлесіп кеңеске келген кіші Ассамблея өкілдеріне биылғы Жолдау жаңалықтарын талқылап, өздерінің жыл бойы атқарған жұмыстары жайлы есеп берді.
Жиында облыстық филиал төрағасының орынбасары Сейсенбай Жетпісбаев сөз сөйлеп, еліміздегі бүгінгі күннің жарқын жетістіктері – елдік пен бірліктің, түсіністіктің, татулықтың берекесі екенін айтып өтті. Өңірдегі Ассамблеяның 13 филиалы бар болса, облыстың қала, аудан орталықтарында, ауылдарда 83 этно-мәдени бірлестік және облыс орталығында 24 этно-мәдени бірлестік жұмыс істеуде.
Жолдауда Елбасы «Біз қашанда заман сынына тегеурінді іс-қимылмен төтеп беріп келеміз. Бұл – ең алдымен ел ынтымағының арқасы. «Ынтымақты елдің ырысы мол», дейді халқымыз. Бүгінгі кезеңнің де талабы оңай емес. Бірлігіміз мызғымаса, ынтымағымыз ыдырамаса, біз үшін алынбайтын асу, бағынбайтын белес болмайды» деп айтып өтті Сейсенбай Жетпісбаев. – Олай болса, біздер де осы талапқа сай бірлікте, ынтымақта жұмыс істеуіміз қажет.
Рухани келісім күні этно-мәдени бірлестіктер өнер ұжымдарының концертімен аяқталды.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
ЕКІБАСТҰЗ