Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауында айрықша назар аударылған көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту бағытында ауқымды жұмыс атқарылуда.
Салынып жатқан жаңа магистральдар біздің еліміздің барлық аймақтарын орталықпен байланыстырады. Жүк тасымалы жеделдеп, ел арқылы транзит көлемі артуда. Осы қатарда шекаралық өңірге жататын Атырау облысы аумағымен өтетін халықаралық транзиттік дәліздердің жоспарланған реконструкциясы болашақта шекаралас мемлекеттермен көпжақты ынтымақтастық шеңберінде өңірдің транзиттік күш-қуатын арттырып, нәтижесінде өңірдің экономикалық дамуына оң әсерін тигізетіні сөзсіз. Бірақ «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасымен салыстырғанда «Ақтөбе – Атырау – Астрахань» жобасында елді мекендердің айналым жолдары қарастырылмаған. Осы бағыт және «Атырау – Орал» автомобиль жолдарының транзиттік ағымы Атырау қаласының ішкі жолдары арқылы, Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласының ішімен «Доссор – Құлсары – Ақтау» жолы өтеді. Ол техникалық стандарттарға сай келмейді және жол қауіпсіздігі талаптарын бұзуға себеп болуда. Соның салдарынан облыста тек 2016-2017 жылдары және 2018 жылдың бірінші тоқсанында 74 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 47 адам қаза тауып, 142 адам түрлі жарақаттар алған. Алдағы уақытта жол қозғалыстарының қарқындауына байланысты жол қауіпсіздігі мәселелері қиындай түсері сөзсіз. Тағы бір күрделі мәселе – «Ақтөбе – Мақат» жол учаскесін реконструкциялауға байланысты республикалық тас жол бойымен Қызылқоға ауданы және әрі қарай Ақтөбе облысына бағытталған Маңғыстау облысынан және Жылыой ауданынан шыққан автокөліктер Мақат ауданының Доссор ауылын 260 шақырым айналып өтуге мәжбүр болып отыр. Аталған мәселелерді кешенді түрде шешу үшін республикалық меншікке берілген жол жабындысы толықтай бұзылған және барлық жерінде құрылымы тозған, ұзындығы 135 шақырым «Құлсары – Мұқыр» автомобиль жол учаскесін (желісін) қайта қалпына келтіру қажет. Бұл бір жағынан, Ақтөбе қаласынан Ақтау қаласына дейінгі жолды 120 шақырым қысқартуға, екінші жағынан, «Доссор – Құлсары» учаскесінің реконструкциясына және бөлек айналым жолдың құрылысына бюджеттен қосымша шығын шығармауға мүмкіндік береді. Осыған байланысты біз Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың атына сауал жолдап, «Ақтөбе – Атырау – Астрахань» дәлізі жобасын жүзеге асыру барысында Атырау қаласының айналым жолы құрылысы және Құлсары қаласының айналым жолымен қоса «Мұқыр – Құлсары» автомобиль жолын реконструкциялау мүмкіндігін қарастыруды сұрадық.
Ғұмар ДҮЙСЕМБАЕВ, Сенат депутат