Таяуда туған елге зәуі бір себеппен жол түскен. Жамағайынның жаназасы еді. Сексеннен асып барып қайтпас сапарға аттанған қарияның ақтық сапарына етжақын ағайыны, тілектес, ниеттес жұрт көп жиналды. Қатары селдіреп қалған ақсақал, қарасақалдың өзі бес-алты табақ. Алғашқыда байқамаппын бәрі бір өңкей Көкшетаудың базарында сатылатын ақ кигізден тігілген, желке тұсы желбірей айырылған қырғыз қалпақ киіпті. Құдды бір манаптардың ортасында отырған сияқты болады екенсің. Ел тынысы жайлы өрбіген жаяу әңгіме өрлеп барып басқа шыққан. Анығында басқа емес, бастағы қырғыздың қалпағына.
– Осы өзі тәп-тәуір қалпақ екен, – деді төрде отырған бір ақсақал. Әсіресе желді күні жақсы, құрқылтайдың ұясындай жып-жылы. Балалар әкеліп беріп еді. Басымнан тастамай киіп жүрмін.
Әлгі әңгімені қоштаған екінші бір ақсақал осы тараптағы аталы сөзін айтқан.
– Түлкі тымақ, құндыз бөріктің қарасы өшкен соң қырғыздың қалпағын кимегенде, нені киерсің? Жалаңбас қала жаздадық қой.
Намыссыздық демей, қайтерсің енді?!
Байқал БАЙӘДІЛ,
«Егемен Қазақстан»