Өткен аптада Жаңақорған ауданында халық ақыны Манап Көкеновтің 90 жылдығына орай мәдени шара өтті.
Манап Көкенов 1928 жылы 20 мамырда Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында дүниеге келген. 15 жасында дүбірлі додаларға қатысқан болашақ халық ақыны, 16 жасынан Қызыл отау меңгерушісі болып қызмет атқарды. Көзі тірісінде-ақ айтыс мектебі ашылған ақынның шәкірттері Замадин Ибадуллаев, Ниятолла Раманқұлов, Елена Әбдіқалықова, Әбілхайыр Сыздықов айтыстың ерен жүйріктеріне айналды. М.Көкенов айтыс ақыны ғана емес, мәдени және тарихи ескерткіштерді зерттеуші, халық мұрасын қастерлеп жинаушы және насихатшы бола білді. «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайының кітапханасын 3-4 ғасырлық тарихы бар 14 кітап пен деректі құжаттармен толықтырды. Сол секілді Сүгірдің ұстазы композитор Әлшекей Бектібаевтің 14 күйін зерттеп, оның 9 күйін қазақ телерадиосы арқылы эфирге шығарды.
Ақынның 90 жылдығына арналған мерейлі мерекеде Манап ауылы тұрғындарына тамаша тарту жасалды. 100 орындық Алла үйінің ашылу салтанатында «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің бас имамы Болатбек Әбуов ізгі тілегін білдіріп, Құран кітабын тарту етті. Облыстық мәслихаттың хатшысы Наурызбай Байқадамов, аудан әкімі Ғалым Әміреев пен бірқатар ардагер жылы лебізін білдіріп, ақ батасын берді.
Мерейтойға жиналғандар «Манап салған ізбенен» атты этно-көрме қалашығын араласа, «Ақын әлемі» театрландырылған қойылым көпшілік көңілінен шықты. Бұл кеште «Сүлейлердің соңғы тұяғы» атты ақынның таңдамалы жинақ кітабы мен «Manap.kz» сайтының тұсауы кесілді.
Ал М.Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінде халық ақынының бюсті ашылды. Сондай-ақ айтыстың ақтаңгеріне арналған республикалық ретро айтыс өтті, оған Абаш Кәкенов, Айтақын Бұлғақов, Дәулеткерей Кәпұлы, Бекарыс Шойбеков, Әбілхайыр Сыздықов сынды айтыс саңлақтары қатысты. Ақынның мерейтойына орай ұйымдастырылған шаралар спорт сайыстарымен жалғасын тапты. 2006-2013 жылы туған жасөспірімдер арасында таэквондодан облыстық ашық турнир өтті. Спорттық шараға Қызылорда қаласы, Шиелі және Жаңақорған ауданынан келген сегіз команданың 163 спортшысы қатысты.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»