• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
Қазақстан 26 Қазан, 2018

Еуразиялық тамырластық ендіктері

463 рет
көрсетілді

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Еуразия халықтарының тарихи-мәдени мұраларын зерттеудің өзекті мәселелері» атты XV Еуразиялық ғылыми форум өтті. 

Форумның мақсаты – Елбасы ұсынған рухани жаңғыру контексінде Еуразия халықтарының тарихы, мәдени дәстүрлері мен рухани мұралары мәселелерін зерттеу және өзектендіру. Жиынға отандық және шетелдік ғалымдар мен Ресей, Болгария, Өзбекстаннан келген сарапшылар қа­ты­сып, орамды ойлары мен пайымды пі­кірлерін ортаға салды.

«Бұл форум дәстүрлі түрде өткізілуімен және ғылым саласында елеулі еңбек етіп жүрген ғалымдардың басын қосуымен ерекшеленеді. Дәстүрлі деп атауымның да сыры бар, себебі биыл ХV мәрте ұйым­­дастырылып отыр. Отандық және шетелдік ғалымдар жиылған бүгінгі басқосудың маңызы зор. Сонымен қатар шара аясында «Гумилев оқулары» да ұйымдастырылады. 

Еуразиялық ғылыми форум оқу-әдіс­­­те­­мелік емес, сонымен қатар ғы­лы­ми-­тәжірибелік бағытты да ұстанады. Сон­дықтан да осы күндері Қазақстан тарих­шыларының VІ конгресі өтіп, соның аясында, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының негізінде жарық көрген бірнеше кітаптың тұсаукесері өткізілетінін айта кеткен абзал. Осы іспетті маңызды мәслихаттар Еуразия халықтарының тарихы мен тамырын танып-білуге, халықтар достығын нығайта түсуге серпін берері сөзсіз», деді Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры, ҰҒА академигі Ерлан Сыдықов.

Ерлан Бәттәшұлы тізгінін ұстаған жиын­­да тарих ғылымдарының докторы,­ профессор, Ә.Марғұлан атындағы Ар­хеология институтының Астана қаласы филиалының бас ғылыми қызметкері, Герман археология институының кор­рес­пондент-мүшесі Зейнолла Самашев «Ерте сақ мәдени кешенінің қалыптасуы», Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяған «Қазақ мем­лекеттілігінің тарихы туралы жаңа деректер: Әбілхайыр Шайбани қозғалысының бағыты» тақырыбында баяндама жасады. Л.Н.Гумилев атындағы  ЕҰУ Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі, экономика ғылымдарының докторы, профессор Анатолий Башмаков «Қазақстанның өзіндік әлеуеті және қоғамдық сананы жаң­ғырту: синергияның әсері» жөнінде әңгіме өрбітсе, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және археология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зиябек Қабылдинов «ХVIII- ХХ ғғ. Отан тарихының өзекті мәселелері» тақырыбында сөз сөйледі. 

Сондай-ақ Болгариядан келген профессор Камен Величков «Жан-жақтылықтың бірлік принципі: еуропалық үлгі» тақырыбы төңірегінде баяндаса, Ресейден келген тарих ғылымдарының кандидаты, Новосібір мем­­лекеттік университетінің доценті Олег­ Митько «Біздің дәуіріміздегі бірінші мың­­жылдықтың бірінші жартысының со­ңын­дағы алтайлық тайпалардың Шығыс Еуропа даласына қоныс аударуының архео­логиялық дәлелдері» тақырыбында тартымды әңгімеледі. 

Форум аясында жеке бағдарлама бойынша өзге де шаралар өтіп, ғалымдар секция мәжілістерінде баяндамалар жасады. 

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»