• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
Қазақстан 26 Қазан, 2018

Баспана бағдарламалары басқа өңірлерге де үлгі

282 рет
көрсетілді

Қызылорда облысында тұрғын үй кезегінде 27 мың отбасы тұрса, оның 23 мыңы Қызылорда қаласына тиесілі. Осынша отбасы үй-жайын шешу үшін өз жағдайына тиімді жолдарды іздейді.

Ипотекалық бағдарламалар елдің бәріне бірдей қолжетімді емес. Көптеген отбасы ай са­йын белгіленген қаржыны тө­леу­ге қабілетті болғанымен банк ұсынған алғашқы 20-30 пайыз жарнаны төлеуге ақша­сы­ның басын құрай алмайды. Бүгінде айдалада жатқан бат­пан құйрық жоқ. Баяғы аста-төк замандағыдай тегін пәтер­лердің берілмейтіндігін Мем­лекет басшысы да қадап айтқан. Бар қар­жы­сына тұрғын үй құры­лы­сын салып, еселеуді мақсат тұт­қан инвестор ондай тәуекелге бара алмайды. «Үйдегі көңілді базар­дағы нарық бұзады» деген­дей, бүгінгі заман басқа. Тұр­ғын үй салудың қаншалықты ма­шақаты, тәуекелі барына салымшылардан қаржы жинап алып, басына тартса етекке жет­кізе алмай, борышқа батқан кәсіпорындар жақсы мысал болады. Инвесторлардың тегін үй салып беруге құлықсыздығын осыдан-ақ шамалай беріңіз.

Ал «өз үйім – өлең төсегім­сіз» өмір – өмір емес. Бастапқы қар­жыны құюға шамасы жет­пейтіндер қайтпек керек?!

Қызылорда облысының әкі­мі Қырымбек Көшербаев осы шаруаның ретін келтірді.

Өңірде бастапқы төлемсіз тұрғын үй алуға мүмкіндік бе­ретін «Орда» тұрғын үй құры­лы­сының Жол картасы әзірленгенін облыс әкімі халыққа есеп беру кездесуінде айтқан еді.

«Біз өңір тұрғындарының әлеуметтік осал тобын мейлінше қолжетімді тұрғын үймен қам­та­масыз етуді мақсат етіп қой­дық. Сол үшін 2017 жылы 3 жыл­ға есептелген «Орда» тұр­ғын үй құрылысының Жол карта­сын әзірледік. Несиелік тұр­ғын үйдің көпбалалы отбасы­лар, мүмкіндігі шектеулі және әлеуметтік аз қамтылған топта­ры­ның барлығына бірдей қолжетімді еместігін ескеріп, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып жатқан несиелік тұрғын үйлерді жергілікті бюджет есебінен сатып алуға жыл сайын облыстық бюджеттен 2 млрд теңгеден қаржы бөлу туралы шешім қабылдадық», деді ол.

Облыс әкімінің бастамасы қа­лай орындалып жатқандығы жу­­ырда «Нұр Отан» облыстық фи­­­лиалы ғимаратында өткен бри­­фингте де жан-жақты түсінді­­ріл­ген.

Облыста «Нұр Отан» партия­сының бастауымен бюджеттік сала қызметкерлеріне арналған «Қамқор баспана» және жас от­ба­сыларға арналған «Жас арман» жобалары қолға алынды. Бұл бағытта алғашқы жарна 20 па­йыз­дың 10%-ы облыстық бюджеттен ұзақ мерзімге, көмек ретінде беріледі. Негізі, «Нұрлы жол» мемле­кеттік бағдарламасы аясын­да 2018 жылы тұрғын үй құры­лысына 14 млрд теңге қаралған. Оның 6,1 млрд теңгесі тұрғын үй құрылысына, 7,9 млрд теңгесі инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның 50 жобасына бөлінді. Облыс бойынша 1747 пәтерге арналған 69 үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр.

Сала мамандары қатысқан жиында:

– Қызылорда қаласының сол жағалауынан 18 көпқабатты тұрғын үй жеке инвесторлар есебінен салынып жатыр. 14 үйдің 4 және 5-ші қабат­та­рында 248 пәтер «Орда» бағ­дар­ламасына қатысады. Жергілікті атқарушы органдар жеке инвесторлардан осы пәтерлерді сатып алады. Тұрғын үйге мұқ­таж отбасылар және осы бағ­дар­ламаға қатысушылар «Тұр­ғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-та депозит ашу керек. Біздің мақсатымыз – өңірдегі әлеуметтік осал топтағы отбасылар үшін тұрғын үйді қолжетімді ету, – деді облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменов.

Бағдарлама шарттарына сәйкес көпбалалы және толық емес отбасы, мүмкіндігі шектеулі жандар немесе мүмкіндігі шек­­теу­лі бала тәрбиелеуші отбасы, жетім балалар мен ата-ана­сының қамқорлығынсыз қал­ған балалар, І, ІІ топтағы мүге­дек­тер, жат жұрттардан келген қан­дастарымыз, мем­ле­кеттік қыз­мет­шілер және 35 жасқа дейінгі екі жыл некеде тұрған жас отбасылар бастапқы төлемсіз қатыса алады.

«Орда» бағдарламасының артықшылығы, осы санатқа жататын отбасылар ешқандай алдын ала 20-30 пайыз төлемсіз екі бөлмелі пәтерді ай сайын 42 мың теңге, үш бөлмелі пәтерді 52 мың теңге төлей отырып ала алады. Басында үйі жоқтар бұ­дан көп қаржыға пәтер жалдап тұратындығын ескерсек, бұл әлеуметтік жағынан аз қор­­­ғалған отбасылар үшін ай­рық­ша жеңілдік. Айта кетейік, Қы­зыл­орда облысының бұл тә­жі­­ри­бесі Үкімет тарапынан бас­­қа об­лыстарға да таратуға ұсынылды.

Мемлекет басшысының ха­лықты тұрғын үймен қамту туралы тапсырмасы Қызылорда облысында осылайша орындалып жатыр.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан»

Қызылорда облысы