Елордадағы «Дәулет» спорт кешенінде «Конфедерация Кубогы-2018» турнирінің қазақ күресінен іріктеу жарысы өтті. Бұл туралы Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясының баспасөз қызметі хабарлады.
Жарысқа 10 командадан 121 қазақ күресінің шебері қатысты. Командалық жарыста спортшылар боз кілемде 8 салмақ дәрежесі, яғни 55 кг, 60 кг, 66 кг, 74 кг, 82 кг, 90 кг, 100 кг, +100 кг салмақтарда белдесті. Нәтижесінде, төрт топтан үздіктер ірктеліп, әр топтың жеңімпаздары анықталды.
Осылайша биылғы қазақ күресінен конфедерация кубогының жартылай финалдық кезеңіне төрт команда жолдама жеңіп алды. Олар: «А» тобы - «Елорда батыры» СК (Астана қ) «B» тобы - «Qazaq kuresi» СК (Алматы қ) «С» тобы - «Қарағанды облысы қазақ күресі» СК (Қарағанды облысы) «D» тобы - «ЗАК КАР» қазақ күресі СК (Қарағанды облысы).
Естеріңізге сала кетсек, алғашқы жылы бес спорт түрінен өткен беделді бәсекенің бағдарламасына 2017 жылы ұлттық күрес енгізілген болатын. Іріктеуге сегіз аймақтан он клуб қатысып, Алматының «Qazaq kuresi» спорт клубы жеңімпаз атанған еді. Конфедерация Кубогы - барлық 14 облыс пен республикалық маңызы бар 3 қаланың командалары арасында бокс, грек-рим, еркін күрес, қазақ күресі, дзюдо және таеквондодан өтетін республикалық маңызы бар турнир. Бұл сайыстың ерекшелігі сол, спорттың барлық түрлерінен болатын финалдық ойындарды көрермендер бір мезетте тамашалай алады.
Турнир биыл үшінші мәрте жалауын көтеріп отыр. Конфедерация Кубогы 2016 жылдан бастап өткізіліп келеді.
Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»