• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 29 Қазан, 2018

Биология ғылымының болашағы бұлыңғыр

6004 рет
көрсетілді

Қазақстанда биология ғылымының даму тарихы ең қиын кезеңдердің бірі – Ұлы Отан соғысы кезінен бастау алады. Сол кездегі экономикалық жағдайдың қиындығына қарамастан, бірқатар ғылым саласын, соның ішінде биологиялық бағытты қарқынды дамыту туралы республика басшылары нақты шешімдер қабылдады. Бұл экономиканы дамытудағы негізгі қажеттілік, сондай-ақ халықты өнеркәсіптік тауарлармен, дәрі-дәрмек, азық-түлікпен қамтамасыз етуге тікелей байланысты еді.

Елімізде биология ғылымының негізгі салалары – ботаника, зоология, микробиология, вирусология, фи­зио­логияның қарқынды дамып жатқандығын, сондай-ақ жаңа заманауи бағыттары – молекулярлық биология, генетика, биотехнология сияқты салалардың өз дәрежесінде орын ала бастағанын атап өту қажет. Со­нымен қатар өткен ғасырдың 70-90-жылдары арасында биотехноло­гия саласы қарқынды дами бастады. Ал 90-жылдардың басында Қазақ­станның биология ғылымы айтар­лықтай жетіс­тіктерге ие болды. Атап айтқанда ғылыми-зерттеу инс­ти­туттары қажетті құрал-жабдық­тармен, заманауи өнді­рістік базала­рмен жабдықталып, ғы­лыми ин­фрақұрылымы дамыған және жоғары білікті мамандармен толық қамтамасыз етілген ғылым саласы болып қалыптасты. 

Қазір Білім және ғылым министр­­­­­­­­­лігінің құрамында – 13, Ауыл ша­руашылығы министрлігінің құра­мын­да 22 ғылыми ұйым биологиялық бағытта жұмыс істейді. Алайда, биыл­ғы ғылыми жобаларға өткізіл­ген конкурс нәтижесі бойынша рес­публикалық бюджеттен өз дәре­жесінде қаржыландырылмай қалған бірқатар ғылыми-зерттеу институты бар, ал ғылыми институттар үшін бұл қаржының негізгі көзі саналады. Бұдан шығатын қорытынды біреу ғана – институттардың келешегі не болмақ? Одақ кезіндегі ғылыми мекемелерде еңбек еткен ғалымдардың тағдырына кім жауапты? Енді ғылыми жобаларға конкурс үш жылдан кейін ғана болатынын ескерсек, осы күнге дейінгі дайындаған мамандар­дан айырылып қалуымыз әбден мүм­кін.

Нақты дәлелдерге сүйенер болсақ, қазіргі уақытта Ғылым комитетінің «Зоо­логия институты» ШЖҚ» РМК-да жал­пы сомасы 8 млн теңге болатын 1 жоба ғана іске асырылуда, ал 6 зертханадан тек 1 зертхана қалған, оның құрамында 12 адам ғана еңбек етеді. Ал «Биобақылау, сертификаттау және клиника алдындағы сынаудың орталық зертханасы» РМК-да еш ғылыми жоба жоқ. Қызметкерлері жұ­мыстан босатылған, ал кейбірі жалақысы сақталмайтын демалысқа жіберілген. «Микроорганизмдердің рес­публикалық коллекциясы» РМК-ның 19 млн теңгені құрайтын 2 жобасы бар, 2 зертханасы қысқартылған. «Адам және жануарлар физиология­сы институты» ШЖҚ» РМК жалпы сомасы 40 млн теңге болатын 4 жоба бойынша еңбек етіп жатыр. Міне, цифрлар осылай жалғаса береді. Институттардың мүшкіл жағдайына дер кезінде назар аудармасақ, онда Қазақстандағы дамыған ғылымның тұтас бірнеше саласын жоғалтып алуымыз әбден мүмкін. Атап айтсақ, биологиялық әртүрлілікті сақтау мен оларды пайдалану, физиологиялық күйзелістерге қарсы тұрақтылықты арттыру, азық-түлік пен қайта өңдеу өнеркәсібін аса маңызды өндірістік микроорганизмдермен қамтамасыз ету және т.б. өзекті мәселелермен айна­лысатын ғылыми мекемелерден, онда еңбек етіп жүрген мамандардан, әсіресе жас ғалымдардан түбегейлі айырылып қалуымыз ғажап емес. Сондықтан қиын жағдайға тап болған биологиялық институттарға қолдау көрсетуге және еліміз үшін қажетті әрі өзекті саналатын ғылыми бағыттарды сақтау мақсатында мемлекет шұғыл түрде шара қолдануы қажет. Сонымен қатар кей институттар «мемлекеттің мойнына» отырып алмай, бәсекелестік ортаға шығуы тиіс. Оның ішінде ғылыми мектебі қалыптасқан, білікті мамандары бар және ғылыми еңбектерін өндіріске енгізіп, экономикаға пайда келтіріп отырған ғылыми мекемелер дербес орталық болып қайтадан құрылуы қажет, мұндай мекемелер мемлекет тарапынан қолдауға ие болуы тиіс. Ал ғылыми зерттеу нәтижелері төмен, мамандары жеткіліксіз кішігірім институттарды ұқсас бағыттағы мекемелермен біріктіру немесе университеттер құрамына беру қажет.

Заманауи постиндустриалды қо­ғамда «білім мен ақпарат» негізгі өнді­­рістік ресурс болғандықтан, ғы­лыми жаңалықтар – экономиканың негізгі қозғаушы күші. Сондықтан дамыған және дамушы көптеген елде ғылымға жұмсалатын шығын мөлшері үнемі өсіп отырады. ЭЫДҰ, ЮНЕСКО және Еуростат деректер қорында ұсынылған статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2017 жылы ішкі жал­пы өнімнен (ІЖӨ) ғылымға жұмсалған шығын пайыздық үлес­пен есептегенде: Израильде – 4,3%, Оңтүстік Кореяда – 4,2, Швей­ца­рияда – 3,23, Жапонияда – 3,21, Шве­цияда – 3,2, АҚШ-та – 2,79, Қытай­да – 2,07, Ресейде 1,1%-ды құрай­ды. Ал Қазақстанда stat.gov.kz­ пор­талындағы ресми статистика бо­йынша 2017 жылы ғылыми-зерттеу және тәжі­рибелік-конструкторлық жұ­мыс­тарға жұмсалған қаражаттың мөл­шері ішкі жалпы өнімнің бар-жоғы 0,13%-ын құрады. Демек, бұл отан­дық ғылымның сапасын және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін ғылымға жұмсалатын қаражатты әлі де болса көбейту қажеттігін мең­зейді.

Биологиялық ғылыми зерттеулер, әсіресе биотехнология саласы қазіргі заманғы ғылыми-техникалық революцияның негізі. Ғалымдардың жүргізген сараптамалық бағалауының нәтижелеріне сүйенер болсақ, 2025 жы­лы ғаламдық биоиндуст­рия на­­рығының деңгейі 2 триллион долларға жетеді, ал жеке на­рық сегменттерінің өсу қарқыны жыл сайын 5-7-ден 30 пайызға де­йін бо­латындығы анықталды. Бү­гін­де биопрепараттардың негізгі өн­діру­шілері АҚШ, Канада, Жапония және Еуропа елдері. Соңғы 10 жылда олардың қатарына ауқымды ғылыми өндірістік бағдарламалармен айналысқан Қытай, Үндістан, Бразилия сияқты дамушы елдер де қосылды. Ал еліміздегі отандық биопрепараттар өндірісі (ауыл шаруашылығы, ветеринария, өсімдіктерді қорғау, экология және медицина) баяу дамып келеді, тіпті жоқтың қасы деуге болады, яғни әлі импорттық өнімдерге тәуелдіміз.

Кеңестік кезеңде Қазақстанда био­препараттар өндірісі жоғары дә­режеге ие болған. Степногор қала­сындағы «Прогресс» өндірістік ке­шені одақтағы ең ірі кәсіпорын болатын және ауыл шаруашылығына арнап шығарған препараттары (жемдік ақуыз, аминқышқылдар, өсімдікті қорғау құралдары) сол кездегі био­препаратқа деген қажеттіліктің басым бөлігін қамтып отырды. Ал Алма­тыдағы биокомбинат Орталық Азиядағы ветеринария саласында қолдануға арналған, оның ішінде бруцеллез, Марек, Ньюкасл аурулары сияқты қауіпті инфекцияларға қарсы вакцина өндіретін ең ірі меке­ме болды. 90-жылдары бұл кә­сіп­орындар жұмысын тоқтатты. Осы жағдайларды ескере отырып, Қазақ­стан Президентінің 1993 жылы 21 қаңтардағы №1090 Жарлығымен рес­публиканың ғылыми-техникалық әле­уетін көтеру мақсатында, сондай-ақ ғылыми-техникалық прогрестің не­гізгі бағыттарын дамыту үшін бір­қатар мамандандырылған ұлттық ғы­лыми жаңа орталық құрылды. Оның қатарында Степногор қала­сындағы ғылыми-өндірістік Ұлттық биотехнология орталығы бар. Ор­талықтың даму стратегиясына сәйкес, қазақстандық ғалымдардың ғы­лы­ми зерттеулерінің нәтижелерін өнді­ріске енгізу, жаңа отандық техно­ло­гиялар мен биопрепараттар өнім­дерімен ауыл шаруашылығын, медицинаны, экологияны және т.б. салаларды қамтамасыз етуде негізгі алаң болуға тиіс-тін. Соңғы 25 жыл ішінде отандық биотехнологияны дамытуға мемлекет үлкен қолдау көрсетті, яғни құрылыс ғимараттарын салуға, заманауи жабдықтарды сатып алуға және ғылыми-техникалық бағ­дарламаларды іске асыру бағыттарына бірнеше ондаған миллиард теңге жұмсалды. Алайда, осы мекемені құру кезінде алға қойыл­ған талаптар мен мақсаттарға қол жеткізілді ме? ҰБО көмегімен жүзеге асырылған жаңа отандық ғылыми зерттеулердің нәтижелері өндіріске неге енбейді? Мақсатты ғылыми бағ­дар­ламаларға бөлінген қаражат шеңберінде жасалған жаңа отандық биопрепараттар шығарылып жатыр ма? Міне, сұрақ көп, жауап аз. Әзірге ҰБО жұмысының айтарлықтай нәтижесі көрінбей отыр. Әрине ҰБО-ның негізгі мақсаты – отандық биотехнологиялық өнімдерді шығару және коммерцияландыру. Яғни Ұлт­тық биотехнология орталығының қыз­метін қайта қараған абзал және басқа биологиялық бағыттағы меке­мел­ердегі ғылыми жетістіктердің нәти­желерін өндіріске енгізу һәм коммерцияландыру қажет. ҰБО негізінде Степногор қаласындағы филиалдарымен бірлесе отырып, шетелдік биотехнологиялық өнімдердің орнын алмастыру үшін биопрепараттарды шығаруға арналған заманауи өндірістік модульдер құру қажет. 

Бұл мәселе фармацевтика өнер­кәсібіне де тікелей байланысты. Дәрі­нің көпшілігі шетелден келеді. Елімізде дәрі-дәрмек өндірісі 11-12 пайызды ғана құрайды. Отандық дәрі-дәрмектің басым бөлігі шетелден сатып алынған шикізат негізінде жасалады. Мұны ғылыми тілде «дженериктер» деп атайды. Көптеген қазақстандық фармацевтикалық өн­дірушілер шетелден сатып алынған дәрінің шикізаттарымен тек таблетка немесе жақпамай жасаумен ғана айналысады, сондықтан да таза «отандық» деген сөз бұл препараттарға қол­дануға келе бермейді. Шын мәнін­де зертханалық үлгіден өнді­ріс­тік желіге дейін жеткізілген, яғни ши­кізатынан бастап дәріге дейін қа­зақ­стандық ғалымдардың әзірле­мелеріне негізделіп жасалған отан­дық түпнұсқалық дәрі-дәрмектер саусақпен санарлық. Сондықтан мемлекет фармацевтикалық өнеркәсіптің қарқынды дамуына және дәрілік заттар­дың отандық үлгілеріне мей­лінше қолдау көрсетуі қажет. Бұл негізгі әрі басым бағыттардың бірі бо­­луы тиіс.

Білім және ғылым министрлігінде гранттық және бағдарламалық-мақ­саттық қаржыландыру конкурстарына өтінім қабылдау мен қарастыру кезінде жеткілікті бақылаудың болмауы да жеке мәселе. Бүгінгі тәжірибеден байқағандай, айтарлықтай қайтымы жоқ шағын, нәтижесі бұлыңғыр ғы­лыми жобалар мен бағдарламалар Ғылым комитетіне жиі тапсырылып, кейде қаржыландыру үшін мақұлданып та жататыны баршаға аян. Ал шетелдерде нәтижесі мен практикалық маңызы жоқ жобалар мүлдем қаржыландырылмайды. Көптеген жағдайда ғылыми жобалар білікті мамандары жоқ, ғылыми зерттеулерді жүргізу үшін заманауи құралдар мен жабдықтармен қам­тамасыз етілмеген белгісіз ұйым­дардың атынан беріліп, кейбір сапасыз жобалар қаржыландырылып та жатады. Сондықтан ғылыми жобаларды қаржыландыру үшін іріктеу жүйесінің тиімділігін жетілдіріп, сапа­лы және түпкілікті нәтижеге қол жеткізуде жобаларды орындайтын ұйым басшылары мен жоба жетек­шілерінің жауапкершілігін арттыру қажет. Іргелі және қолданбалы зерт­теу­лерді қаржыландыруға да кө­ңіл бө­лу керек. Іргелі зерттеулерді грант­тық қар­жыландыру есебінен қарас­­тырған жөн және оған жалпы ғылымға бөлінетін қаржының 30%-ына дейін бөлу қажет. Ғылымға қи­сыны келмейтін, жанаспайтын және күмән келтіретін ұсақ жоба­лардан аулақ болған абзал. Ал қолданбалы зерттеуге келетін бол­сақ, мемлекеттің тапсырысымен ғы­лыми мақсатты бағдарламалар Үкімет жанындағы Жоғары ғылыми-тех­ни­калық комиссия (ЖҒТК) арқы­лы қаржыландырылуы тиіс. Бұл бағ­дарламаларға ғылымға бөлінетін қаржының жалпы сомасынан 30%-ға дейінгі мөлшерін бөлу орынды. Мақсатты бағдарламалар мемлекеттің өзекті әрі күрделі мәселелерін шешуге бағытталуы тиіс. Яғни тәжірибелік-өнеркәсіптік технологияларды әзір­леу, биопрепаратты өндірістік жағ­дай­да сынақтан өткізу, оның нәти­же­лері өндіріске енгізілумен аяқталуы керек.

Келесі кезең – «Ғылым қоры» АҚ көмегімен ғылыми немесе ғылыми-техникалық зерттеулердің нәти­желе­рін (жаңа технология, мал тұқымы, дақылдардың жаңа сұрыптары, биопрепараттар, медициналық дәрілер және т.б.) коммерцияландыру, өн­ді­ріске енгізу және сату. Ғылым қоры арқылы коммерцияландыруға бері­летін жобалардың ерекшелігі – бизнес-серіктестің жобаны қосым­ша қаржыландыруы. Бұл жоба нәти­жесін пайдаланатын бизнес өкіл­дерінің қызығушылығын арттырады, кейбір қажетсіз жобаларды қаржыландырудан сақтайды. Сонымен қатар ғылымды нақты өндіріспен ұштастыруға мүмкіндік береді. Бұған тағы бір қосымша шарт қойылуы тиіс. Жобадағы талаптар орындалмаған жағдайда, бөлінетін қаражаттың             20%-дан 30%-ға дейінгі мөлшерін мемле­кетке кері қайтаруы керек. Бұл ұйым басшыларының және жобаның ғылыми жетекшілерінің өтінімдерді беру, жүргізген зерттеу­лерінің нәтижелерін экономиканың тиісті секторына енгізу кезінде де жауап­кершілігін арттырады. Де­мек, тұтынушы тарапынан түпк­ілік­ті өнімге деген сұранысын қа­нағаттандыра алатын және мем- л­екет мүддесіне сай келетін инно­вациялық маңызды жобалар ғана қаржыландырылуы тиіс. Ал осы ин­но­­вациялық ғылыми зерттеулерді ком­мерцияландыруға бөлінетін жалпы қаржының кемінде 40%-ын бөлу керек. Осылайша ғылымға арналған бюджет қаражатын бөлу ке­лесі тізбек бойынша жұмыс істеуі тиіс: іргелі зерттеулер – гранттық қаржыландыру негізінде; қолданбалы ғылыми мақсатты бағдар­ламалар – Үкімет жанындағы ЖҒТК арқылы мем­лекеттік тапсырыспен; ғылыми зерттеудің нәтижелерін коммерцияландыру – Ғылым қорының жобалары арқылы.

Еліміз егемендік алғаннан бері ғылым мен техниканың дамуына мән беріп отырғаны баршаға мәлім. Әрі қарай да ғылымға қаржы бөліне бермек, тек сол бөлінген қаржыларды тиім­ді пайдалану ғалымдардың өзде­ріне байланысты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев V Астана экономикалық фору­­мында «Бүгінгі таңда тек ғылым ғана әлемнің барлық елдеріне қатысты көкейкесті мәселелерді ше­шу­ге қабілетті локомотиві болуы керек», деп айтқан болатын. Ғалым­дар­дың міндеті – әлемдік эконо­мика­лық жүйенің заманауи талаптарына сай болу және өздерінің ғылыми зерттеулерінің өнімділігін барынша арттыруға ықпал ету. 

Аманкелді САДАНОВ, 

Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығының бас директоры, ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, биология ғылымдарының докторы, академик