Астанада Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының Корей Республикасының Қазақстан Республикасындағы елшілігімен бірлесіп ұйымдастырған «Корей түбегіндегі ахуал және Қазақстанның ядролық қаруды таратпаудағы рөлі» халықаралық дөңгелек үстел отырысы өтті.
Жиынға қатысқан сарапшылардың айтуларына қарағанда, Корей түбегіндегі оң өзгерістер ядролық қаруды таратпауды нығайту шеңберіндегі стратегиялық сұхбаттар үшін жаңа серпіліс береді. Қазақстан ядролық қарусыздану үшін жаһандық қозғалысының белсенді мүшесі ретінде тараптардың ұстанымдарын жақындастыруға бағытталған ұмтылыстарын қолдайды және осы үдерісте жан-жақты көмек көрсетуге әрдайым дайын.
Екі Корей мемлекетінің арасындағы қарым-қатынастардың дамуының әрі қарайғы траекториясын талқылау мен сарапшылар сұхбаты – бейбіт үдерістің ажырамас құрамдас бөлігі және бейбіт құрылысқа қосқан зор үлесі.
Халықаралық дөңгелек үстелдің жұмысы «Корей түбегіндегі қазіргі ахуал және Корей Республикасының бейбітшілікті қамтамасыз ету бойынша саясаты» және «Қазақстанның ядролық қаруды таратпаудағы рөлі және Корей түбегіндегі ахуалды реттеуге жәрдемдесуі» секциялары бойынша өрбіді.
Дөңгелек үстел жұмысына халықаралық және ядролық қауіпсіздік саласының жетекші сарапшылары, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің жауапты қызметкерлері, сонымен қатар Қазақстанда аккредитациядан өткен дипломатиялық миссиялар мен халықаралық ұйымдардың басшылары қатысты.
Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»