• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
Қазақстан 29 Қазан, 2018

368 рет
көрсетілді

Ұстаз мерейін өсірген

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа Жолдауында қазақстандықтардың әл-ауқаты, ең алдымен, табыстарының тұ­­рақты өсімі мен тұрмыс сапасына байланысты екенін атап өтті. Жолдау жолдарында көрсетіл­ген өзекті мәселе барлығы жаңа заманға лайықты даму бағытында оң өзгерістер мен өрлеуге бастайтын маңызды бағыттар.

Бұдан бөлек халықтың әл-ауқатын арттыру мақсатындағы бастамалар да ұжым мүшелерін бейжай қалдырған жоқ. Ми­нималды жалақының 1,5 есеге өсуі, өзге де бюджеттік мекеме қызметкерлері жалақысын 35%-ға өсіру жөніндегі жаңа­лық­тар көпшілікке ұнағаны сөзсіз. 

Елбасының Жолдаудағы бұл бастамасы еңбектегі кәсіптік пен біліктілік деңгейінің қалып­тасуына әсерін тигізе отырып, нәтижелі жұмысқа тартады деген ойдамын. Себебі ең­бек нарығының тиімділігін қам­та­масыз етіп, әрбір адамның өз әлеуетін іске асыра алуы үшін жағдай жасаудың маңы­зы зор. Сондай-ақ Мемлекет бас­шысының 2019 жылды «Жас­тар жылы» деп жариялауы аса қуантарлық жағдай екені анық. Осы арқылы ол өзі­нің жастарға үлкен сенім артаты­нын көрсетіп отыр. Елбасы ұсынған түрлі саладағы мәселелерді ше­шу жолдарын жастар қол­дай­ды. 

Ел болашағы үшін еңбек ету – әркімнің міндеті. Біз Елбасы­мыз­дың жастарға артқан үмітін ақтауға дайынбыз. Кейбір эко­­но­микалық көрсеткіштерге көңі­лі толмайтынын ашық айтқан ­Мем­лекет басшысы оларды шешу жолдарын нақты айқындап бе­ріп отырды. Елбасы сынға алып, өзектілігін ашық айтқан мәсе­ле­нің барлығы – қарапа­йым қа­зақ­стандықтардың көкейінде жүр­ген түйткілдер. 

Мәселен, мұ­ғалім мәртебесі туралы заң қабылдау, медицина саласы қыз­меткерлерінің жалақысын кө­теру, мемлекеттік қызмет пен құқық қорғау саласының жұ­мысын жетілдіру секілді толғақты мәселелердің түйінін Елбасы өзі тарқатты. Қалай болғанда да, қоғамдық жүйе де қарапайым халық та бір серпіліп қалды. 

Ерекше қуантатыны, ха­лық­аралық ұстаздар күніне арналған Елбасының екі жақсы бастамасы, ол – біріншіден, жа­лақы көтеру, бұл енді эконо­микалық жағынан өте маңызды. Ал екін­шісі, меніңше, аса ерекше мән беретін тұс – ол 2019 жыл­дан бастап «Педагог мәр­те­бе­сі туралы» арнайы заңның қа­былданатындығы. Шынымен де қоғамды алға бағыттап тәр­биелейтін – ұстаздар. Білім жү­йесі дегеніміз, тек қана білім беріп қомай, белгілі бір мөл­шер­де балаға тек ақпарат беру жүйесі емес – шындап келсек, әлеу­меттендіру институты. Білім жүйесі дегеніміз – өткен ұрпақ­тың келер ұрпаққа деген мұ­р­а­сы. Сол мұраны жеткізетін ерекше әлеуметтік байланыс­тар. Сондықтан біз ұстаздың мәр­те­бесін қоғамда нақтыламай, білім жүйесінде үлкен жетістіктерге жету қиын болады.

Сон­дай-ақ осы Жолдауда аталған маңызды бағыттар­дың барлығы жаңа заман та­лабы­­на сай, елді да­мытуға бағыт­тал­ған қадамдар екенін аңғарасыз. Мәселен, еліміздегі ин­дустрия, технология, өнер­кәсіп кешені, көлік-ло­гистика, инфра­құрылым, ком­му­нал­дық құрылыс, заманауи техно­логия, білім, тиімді мем­ле­кет­тік басқару және «Ауыл – ел бесігі», «Өз жеріңді танып біл» деген жобалар, мәселелер кө­те­рілген. Енді, Президент Жол­дауында аталған тапсырмаларды елімізде әрбір саланың мамандары жүзеге асыруы қажет. Оған қоса мемлекет бар­лық саланы қадағалап, оған бө­лін­ген қаражаттың нәтижесін сұ­рап, есебін алып отыруы тиіс. Тек, сонда ғана өркениетті елдер сияқты мемлекеттің ілгерілеп дамуына жол ашылады. 

Руслан МАХАНОВ,

Аршалы ауданының тілдерді оқыту орталығының директоры

Ақмола облысы

Зор үміт сыйлады

Елбасы ұсынған «Нұрлы жер» бағдарламасы аса өзекті. Ата-бабамыз да: «Үй болмай – күй болмайды» деп, ежелден баса айтып кеткен. Өсіп-өнуіміз үшін де баспана мәселесін ең бірінші кезекте шешіп алғанымыз жөн. Әрбір жасты толғандырып жүрген ең көкейкесті мәселені Елба­сының өзі кө­тергені көңі­лі­мізден шықты.

Тұрғын үй ипотекасының қолжетімділігін арттыратын жаңа ауқымдағы «7-20-25» бағдарламасы көптеген жас­тардың үміттерін оятты. Бірақ алғашқы жарнаны тө­леу еңбек жолдарын енді бас­тап отырған жас мамандар үшін қиын. Мемлекет бас­шысының назарынан осы мә­селенің де тыс қалмағаны оның көрегенді­гін, нағыз ел қам­қоршысы екендігін аңғартады. 

Осы мәселе жергілікті әкімдер тарапынан ойдағыдай шешілетін болса, тұрғын үй азабын тартып жүрген жастар шексіз бақытқа бөленер еді.

Нұрман МАҚСАТ, 

Бақанас аргарлық-индустриялық колледжінің мұғалімі 

Алматы облысы,

Балқаш ауданы

Мәртебелі мамандық өз мінберіне көтерілетін болады

Қазақстанда ел Прези­ден­тінің жыл сайынғы Жолдауын ерекше ыждағатпен, үміт пен қуанышқа толы сезіммен күту дәстүрге ай­налғаны рас. Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баевтың биылғы Жолдауы да осы үміт пен сенімді ақтап отыр.

Өз басым Елбасының биылғы Жолдауы «Қазақстандықтар­дың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұр­мыс сапасын арттыру» тақы­рыбына арналуын заңды, осы­лай болуға тиіс шара деп қа­был­дадым. Әрине, халықтың әл-ауқатының артуы қай қоғамда да маңызды. Аға ұрпақтың есінде шығар, Кеңес өкіметі кезінде «Барлығы адам үшін, адамның игілігі үшін» деген ұран болатын. Бірақ бүгінгі Жолдаудың мәні де, мағынасы да бұрынғы ұрандардан өзгеше. 

Елбасының дәл осы мәселе­ге тоқталуы, акцент беруі – аяқ астынан туған ой емес. Қа­зақ­стан бүгінгі жетістігіне, ертең­гі жоспарына үлкен да­йын­дықпен, нақты іспен келіп отыр. Естеріңізде болса, біздің 1995 жылы қабылдаған Конс­титуциямыздың 1-бабында: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқық­тары мен бостандықтары» деп жа­зылған болатын. Осы жерде­гі «әлеуметтік мемлекет» деге­німіздің мағынасы – Қазақстан азаматтарының әлеуметтік тұр­мысын көтеру, әл-ауқатын арттыру – мемлекеттік маңызы бар мәселе дегендік еді. Міне, сон­дық­тан да ел тұрғындарының әлеу­меттік тұрмыс сапасын арттыру мәселесінде мемлекет өз мой­нына үлкен жауапкершілік алып отыр. 

Әрине, бұл Жолдауда қадау-қадау мәселелер көтерілді. Соның ішінде өзімнің жаныма жақын, жүрегіме жылы тиген білім саласында болатын өзгерістерге тоқтала кетейін. Бәрімізге белгілі, тоқсаныншы жылдары Қазақстанда сапасы күмәнді «жоғары оқу орындары» қаптап кетті. Осы ЖОО-ларды лек-легімен бітірген «заңгерлер» мен «экономис­тер» қоғамда орнын таппай, қызметсіз сенделіп жүрді. Шынын айту керек, бұл мамандарды даярлауға мемлекет тарапынан қыруар шығын мен уақыт та кетті. Бүгінде мұның зардабын түсіндік. Мемлекет білім саласына шынайы бет бұрды. «Бізге нақты қандай ма­ман­дықтар керек?», «Қоғамда, нарықта қандай ма­манға сұра­ныс бар?» деген са­уалдар көтеріліп, тікелей со­ған бейімделе бас­тадық. Мы­салы, әлемнің ең үз­дік 100 оқу­лы­ғын мемлекет­тік тіл­ге ауда­ру – «Рухани жаң­ғы­ру» бағ­дар­ла­масының шына­йы мақ­сатын көрсететін нақты істің бірі. 

Президент осы Жолдауын­да «Мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсарту керек» деген нақты тапсырма беріп отыр. Ойлап қараңызшы: патриоттық – балабақшадан басталатыны рас қой. Бұл ең алдымен мектепке дейінгі білім беру саласында жүрген педагог кадрлардың біліктілігін көтеру мәселесін де қозғайды. 

Келесі жылы Елбасының ­тапсырмасымен «Педагог мәр­те­бесі туралы» заң әзірлене­тін болды. Біз осы кезге дейін «мұғалім мәртебесі төмендеп кетті» дегенді әртүрлі эмоция­мен айта беретінбіз. Ал егер мұндай заң қабылданса, эмо­­цияға орын қалмайды! Мұн­дай заң Қазақ­стан Рес­пуб­ликасындағы педагог кадр­лардың мәртебесін, құқығы мен міндеттерін нақты белгілеп, қоғамда үлкен өзгеріс болады деп ойлаймын. Осы заңда «педагог» деген құрметті атаққа кімдер лайық болатыны да нақты көрсетілуі тиіс. Осылайша «мұғалім» деген мәртебелі ма­мандыққа қоғамның көз­қа­ра­сы өзгеріп, осы мамандық­ты алып жүрген әріптесте­рім­­нің де жа­уапкершілігі арта түсері сөзсіз.

Шынымды айтайын, Ел­ба­сының биылғы Жолдауы мені ерекше толқытты. Өмір жолы­мызда талай сыннан өттік, қан­шама жауапты қызмет атқар­дық. Біраз атақ-абыройға да жеттік. Бірақ соның ішінде мені «мұғалима Мұхлисова» деп атаса, сол менің жаныма ерекше жылы тиеді. Өйткені мұғалім – ең мәртебелі мамандық қой.

Захот МҰХЛИСОВА,

«Батыс Қазақстан облыстық Үкіметтік емес ғылыми қоғамдық ұйымдары» бірлестігінің төрайымы

Орал

Мұғалім беделі – қоғам беделі

Мемлекет басшысы Нұр­сұлтан Назарбаевтың Қазақ­стан халқына арнаған кезекті Жол­дауын мұқият оқып шы­ғып, онда көтерілген барлық мәсе­лелердің маңыздылығын терең түсіндім. Елбасы өз Жол­дауында қазақ­стандықтардың әл-ауқатын арт­тыруға қатысты мақсат-міндет­терді нақты көр­сеткен. Сон­дық­тан бұл Жол­дауды елі­мізді да­мытудың жү­йелі жоспары ретінде қабыл­дадық.

Қазақстандықтардың әл-ауқа­ты, ең алдымен, табыстың тұ­рақты өсімі мен тұрмыс сапасына байланысты екені атап көр­сетілген Жолдаудағы бас­ты мә­селелердің арасында маған, әсі­ресе орта білім беретін мекеме­лер мен мұғалімдердің мәрте­бесін көтеруге қатысты жағдаят­тар қатты әсер етті. 

Расында, қазіргі таңда қоға­мымызда ұстаздардың беделі өз деңгейінде емес. Білім беру саласындағы мекемелерді үз­дік­сіз тексеру, қағазбастылық, мұғалімдерге өз қызметтеріне қатысы жоқ міндеттерді жүктеу тәрізді мәселелер ұстаздар қа­уы­мының қалыпты жұмыс іс­теуіне кедергі келтіретіні анық. Бұл өз кезегінде мұ­ға­­лім бе­де­ліне кері әсерін тигіз­бей қой­майды. Осы орайда Ел­ба­сы­ның: «Мұғалімдер мен мек­тепке дейінгі мекеме­лер қыз­мет­керлері үшін бар­лық игілікті қарастырып, жүк­те­мені азай­туға, жөнсіз тек­се­ріс­тер мен мін­деттен тыс функ­­циялардан ара­ш­а­л­ауға тиіс», деген сөзі мұға­лімдер­ге серпін беріп, оларды жігер­лендіре түсті. Сонымен қатар Прези­дентіміз «Педагог мәрте­бесі туралы» заңды әзірлеу қа­жет­тігін айтқаны мұғалімдер қа­уымын ғана емес, барша қа­зақстандықтарды қуантты.

Тағы бір айта кетер жайт, Ел­басымыз білім сапасы туралы айта келіп, орта білім беру мекемелерінде балаларды мей­лінше сұранысқа ие маман­дық­тарға бейімдеп, кәсіби диагнос­тика жүргізу маңызды екенін жеткізді. Мұны оқытудың жеке бағдарын жасауға, оқушы мен мұғалімнің оқу жүктемесін азай­туға мүмкіндік беретін бас­тама деп қабылдадық.

Сондай-ақ Елбасы балалар қауіпсіздігінің маңыздылығын ескеріп, бүкіл мектептер мен балабақшаларды бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етуді, мектеп психологтарының жұ­мысын күшейтуді және басқа да дәйекті шараларды жүзеге асыруды тап­сырды. Педагогтарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру жайына да ерекше назар ауда­рылды. Бұл ұстаздардың білім берудің жаңа сапасына көшу арқылы кәсіби даму тұрғысы­нан биік белеске көтерілетінін аңғартады. 

Сөз соңында айтарым, Елбасы алға қойған міндеттер лайықты деңгейде жүзеге асырылып, оң нәтиже көрсететініне сеніміміз мол.

Салтанат ҚОШТАЕВА,

Кенесары Қасымұлы атындағы №82 жалпы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі

ШЫМКЕНТ