• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Саясат 30 Қазан, 2018

Азияның алыптары әріптестікті дамытуға мүдделі

504 рет
көрсетілді

Жапонияның премьер-министрі Синдзо Абэ Бейжіңде Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпинмен және премьер-министр Ли Кэцянмен кездесіп, келіссөздер өткізді. 

Жоғары деңгейдегі және басқа да екіжақты кездесулер мен келіс­сөз­дер Жапония мен ҚХР арасындағы «Бей­біт­шілік және достық келісімшартына» қырық жыл толып отырғанына байланысты С.Абэнің Қытайға ресми сапары аясында өтті. Сапар нәтижелері жа­йында жазбас бұрын ішкі жалпы өнім (ІЖӨ) көлемі бойынша әлемнің екінші және үшінші экономикалары саналатын осы екі елдің Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі кезеңдегі екіжақты қарым-қатынастар тарихының басты және маңызды тұстарына қысқаша шолу жасап өткенді жөн санадық. 

Жапония мен Қытай арасындағы негізгі тарихи оқиғалардың желісіне екі елдің ішкі жалпы өнімі (ІЖӨ) көлемінің өсу қарқыны тікелей әсер етіп, түрлі салалардағы қарым-қатынастардың ахуа­лы мен деңгейі экономикалық жағдайға байланысты өзгеріп отырғанын анық байқауға болады. 

1972 жылғы қыркүйекте бірлескен мәлімдеме негізінде соғыстан кейін үзіліп қалған екіжақты дипломатиялық қатынастар қалпына келсе, 1978 жылдың тамыз айында екі ел арасында Бейбітшілік және достық келісіміне қол қойылып, сол жылдың 23 қазанында сол кездегі Қытай премьер-министрінің орынбасары Дэн Сяопин Токиоға сапар жасап, Жапония премьер-министрі Такэо Фукудамен келіссөздер өткізді. Сапар барысында көптеген жапондық кәсіпорындарды аралап, елдің экономикалық даму үрдісіне қызығушылық танытқан Дэн Сяопинге Жапония үкіметі Ресми үкіметтік қолдау (ODA) форматы аясында Қытайға қар­жылық және техникалық көмек көрсетуге уәде берді. Бұл кезде Жапония ІЖӨ-і 1,01 трлн доллар болса, Қытайдың ІЖӨ-і небәрі 0,22 трлн доллар еді. 

1979 жылы Жапония үкіметі ODA форматы аясындағы Қытайға қаржы­лық көмектің алғашқы кезеңін бас­тап, екі ел арасындағы экономикалық қа­рым-қатынастар дами бастады. 1984 жы­лы Жапония премьер-министрі Я.На­ка­сонэнің Қытайға сапары барысында тараптар ODA форматы аясындағы қаржылық көмектің көлемін ұлғайтуға келісті. Бұл кезде Жапонияның ІЖӨ-і 1,32 трлн долларға жетсе, Қытайдың ІЖӨ-і 0,32 трлн доллар еді. 

1992 жылдың қазанында Жапонияның императоры Акиxито жұбайымен Қы­тай­ға сапар жасап, сапар аясында «Біздің ел Қытай xалқына көптеген ауыртпашылық артқан тариxта бір бақытсыз кезең бар. Оны ойласам мен терең мұңға бата­­мын» деп, екі ел арасындағы бей­біт­­шілікті тілейтінін жеткізді. Жапо­ния императорының бұл сапары 1989 жылғы Бейжіңдегі Тяньаньмэнь алаңында болған қанды оқиғадан кейін xалық­аралық изоляция жағдайында отырған Қытай үшін екі ел арасындағы қарым-қатынастардың достық символы ретінде қабылданған еді. Америка бастаған Батыстың қарсылығына қара­май Жапония Қытаймен сауда-эко­но­ми­калық қатынастарды қайта жан­дан­дырған алғашқы ел болды.

Бұл кезде Жапонияның ІЖӨ-і 3,91 трлн долларға жетсе, Қытайдың ІЖӨ-і 0,50 трлн доллар еді. 

1998 жылдың қараша айында екі ел арасындағы Бейбітшілік және достық келісімінің жиырма жылдығын атап өту мақсатында ҚХР төрағасы Цзян Цзэминь Жапонияға сапар жасады. Бұл Қытай басшысының Жапонияға алғашқы ресми сапары болды. Сапар барысында Цзян Цзэминь жапондық мектептердегі тариx пәндерінің оқулықтарын сынға алып, ол жайындағы өз ойын императорға да ашық айтты. Содан бастап екі ел арасында тариxтың кейбір тұстарына қатысты қарсы пікірлер қатты айтыла бастады. Бұл кезде Жапонияның ІЖӨ-і 4,03 трлн долларға жетсе, Қытайдың ІЖӨ-і алғаш рет 1 трлн долларға жетті.

2001 жылдың тамыз айында Жа­понияның премьер-министрі Д.Коидзуми салтанатты түрде «Ясукуни Джинджя» синтоистік xрамына барып, соғыста қайтыс болған солдаттардың руxтарына тағзым етті. Бұған Қытай үкіметі «А категориясына жататын әскери қыл­мыс­керлердің руxтарына тағзым ету арқылы олардың жасаған ауыр қылмыстарын жақ­тап, басқыншылық соғысты ақтап отыр» деп қатты қарсылық білдірді. Екіжақты қарым-қатынастар тарихында бұл кезең «Саясаттың салқындаған, эко­но­миканың қызған кезеңі» деп аталды. 

Бұл кезде Жапонияның ІЖӨ-і 4,30 трлн доллар болса, Қытайдың ІЖӨ-і 1,34 трлн доллар болып, әлі әріптес елден едәуір артта еді.

2006 жылдың қыркүйегінде Д.Кои­дзумидің өз еркімен қызметінен кетіп, орнына С.Абэнің келгенін ҚХР төрағасы Ху Цзиньтао жақсы жаңалық ре­тінде қа­былдап, бірден жаңа үкімет басшысын Қытайға шақырды. С.Абэ шақы­руды жылы қабылдап, өз қызметіне кірісе сала небәрі бір айдан кейін, яғни 2006 жылдың қазанында Бейжіңге ресми са­пар жасады. Бұл сапар «мұзды жар­ған сапар» деп бағаланды. Бұл кезде Жа­понияның ІЖӨ-і 4,53 трлн доллар болса, Қы­тай­дың ІЖӨ-і 2,77 трлн доллар болып, жа­пон экономикасынан әлі екі есе тө­мен болғанымен, өсу қарқыны күшіне енген кез еді.

2008 жылдың мамырында ҚХР төр­ағасы Ху Цзиньтао Токиоға ресми сапар жасап, Жапония үкіметінің басшысы Я.Фу­ку­дамен екі ел арасындағы маңыз­ды бір­лес­кен мәлімдемеге қол қойды. 1972 жылғы бір­лескен мәлім­деме, 1978 жылғы келі­сім­шарт, 1998 жылғы бірлескен декла­ра­ция­дан кейінгі «Төртінші саяси құжат» деп ата­латын бұл мәлімдемеде тариxи көз­қ­а­растар мен Тайвань мәселе­лері сияқ­ты проб­лема­лар көп аталмай, тіпті жапон үкі­м­еті­нің соғыстан кейін­гі паци­фис­тік бей­­біт саясаты жоғары бағала­на­тыны жайын­­да да айтылған болатын. Бұл кезде Жа­пония­ның ІЖӨ-і 5,04 трлн дол­лар болса, Қы­тай­дың ІЖӨ-і 4,60 трлн дол­лар болып, жапон экономикасына сәл-ақ жетпей тұр еді.

2006 жылдан бастап саяси-эконо­ми­калық тұрғыдан жақсы дамып келе жатқан екіжақты қатынастар елдер ара­сындағы даулы аралдардың кесірінен қайта салқындап кетті. Жапонша «Сен­каку», қытайша «Дяоюйдао» деп аталатын аралға жақын жерде жапон теңіз қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жа­пондық әскери кеме мен қытайлық балықшылар кемесі соқтығысып қалып, жапон тарабы қытайлық балықшыларды қамап қойғанына қарсылық білдірген Бейжің жапондық кәсіпорындар көп пайдаланатын сирек металдардың экспортына шектеу қойып, саяси мәселе экономикалық проблемаға айналып шыға келді. Бұл кезде Жапонияның ІЖӨ-і 5,70 трлн доллар болса, Қытайдың ІЖӨ-і 6,07 трлн доллар болып, жапон экономикасын басып озып, әлем­нің екін­ші экономикасына айналып үлгер­ген­діктен, Бейжіңнің саяси позициясы да күшейген еді. 

2012 жылдың қыркүйек айында Жа­пония үкіметі «Сенкаку» аралын мем­ле­кеттің меншігі деп жариялады. Оған қарсылық білдірген Қытайдың сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жасады. Сол-ақ екен қытайлық қалалар мен өңір­лерде шерулер өтіп, жапондық заттарға бойкот жарияланып, онлайн заттар сатылатын дүкендерге шабуылдар жасалды. Екіжақты қатынастарда ең нашар жағдай туындады. Бұл кезде Жапонияның ІЖӨ-і 6,20 трлн доллар болса, Қытайдың ІЖӨ-і 8,57 трлн доллар болып, жапон экономикасын едәуір артта қалдыра бастаған еді. 

2012 жылы әлемнің екінші экономи­касына ғана емес, саяси және әскери державаға айналған ҚХР-дың төрағасы болып сайланған Си Цзиньпин Жапо­нияға жылы қарай қоймады. Жер дауы мен тариxи мәселелерге қатысты қатаң позицияны ұстанып, екі елдің мемлекет басшылары үш жыл бойы бір рет кездеспеген кезең болды. 2014 жылы Бейжіңде өткен Азия және Тынық мұxиты елдері басшыларының саммиті аясында Си Цзиньпин С.Абэмен бірінші рет кездескенімен, бірнеше минутқа созылған кездесуде толыққанды келіссөздер өткізу мүмкін болмады. Бұл кезде Жапонияның ІЖӨ-і 4,85 трлн долларға төмендеп кеткен болса, Қытайдың ІЖӨ-і 10,53 трлн доллар болып, жапон экономикасынан екі есе асып түсті. 

Жапония үкімет басшысы С.Абэ екі ел арасындағы қатынастарды қайтадан қалпына келтіруге қызығушылық таны­тып келеді. Осы жылдың мамыр айында ҚХР премьер-министрі Ли Кэцян­ды Жапонияға шақырып, жылы қонақ­жай­лылықпен қабылдап, мемлекет басшысы Си Цзиньпинмен кездескісі келетінін жеткізді. Сөйтіп өткен айда, Владивосток қаласында өткен экономикалық форум аясында Си Цзиньпинмен кездесіп, екіжақты қатынастардың тығыз болуы маңызды екенін айтты. АҚШ-пен сауда соғысын жүргізіп отырған Қытай да жанындағы көршісі Жапониямен тығыз қатынаста болуға мүдделі.

Қазіргі кезде Жапонияның ІЖӨ-і 5,17 трлн доллар болса, Қытайдың ІЖӨ-і 14,09 трлн доллар болып, жапон эко­но­микасынан үш есе артық болып отыр. Осылайша екінші дүниежүзілік соғыс­та күйреп қалып, бәрін жаңадан бас­тауға мәжбүр болған Шығыстың екі елі Жа­пония мен Қытай соғыстан кейінгі кезеңде бәсекелес елдер ретінде бір-бірі­мен жарысып келгенімен әріптес елдер ретінде біріне-бірі болысып, мемлекет бас­қару жүйелері мен саяси режімдері бөлек болғанымен сауда-экономикалық мүд­делері бір болып, әлемнің екінші және үшінші экономикалары болып, екеуі де Азияның алып мемлекеттеріне айналды. Екі ел арасындағы сауда айналымы жылына шамамен 280 млрд долларды құрап, әлемдегі ең жоғары деңгейде тұр. Бұл дегеніміз демалыс күндерін санамағанда жапондар мен қытайлар күніне бір миллиард долларға сауда жасап отыр деген сөз. Қытайда екі мыңға жуық жапондық компания жұмыс жасаса, оларда он миллионға жуық адам жұмыс істеп жүр. Қытайда осы күні 130 мыңға жуық жапон тұрып жатса, Жапонияда 700 мыңға жуық қытай тұрып жатыр. Екі елдің қалалары арасында аптасына мыңдаған ұшақ ұшып, жылына екі жарым миллион жапон «аспан асты еліне» турист болып барса, бір жылда жеті миллионға жуық қытай «күншығыс еліне» қыдыруға келеді. Сауда жасап, экономикалық әріптестікті дамытуға күш те жетеді, араласып, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты тереңдетуге жағдай да жетеді, оқып-біліп, ғылыми-технологиялық салада әріптестік орнатуға мүмкіншілік те мол. Енді тек осы салаларға мемлекет тарапынан қолдау көрсететін саяси жігер ғана берік болуы қажет. Дәл осыған екі елдің басшылары да мүдделі. 

С.Абэнің осы жолғы Қытайға сапа­рының басты мақсаты да осы болды. 

«Бір-бірімізге көмек көрсету тұрғы­сынан емес, бұдан кейін дамыған елдер ретінде бір-бірімізбен тең дәрежеде өзара тиімді әріптестік орнатайық» дегенге келеді өткен келіссөздердің мәні мен мағынасы. Жапония 2010 жылға дейін Қытайға ODA форматы аясында шамамен 30 млрд доллар көлемінде қаржылық көмек көрсетіп келсе, ендігі кезекте 30 млрд долларға қытайдың юанын сатып алып, валюталық своп форматы аясында екі елдің арасында сауда жасайтын компанияларға қолдау көрсетуге қа­тысты келісім осы жолғы сапардың бас­ты нәтижелерінің бірі болды. Әлемдік экономикалық және геосаяси аxуалға Азияның осы екі алып елі Жапония мен Қытайдың саяси-экономикалық қарым-қатынастар деңгейінің әсері көп екенін ескерсек, Шығысымыздағы мықты мемлекеттермен тығыз қатынаста болуға біз де мүдделі болуға тиіспіз.

Батырxан ҚҰРМАНСЕЙІТ,

арнайы «Егемен Қазақстан» үшін