• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қоғам 30 Қазан, 2018

Тарихы тағылымға толы Тараз

2143 рет
көрсетілді

Екі мың жылдан астам уақыт бойы салтанат құрып келе жатқан тарихи Тараз бүгінде жаңаша бағытта дамып, соны сипатта түрленіп келеді. Уақыт өткен сайын көне шаһарда құрылыс қарқынды дамып, облыс орталығының әлеуметтік және экономикалық әлеуеті артуда. Өткен аптада ғана Тараз қала­сында «Қала күні» мере­ке­сіне орай жиырма бірдей нысан ашылып, ел игілігіне пайдалануға берілді. 

Әуелі Жамбыл облысы әкімдігінің алдында Жамбыл Жабаев ескерткішінің ашылу салтанаты өтті. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған шараға облыс әкімі Асқар Мырзахметов бастаған облыс және қала басшылығы, сонымен қатар қоғамдық кеңес мүшелері мен қала тұрғындары қатысты. Даңқты жырау ескерткішінің облыстық әкімдік алдынан бой көтеруі өңір тарихында айтарлықтай оқиға болды. Сонымен қатар бұл нысан қазақ халқының кенен өнерін, құдіретті қара сөзін айғақтап тұрғандай әсер етеді. Жамбыл Жабаев ескерткішінің ашылу салтанатына қала тұрғындары мен қонақтары да көптеп жиналып, қала күні аясында өткен шараны тамашалады. Бұдан былай Абай даңғылының бойында ұлы ақын Жамбылдың рухы асқақтап, болмысы биіктеп тұра бермек. Ал аталған ескерткіштің биіктігі 4 метр болса, салмағы 1,5 тонна.

Өз кезегінде Тараз қаласында «Теміржол вокзалы аллеясының» ашылуы да айтарлықтай оқиға деуге болады. Аллеяда екі мың жылдан астам тарихы бар көне Тараз шаһарының тарихын баяндайтын стелла орнатылып, оған «Тәңір» деген сөз жазылыпты. Сонымен қатар мұнда жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың домбырасы, күй шебері Ықылас Дүкенұлының қобызы бейнеленген. Ал бұл жерге неше мыңжылдықтардан сыр шертетін Тараз топырағынан да талай тұлғалардың шыққанын білдіретін қауырсынның орнатылуы келер ұрпақ үшін үлкен өнеге болатыны анық. Аталған скверде «Көне Тараз» стелласы қойылып, айналасы абаттандырылды. Стеллаға Тараз, Әулиеата, Жамбыл, Талас сияқ­ты Тараз қаласының бұрынғы төрт атауы жазылып, қобыз, домбыра, дәуіт, бал­бал тас сынды тарихи кезеңдерді бей­не­лейтін ұлттық құндылықтар орнатылды. Нысанды «Айя сервис» ЖШС-нің 30,0 миллион теңге жеке қаражаты есебінен Тараз қаласы тұрғындарына «Туған жерге тағзым» жобасы аясында тарту етілді.

Тараз қаласы күніне орай Жамбыл Жабаев ескерткіші маңындағы алаңша мен орталық «Достық» алаңында әсем, сазды субұрқақтар ашылды. Жамбыл Жа­баев ескерткіші маңындағы субұр­қақ жо­ба­сын толықтай «Atameken-Energy» ЖШС қытайлық әріптестерінің сыз­ба­сы негізінде іске асырған. Төрт қатар­дан тұратын екі субұрқақтың әр­­қай­­сы­сында үш түтік бар. Егер субұр­­қақ қарқынын жоғарылатса, биік­ке көтерілген су әуеде түйісіп, хал­қы­мыз­д­ың ауызбіршілігін айғақтайды. Осы арқылы жобалаушылар ұлттық құн­дылығымызды көрсете білген. Жам­был облысы әкімдігінің мәлі­метін­ше, жоба «Жасыл Ел-Тараз» жауап­­кер­шілігі шектеулі серіктес­тігі­нің тап­сырысы бойынша жасалған. Субұ­р­қақ­тардың ерекшелігі әуенмен су шаша­тындығында болып тұр. 

Бұл күні қала көлемінде ел игілі­гіне берілген нысандар қатарында Жел­тоқ­сан көшесінің бойында ашылған «Желтоқсан толқыны» субұрқағын және республика бойынша ең ұзын 3 каскадтан тұратын 220 метрлік «Тәуел­сіздік толқыны» атты түрлі-түсті субұр­қағын айтуға болады. Гей­зер­­ден бас­талған алғашқы толқын 86 деген монументальды мафтан бас­талады. Бұрқақтың бойына Тәуелсіз­дігіміздің символы болып саналатын барлығы 14 дана барыс, қыран құс, пырақ мүсіндері орнатылған.

Сонымен қатар 120 павловния ағашы отырғызылып, 22 жарық шамдары, күн сәулесінен қуат алатын 4 дана батарея, 10 дана смарт орындықтарына интернет желісіне қосылатын құрыл­ғылар (wi-fi), 48 орындық пен қоқыс тас­тайтын жәшіктер орнатылған. Жал­пы жобаның эскизі «Spektr Energi Group» ЖШС тарапынан әзірленген. Ені 20 метр, ұзындығы 240 метр болатын аллеяның аумағы 0,5 гектар. Ал құны 284 миллион теңгені құрайды. Сәулет өнеріне тән ерекшелікті сақтай отырып салынған субұрқақтың ашылу салтанатына да тараздықтар көптеп жиналды. Көпшілік толқындар субұр­қақтың соңына жетіп, кері қайтқанда Тәуелсіздіктің айшығы күн мен бүркіт­ті бейнелейтін бейнесіне айналып, одан әрі егемендікке ұласатын ерекшелігін тамашалады. 

Жуырда ғана Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен Тараз қаласының орталы­ғындағы Қайрат Рысқұлбеков саябағы мен оның ішіндегі батырдың ескерт­кішін қайта жаңғыртудан өткізу жұмысы басталған болатын. Аз ғана уақыттың ішінде бұл саябақ адам таны­мастай өзгеріп, жаңаша сипат алды. Қала күні мерекесі қарсаңында Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков атын­дағы саябақ ел игілігіне берілді. Бұл күні біртуар перзентінің рухымен қайта қауышқан көпшілік саябаққа көптеп жиналды. Кезінде шаһит кеткен батырдың рухына тағзым етіп, қаһарманның қайта жаңғыртылған ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Саябақтың жалпы аумағы алты жарым гектарды құрайды. Жалпы сметалық құны 403,9 миллион теңгені құрайтын саябақтың эскиздік жобасын «Табыс жоба» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі әзірлеген. 

Аталған саябақ ішінен «Желтоқ­сан-86» орталығы, «Тәуелсіз­дік ұшқы­ны» аллеясы, қайта жаңғыр­тудан өткен «Ардагерлер үйі», «Ғибрат» орталығы және «Шахмат» алаңы ашылып, ел игілігіне берілді.

Ерлік ешқашан ұмытылмайды. Ұрпақтар санасында естелік болып жаңғырып тұра береді. Бүгін қала күні мерекесі аясында «Жеңіс» саябағында тарихи ерлік дәріптелді. Атап айтсақ, Ауған соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіш ашылып, көпшілік осы бір игі бастамаға куә болды. Ескерткіштің ашылу салтанатына Халық қаһарманы, Ауған соғысының ардагері, Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытжан Ертаев пен Ауған соғысының арда­гері, Парламент Мәжілісінің депутаты, «Қазақстан ардагерлері» қауым­дас­тығы­ның төрағасы Бақытбек Смағұл арнайы қатысып, нысанның лентасын қиды. Бұдан кейін сөз алып, өткен күннің орны толмас өкінішін шежіреледі. Кезінде Ауғанстан жерін­дегі әскери іс-қимылдарға Жам­был облысынан 2236 жауынгер қаты­сып, әскери қақтығыстар кезінде 71 жас азаматтың қаза тапқанын, бұл әр­қашан орны толмас өкініш еке­нін жеткізді. Сонымен қатар бүгін «Жеңіс» саябағында Чернобыль атом электр стансасындағы апатты залалсыз­дандыруға қатысушыларға арналған ескерткіш ашылды. Салтанатты шараға Қазақстан Республикасы Чернобыль ардагерлері және мүгедектері қоғам­дық бірлестіктерінің үйлестіру кеңесі филиалының төрағасы Бақытжан Әшірбаев пен Жамбыл облыстық Чер­нобыль одағы қоғамдық бірлестігінің мүшесі Владимир Хорошин қатыс­ты. Айта кетейік, ғаламдық ірі жары­лыстың зардабын жоюға қатысқан қазақстандықтардың 1200-і Жамбыл облысынан еді. 

Осы «Жеңіс» саябағының ішінде тыл еңбеккерлеріне арналған ескерт­кіштің де ашылу салтанаты болды. 

Көп жылдан бері «Үшбұлақ» каналы­ның жағалауы қараусыз қалып, қоғам тарапынан сынға да ұшыраған бола­тын. Бүгін сол олқылықтың орны толып, «Жеңіс» саябағы бойын­ша қолға алынған жоба аясында Тараз­дағы «Үшбұлақ» жағалауындағы демалыс аумағы пайдалануға берілді. Жалпы 6,5 гектар жер абаттандырылып, 10 мың тоннадан астам қоқыс шыға­рыл­ған. Ал мұндағы көпірдің ұзын­дығы 72 метр болса, ені 3 метрді құрай­ды. Сонымен қатар бөгет қайта жаңар­тылып, су айдыны 60 метрге дейін кеңейді. Ал мұнда келіп демалушылар үшін 5 аққу, 4 үйрек пен ақ амур және карп сияқты барлығы 3000-ға жуық балық жіберілген. Аталған жа­ға­лауда каналға шығатын 3 пирс, де­ма­лыс орындары, балалар ойын алаң­­дары, спорттық снарядтар мен суда жүзуге арналған катамарандар қойыл­ған.

«Екі мың жылдық тарихы бар көне Тараз шаһары күн өткен сайын жаңа­рып, жасарып келеді. Алдағы уақыт­тарда Таразды түрлендіру үшін талай жобалар мен жоспарлар бар. Ал қала күні мерекесіне орай ашылып отыр­ған нысандардың бәрі де халық­тың игілігі үшін салынды. Бұл нысан­дардың бәрінің де әлі халық жақсы­лығын көретін болады», дейді Тараз қа­ла­сы­ның әкімі Ғалымжан Әбдірайымов.

Тараз қаласының бүгінгі тынысы осындай. Келешекте де көне шаһардың келбеті келісіп, сәулеті арта беретініне сенім мол.

Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы