Опера өнерінің айнымас жанкүйерлеріне «Астана Опера» алтыншы маусымының бірінші қойылымы ерекше найзағайдай әсер етті. Бұған театр репертуарына қосылған Джоаккино Россинидің атақты «Севильдік шаштараз» операсы себеп болды.
«Севильдік шаштараз» – музыкалық театр шежіресіндегі атақты да ардақты, көрерменнің шексіз қошеметіне бөленген өлмес туынды. Буффа жанрының табынарлық үлгісі, асқан шеберлікті талап ететін бұл операның бойында соншама тапқырлық пен сұлулық иірімдері тұнған. Кемеңгер Россинидің бұл шығармасы, орындаушылық өнердің шырқау биігі болып саналады. Мұндай туындыны шегіне жеткізе орындап, оған жаңа серпін беріп, бойына ыстық қан жүгірткен театрдың жас шығармашылық ұжымы мейлінше жемісті еңбек еткенін баса айтқымыз келеді.
«Севильдік шаштараз» өзінің екі ғасырдан астам тарихында, әлемдік кеңістікте, ғажайып режиссерлер, дирижерлер, әншілер қатысқан сансыз ұлы қойылымдары басынан кешірді емес пе?! Сондықтан «Астана Опера» сахнасында болатын комедиялық операның премьерасын оның тұрақты көрермендері сарыла, асыға күтуі, осыдан да болар.
Премьералық үш қойылымның билеттері қас қағым сәтте сатылып кетті. Әсіресе операны бірінші күні көруге мүмкіндік алғандар өздерін бақыттылар қатарында санап, ал оған қолы жетпегендер қатты налығанының куәсі болдық. Бұл көрініс отандық опера жанкүйерлерінің саны мен сапасының өскенін және «Астана Опера» театры өнерпаздары деңгейінің биіктігін танытады. Бұған қоса сол күнгі Астананың қазан айындағы алтын күзінің жылы, жұмсақ, мақпал түсі итальяндық ұлы маэстроның операсымен домбыраның қос шегіндей үндестікте болғандай. Ғажап үйлесім сұлулығы! Алдын алып айтуға болады: премьералық қойылым көрермендер үмітін толығымен ақтады. «Астана Опера» ұжымы бұл жолы да өзінің әлемдік бәсекелестік ортада жемісті де жеңісті жұмыс істей алатынын, шығармашылық әлеуетінің мол екенін танытты. Қойылым шығармашылық ұжымның барлық салаларының бірлестікте, ынтымақтастықта жұмыс жасайтындықтарын көрсетті. «Астана Опера» театрының кезекті музыкалық жауһарының дүниеге келуі – осының айғағы.
Ендігі сөзімізді бас дирижерден, қоюшыдан басталық – ол Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, тамаша маэстро Алан Бөрібаев туралы. Оның белсенді жұмысы, біліктілігі, қажымас қайраты – премьераның табысты өтуіне арқау болды. Дәл осы азаматтың жеке ықпалы арқасында бұл жаңа қойылымда Россини қорынан алынған ұлы композитордың қолжазбалық түпнұсқасынан басылған баға жетпес партитурасы қолданылғанын ерекше айтқымыз келеді. Бұған қоса, Россинидің кезіндегідей маэстроның шағын – қос оркестр құрамын қолдануы, ұтымды да көркемдік жағынан ұтқыр тәсіл болды. Оркестр үнінің мамықтай жеңілдігі, иірімдерге толы сұлулығы дирижерге әзілдер әлемінің, күлкілі оқиғалардың шұрайлы тұстарын, бас кейіпкерлердің мінез-құлықтарын қызықтыра ашуға, тіпті оңтүстіктің – испан ауа райының құбылыстарын нанымды көрсетуге септігін тигізгенін байқадық. Ал оркестр сахна деңгейінде опера увертюрасын орындауы, қойылымға ерекше мән мен сән берді. Дирижер қолындағы сиқырлы таяқша ұшынан ерекше әсер алды көрермен. Қаншама сырға толы сұлулық құдіретін, сезім патшалығын сыйлады бізге дарынды дирижер.
Міне, оркестрдің осындай ғажайып үнінен кейін, көрермен назарына бас кейіпкерлерді орындаған әншілер өнері ілікті. Айта кету керек, Россини музыкасын итальян тілінде, итальян әншілеріндей шырқау, мейлінше қиын да күрделі іс. Россини кейіпкерлері орындаушыдан дауыс мықтылығынан басқа, қандай партиясы болса да, асқан жеңілдікті, анық артикуляцияны, биік актерлік шеберлікті талап етеді. Сондықтан композитор туындыларын шынайы, шегіне жеткізе орындайтын өнерпаздар – санаулы. Ал «Астана Опера» театрының осы қойылымына қатысқан жас өнерпаздардың өнерін көріп, өзіміздің тума таланттарымыз үшін кеудемізді мақтаныш сезімі кернеуі заңдылық. Себебі олар өздеріне артқан үмітті толығымен ақтады.
Көрермендердің сүйіктісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Сүндет Байғожин – Фигароны сахнаға алғаш алып шыққан кезінде, тіпті ол атақты каватинасын аузын ашып айтпай тұрғанда-ақ тыңдарман жұрт оны керемет қошеметпен қарсы алды. Тамаша дауыс байлығы, аса тартымды актерлік ойыны үшін спектакль бойында көрермен оған зор ықылас танытып, бірнеше дүркін қол соқты. Қу шаштараз қандай шытырман оқиға болса да, тапқырлығымен сытылып шығып, көрермендерді қырғын күлкіге батырды. Ол ансамбльдік сахналарда да ерекше өнер көрсетіп, есте қалар бейне жасады. Фигароны ол бұған дейін Верона қаласының «Филармонико» театрында орындаған болатын. Бірақ өзінің туған театрында ол бұрынғы ойынын қайталамай, кейіпкер бейнесін жаңа мизансценаларымен толықтырды. Өзінің айтуы бойынша, бұл құлшыныс Алан Бөрібаев тарапынан қолдау тапқан, сондықтан бұл жұмысқа дирижердің де тікелей қатысы бар деп санайды. Фигаро партиясы баритон әншілерінің ең шырқау биігі болып есептелінеді. Оны жан-жақты меңгерген Сүндетке де ол ең сүйіктісі, ең қымбаттысы.
Үшінші күні Фигаро партиясын орындаған Алматының Абай атындағы МАОБ театрының әншісі Эмиль Сакавовтың өнері де биік шығармашылық деңгейде болды. Ол сомдаған кейіпкер өзінің кең диапозонды мақпал дауысымен, нәзік те сырбаз қылығымен тыңдарман жүрегіне жол тапты. Бұған қоса Сакавов Фигароны өмірсүйгіш қызуқандылық қылығымен ерекшелендірді. Эмиль Фигаросы сахнада текті де кекті, намысты болып шықты.
Операда Розина партиясын театрдың үш жетекші жұлдыз әншілері, яғни Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Салтанат Ахметова, Башқұртстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Альфия Каримова және «Құрмет» орденінің иегері Айзада Қапонова орындады. Бұлардың әрқайсысы кейіпкер бейнесін ашуда өз көркемдік-шығармашылық ұстанымдарымен келді. Салтанат Ахметованың орындауындағы Розина ариясы құйқылжыған колоратурамен безендіріліп, дауысы еш қиналыссыз маржандай төгілді. Ал Альфия Каримованы керемет вокалдық техникасы мен сахнадағы нанымды ойыны үшін мақтауға болады. Айзада Қапонова болса, оның бұлбұл текті үнімен, шыңдалған актерлік шеберлігімен көрермендерді тәнті етті.
Граф Альмавива – нағыз россинилік лирикалық тенордың классикалық үлгісі. Толқыған сезімге толы белькантолық шырқау Альмавиваның тамаша махабаттық серенадаларында берілген. Алайда композитордың қайталанбас шеберлікпен жасаған бұл кейіпкердің бірде студент Линдороға, бірде ішіп алған сарбазға, бірде музыка мұғалімі Алонсоға айналуы орындаушыдан ғаламат әншілік-актерлік ойнау мүмкіндігін талап етеді.
Премьераның дүмпулі жаңалығы Альмавива партиясын орындаған Абай атындағы МАОБ театрының әртісі Дамир Садуақасовтың айшықты өнері болды. Жас орындаушының Россини операсындағы бұл тамаша дебюті оның асқан талант иесі, сондықтан болашағынан үлкен үміт күттірер тұлғалы өнерпаз екенін танытты. Бұған оның үлкен әншілік мәдениеті мен сахналық шеберлігі айғақ.
Италиядан арнайы шақырылған тенор Федерико Буттаццо, керісінше, Альмавива партиясын бұған дейін талай ойнаған әнші. Бұл кейіпкерді әлемнің көптеген опералық сахналарында шегіне жеткізе орындап, баға жетпес мол тәжірибе жинақтаған. Міне, оның өнерін тамашалаған жұрт шынайы итальяндық ән шырқау мәнерінің куәгері болды.
«Астана Опера» әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жан Тапин үшінші премьера көрсетілімінде өнер көрсетіп, ол да көрермендер қошеметіне ие болды. Әдемі лирикалық тенор дауысы бар, Альмавиваның күрделі партиясын жан-жақты меңгергені – әншінің шеберлік биігінің шырқау биігіне құлаш ұрғанының айғағы.
Операдағы жағымсыз кейіпкерлер комедиялық тұрғыда көрсетілген. Сондықтан дәрігер Бартоло мен дон Базилио партияларын күлкілі етіп шығаруда композитор буффа операларының тәсілдерін өте ұтымды пайдаланған. Айтарлықтай нақтылы етіп, шынайы шеберлікпен, өзіндік харизмасымен Бартоло бейнесін «Астана Опера» солистері Евгений Чайников пен Александр Красиков нанымды да ұтымды етіп шығарған. Базилио партиясын орындаған Арменияның халық әртісі Барсег Туманян және Тайыр Тәжі де көрермендерін талай қуантқан марғасқа әншілер. Олардың ойнауынан нағыз кәсіби шеберліктің келбеті байқалады.
Көрермендердің есінде қалар келесі кейіпкер, қызметші Бертаның бейнесі. Ол ылғи кездейсоқ жағдайларда, еріксіз комедиялық қитұрқы оқиғалардың куәгері және қатысушысы болады. Қызметші бәрімен үнемі дүрдараз араздықта өмір сүреді. Дегенмен ол опера соңында адамгершілікке, тектілікке толы жеке ариясын орындайды. Бұл партияны бірінші күні соншама қызғылықты етіп театрдың жетекші әншісі Татьяна Вицинская орындаса, екінші күні бұл рөлде Малика Минизини болды. Жас әншінің әртістік қабілеті таңдандырады, оның әншілік әлеуетінің үлкен екендігі сезіледі.
Операдағы Фиорелло мен офицердің рөлдері шағын болғанымен, оны орындағандар соншама тартымды және қызғылықты етіп аша білген. Сахнада Фиорелло бейнесін Талғат Ғалеев пен Ержан Саипов мәнді де сәнді етіп шығарды. Опера мазмұнының дамуында офицер рөлі ерекше орын алады, ол спектакльдің күлкілі жерлерінде, шарықтау шегінде пайда болып, бейберекеттік тірлікті жүйелі де тәртіпті өмір арнасына салады. Осы бейнеде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанат Шыбықбаев пен Шыңғыс Расылхан өнер көрсетті.
«Астана Опера» театрының бас хормейстері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітовтің биік кәсібилік еңбегіне ерекше алғыс айтқымыз келеді. Операның басты музыкалық құралының бірі көп дауысты хор өзінің қуатты да нәзік үйлесімді үнімен спектакльге ерекше сән беруде.
«Астана Опера» өзінің шығармашылық өмірінде әлемдік деңгейдегі әйгілі режиссерлермен, сценографтармен, суретшілермен тығыз байланыста болып, осылардың көмегімен көптеген қойылымдардың премьераларын іске асырды. Қалыптасқан дәстүрден театр бұл жолы да айныған жоқ. «Севильдік шаштараз» қоюшы режиссері болып Альфонсо Антониоцци, сценографтар Эцио Фриджерио, Риккардо Масирони болды. Костюмдер бойынша суретші «Оскар» сыйлығының иегері Франка Скуарчапино, костюмдер бойынша суретшінің ассистенттері Анна Верде және Арасель Досмұратова, ал проекция бойынша дизайнер Серджио Металли қатысты.
Сөз жоқ, шақырылған хас шеберлердің еңбектері ауыз толтырып мақтауға тұрарлық. Әсіресе Россини дәуіріндегі сахналық костюмдер өзінің қайталанбас сұлулығымен, тұпнұсқалық татымымен көрермендендерді таң-тамаша етті. Сахналық безендірілуі – сабырлы да ұстамды түсте, ол нысапсыздықтан ада, XVIII ғасырдың классикалық стиліне лайықты түрде болды. Тұтасын алғанда, музыка мен сөздің, түс пен түрдің, мазмұн мен ойнаудың ажырамас бірлігі премьералық қойылымға қайталанбас нұр мен түр сыйлады.
Сонымен ғажайып спектакль өзінің сахналық өмірін бастады. Әрине қойылым өзінің қайталанбас көркімен – россинилік аса талғампаз стилі оркестр, хор, әншілер үндерінде, декорациялық безендіру түрінде беріліп, осы қалпымен бірінші рет «Астана Опера» шаңырағында дүниеге келді. Бұл – әлемдік деңгейдегі құбылысты қойылым екені айдан анық.
Жанар МҰХАМЕДЖАНОВА,
музыкатанушы