Қазір пластиктен жасалған қалталар мен шөлмектер, түрлі бұйымдар қалдығы елді мекендер, тіпті жайылым, су айдындарына дейін ластап жатқаны жасырын емес. Бұл елімізде ғана емес, әлемдік деңгейдегі өзекті мәселеге айналған. Осыған орай Соколов-Сарыбай кен өндіру бірлестігінің Экология және жер қойнауын пайдалану департаментінің қолдауымен Рудныйдағы №19 орта мектепте пластикті жергілікті өңдеу шеберханасы ашылды.
Бұдан былай оқушылар тұрмысқа қажетті заттарды пластиктен өздері жасайтын болады. Мұндай мүмкіндік кеншілер қаласындағы «Жастар» қоғамдық бірлестігі мен ССКӨБ Экология және жер қойнауын пайдалану департаментінің әріптестігі нәтижесінде туды. Білім ұясында өткен шеберхананың тұсаукесерінде эко-белсенділер ССКӨБ-тің қаржылай көмегімен құрылған мамандандырылған «Танымды экология және энергия үнемдеу орталығы» сыныбын көрсетті. Жобаның негізі ретінде голландиялық эколог-өнертапқыш Дейв Хаккенстің технологиясы алынған.
– 2019 жылдан бастап Қазақстанда пластик қалдықтарды полигонда көмуге тыйым салынады. Бүгінде Қазақстанда қоқыстарды сұрыптайтын екі зауыт қана бар. Оның бірі – Астанада, екіншісі таяуда Алматы қаласында ашылды. Сол себепті қоқысты қайта өңдеу елімізде өткір мәселе ретінде қалып отыр. Қоқыстарды жинайтын және сұрыптайтын кәсіпорындардың көпшілігі пластик өнімдерін қайта өңдеумен айналыспайды. Тек Ресей мен Қытайға қайта сату үшін қайталама шикізатты шығарады. Біз, тым болмағанда, бастапқы деңгейде пластик қалдықтарды қайта өңдеп, одан жаңа өнім өндіруді үйренуіміз керек деп ойлаймын, – дейді қаладағы «Жастар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Максим Фролов.
Жобаны жүзеге асыру үшін станоктар сатып алынды. Дейв Хаккенс ойлап тапқан технология балқытылған пластиктен жаңа формаларды құрастыруға болатын 3D-принтердің жұмыс принципіне ұқсайды. Оның жобасы Дейв Precious Plastic – «Құнды пластик» деп аталады. Сатып алынған жабдықтар пластик қалдықтардан гүл өсіретін құмыралар, шелектер, ыдыстар, плафондар, принтерге арналған жіп, интерьерлік плиткалар мен тағы да басқа қажетті заттарды шығаруға мүмкіндік береді.
– Рудный мектебіндегі пластикті өңдеу шеберханасының әзірге Қазақстанда баламасы жоқ, «алғашқы қарлығаш» деп атауға болады. Қараша айында Алматыда екіншісі пайда болады, – деді «Rocket Plastik» шеберханасының негізін салушы Данияр Бакимов. Жүйе шредерден, шикізатты балқымаға айналдыратын экструдерден, қысыммен құю құрылғысы мен фрезерлік станоктан тұрады. Барлық жабдықтар қоқыстарды қайта өңдейтін өнеркәсіптік кәсіпорындарда жұмыс істеп тұрған станоктардың тұрмыстық көшірмесі деуге болады.
Пластикті қайта өңдеуді үйрететін шеберхана №19 орта мектепте кездейсоқ орнатылған жоқ. Мектептегі экологиялық үгіт-насихат бригадасы биыл Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні қарсаңында кен алыбы – ССКӨБ өткізген «ECO FEST» фестивалінің жеңімпазы атанған болатын. Жеңімпаз бригадаға сыйлық ретінде мектепте Дейв жүйесін орнатуға сертификат табысталды. Енді балалар қоршаған ортаның жақсаруына өз үлестерін қоса алады.
Еуразиялық Топта қоршаған әлемнің тазалығы үшін күрес жыл сайын қарқын алып келеді. Осындай арнайы сыныптар экологиялық жағдайға немқұрайды қарамайтын ERG кәсіпорындарының болашақ мамандарын тәрбиелеуге мүмкіндік беретіні сөзсіз.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай облысы,
Рудный қаласы