Қазіргі таңда Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында 300-ге жуық орта буын медицина қызметкері еңбек етсе, нәрестелердің дертіне дауа сыйлаушы, әрбір емделушінің жағдайын жасап, олардың тез жазылуына септесіп жүрген мейірбикелердің жөні басқа.
Ал дертті сәбилері бар ата-аналарға демеу көрсетіп жүрген Толқын Қалықова – Педиатрия орталығының Неонатология және жаңа туылған нәрестелер хирургиясы бөлімшесінің аға мейірбикесі. Бұл бөлімшеде күрделі оталар жасалып, шала туылған, өңеш ақауы, ішкі құрылыстары, туабітті ісік, ішек атрезиясы, өкпе, бүйрек ісіктері сияқты басқа да туабітті ақаулармен дүниеге келген балалар ем алады.
Толқын 25 жыл бұрын Неонатология және жаңа туылған нәрестелер хирургиясы бөліміне кезекші мейірбике ретінде келсе, медицина майталмандарымен бірге шыңдалып, 13 жылдан бері аға мейірбике қызметін атқарып келеді.
– Жалпы, аурухана ісінің оңайы жоғы белгілі. Дегенмен неонатологияның көтерер жүгі екі есе ауыр. Өйткені бұл жерге жаңа туған нәрестелер ғана түседі. Біздің қарайтын балаларымыз 2 айлық, жаңа туғандар мен шала туылған, салмағы 650 грамнан сәл жоғары сәбилер. Бөлімде 10 мейірбике қызмет істейді. Бәрі өз ісін жақсы көретін, өз ісіне адал мамандар. Мен де өз ісімді жақсы көргендіктен, еш өкінген емеспін. Және басқа салада өзімді елестете де алмаймын. Барын салып, жауапкершілігі жоғары қызметті арқалап жүрген әріптестерімнің, бөлім медбикелері мен тазалықшыларының еңбегі орасан, – дейді Толқын.
Педиатрия орталығына науқас балалар республиканың әр түкпірінен портал арқылы қабылданады. Көбінесе нәрестелер Алматы облысы мен аудандарындағы перзентханалардан түседі. Бөлімшеде 2 пост жұмыс істейді. 1 пост – «Интенсивті терапияда» кювездегі нәрестелер мейірбикенің тікелей қарауында болады. Мұндай жағдайда медбикелер сақшы сияқты тәулік бойы нәрестелердің жанында болады. Олар кез келген сәтте алғашқы көмекке дайын болу керек.
Неонатология және жаңа туылған нәрестелер хирургиясы бөлімінде 300-ден астам нәресте ем алады. Мұндай жағдайда аға мейірбикенің міндетіне медбикелер мен тазалықшылардың қызметін реттеу, жұмыс кестесі мен тәртібін қадағалау, қол астындағы қызметкерлерді нәрестелерді күтіп-баптауға үйрету кіреді. Сонымен қатар бөлім құжаттарымен айналысу, жұмыс сапасын арттыру, шаруашылық бөлімді қадағалау, дәрігердің нұсқауларын сапалы орындау мен қажетті дәрілерге ұсыныс беріп, оны мейірбикелерге уақтылы бөліп отыру да аға мейірбикенің құзыретіндегі іс.
– Сәбилері тез сауығып кетсе, ата-аналарымен қосыла қуанамыз. Тіпті кішкентай нәрестелерге риза боласың. Титімдей болып, не деген мықтылық, ауыр оталарды жеңді деп қуанатын кездеріміз бізге қуат беріп, өміріміздің мәнін арттырады. Жұмысқа беріліп кететінің сонша, шаршағаныңды кешкілік үйге жеткенде ғана білесің. Сәби деген үлкен бақыт қой! Ал халық та айна секілді, өз кәсібіңе адал болып, тынымсыз тер төгіп жүрсең, оны көпшілік айтып жүреді. Еңбегімізге дән риза ата-аналар саны шексіз. Оған біздің бөлімшедегі том-том болып тұрған тілек кітапшасына жазылған жазбалар куә, – дейді көздері мейірім шашқан Толқын.
Ақиқатында дертті сәбилері бар ата-аналардың жанына жалау болып, балаларының өмір сүруден үмітін үздірмеу үшін мейірбикелердің де атқаратын міндеті орасан.
– Мейірбикелер бүгінгі таңда тек емделушінің күтімін ұйымдастырушы, емделушінің күтімін орындаушы, емделушінің ықыласын қорғаушы ғана емес, жылы сөзбен психологиялық көмек беруші де. Бізге көбінесе жаңадан, алғаш рет босанған аналар нәрестелерімен түседі. Өзі ауыр босанған, оған қоса баласы күрделі диагнозбен дүниеге келсе анасы үшін екі есе соққы екені аян. Сондықтан алдымен анасын сабырға шақырып, үміт сыйлаймыз. Осындай жағдайларда шыдамдылық танытып, әр науқастың көңілін табуға барымызды саламыз. Егер тіпті, біздің сөзіміз өтпесе, орталық психологтарын арнайы шақыртамыз.
Бұл дүниеде ең қымбат нәрсе – өмір, ал баланың өмірі ең асылы. Әр әке-шеше үшін бүлдіршіндерінің жүзінен ауруы жанына батқанын көруден қиын сәт жоқ. Тағдырдың ауыр сынағына ұшыраған, ұйқысыз түндер кешкен, мазасы кеткен ата-аналарға көмек көрсету мұндағы педиатр-дәрігерлердің міндеті. Әр ата-ана бар байлығын сеніп тапсыратындықтан, біздің қызмет ең жүгі ауыр жауапкершілікті іс, дейді ширек ғасырдан бері үздіксіз еңбек еткен медбике.
Дертті жандармен жұмыс істейтіндіктен, мейірбикелерге ең бастысы жанашырлық, ептілік, жауапкершілік, жылы жүз қажет. Әр мейірбике кішкентай балаларға күтім жасауды бес саусағындай білуі тиіс, білімді, сабырлы, жауапты болуы қажет. Өйткені, дәрігер емінің нәтижелі болуы медбикенің ем-домды уақтылы көрсетіп, өз міндетін мүлтіксіз атқаруына тікелей байланысты. Науқастың денсаулығына дәрігерден кем жауап бермейтін де мейірбике. Бұл жұмыста босаңсуға, ісіңе салғырт қарауға болмайды. Сондықтан әрдайым жауынгер сияқты бабыңда болуың шарт, деп қоштасты тәжірибелі маман.
Әрине, 25 жыл деген аз уақыт емес. Осы аралықта әріптестерінің шынайы қошеметіне ие болған Толқын Мырзақызы денсаулық сақтау саласына сіңірген айрықша еңбегі үшін талай мәрте марапатталды. Алайда мейірбике үшін марапаттың үлкені – ата-аналардың риясыз алғысы.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ