1925 жылы «Еңбекші қазақ» газетінің №407 санында жарияланған қысқа ғана бұл мақаладан сол кездегі ел өмірі туралы біраз ақпарат алуға болады. «... саны 6 миллион шамаланған қазақ елінің...» деген сөйлемнің өзі Ахаң айтқан «Әлхамдулла, алты миллионбызын» нықтап өткендей. Газеттің 4 жылдық мерекелік санына орай жазылған мақаланың авторы «Сарықұлұлы» деп көрсетіліпті.
Газет – үкімет тілі, жұрт айнасы. Ел мен үкіметті сөйлестіріп отыратын елшісі. Еңбекші елдің жоғын іздейтін жоқшысы. Қамын жеп қайғыратын қамқоры. Жол көрсетіп, жөн сілтеп, адасқанын айтып, қоныс іздейтін көшбасшы қариясы. Соның бәрін мойнына алып отырған газет жазушы және тілшілермен көркейіп, оқушылармен ұлғаймақ.
Мәдениеттен кенже қалған саны 6 миллион шамаланған қазақ елінің орталық жалғыз газеті «Еңбекші қазақ» бүгін тұсауын кескен баладай төрт жасты жасап, бес жасқа шығып отырса да, саны он мыңға, белгілі тілшілері бір мыңға жеткен жоқ. Әрине, бұл біздің қазақ азаматтарының газет ісіне суық қарағандығын көрсетеді.
Біздің ел адамдарымыз түгіл, қызметтегі азаматтарымызға газетке жазылыңыз десеңіз, кейбіреулері: «Пұл төлемей-ақ оқып жүрмін», дейді. Бұдан болыстық, ауылдық кеңселерге арналған газеттерді жолсоқты қылатыны көрінеді.
Қолы хат білетін қызметтегі азаматтарымыздың көбі газетке хабар жазғанды ар көреді. Газет тілшілерін өсекшіл деп кекетіп те жүреді. Бұдан ол азаматтарымыздың саяси сауатсыздығы, әлеумет ісіне берілмегендігі, қара басының қамын іздеген өзімшіл надандығы көрінеді.
Біздің айтарымыз:
1. Қолы хат білетін қазақ азаматтарының көрген-білген хабарын жазып, басқармаға жіберіп тұру міндеті. Сондықтан олар жазып тұруы керек.
2. Ел ішінен тілшілер белгіленіп, оларға басқармадан нұсқаулар жіберіліп тұруы керек. Қалалардан тілшілер ұйымы ашылуы керек.
3. Қызметте жүрген қазақ азаматтары істеп жүрген ісінде қазақ еліне келген пайданы, зиянды күнделік тәжірибесінен біліп, қазақ елінің тұрмысын жөндеу туралы пікірлерін жазып тұрулары керек.
«Еңбекші қазақ» күнделік газет болсын.
Қызметтегі қазақ азаматтары «Еңбекші қазаққа» жазылуға міндетті болсын.
Ел ішінен жазылушылар жиналып, оларға газет жолсоқты болмай тиюіне қатты шара қарастырылсын.
«Еңбекші қазақ» 6 жасқа шыққанда тілшілері бес жүзге, тиражы жиырма бес мыңға жетсін.
Дайындаған Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»