Қазақстан мен Бразилияның қарым-қатынастарының тарихында тұңғыш рет елімізге осы мемлекеттің Сыртқы істер министрі ресми сапармен келді.
Сапар аясында Қазақстанның Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Оңтүстік Америка құрлығынан келген әріптесі Алоизио Нунес Феррейрамен ресми кездесу өткізді.
Кездесу барысында Қ.Әбдірахманов А.Феррейраны өткен жексенбі күні Бразилиядағы президент сайлауының өтуімен құттықтады.
– Бразилия біздің Оңтүстік Америка мен Латын Америкасындағы және халықаралық аренадағы басты серіктесіміз. Екі ел географиялық тұрғыда алшақ жатқанымен, бізді достық пен ынтымақтастық, өзара сыйластық, әрі қарайғы тиімді қарым-қатынастарға мүдделілік байланыстырады, – деді Қ.Әбдірахманов.
Министрлер екі мемлекеттің сауда-экономикалық, инвестициялық бағыттарда өзара байланысын нығайта түсу қажет деген тоқтамға келді. Өткен жылы мемлекеттер арасындағы сауда айналымы 135 млн АҚШ долларына жеткен.
Ал Бразилияның ауыл шаруашылығы саласында әлемдегі көшбасшылардың бірі болуы да ынтымақтастықтың жаңа қырларын ашуға септігін тигізбек.
Оған қоса, 2016 жылдан бастап Қазақстан мен Бразилия арасында визасыз режім енгізілген.
Ал биыл еліміз алғаш рет Бразилияға уран тасымалдай бастады. Атап айтқанда, «Қазатомпром» ҰАК» АҚ Бразилияның «INB» кәсіпорнының халықаралық тендерін жеңіп алған болатын.
– Қазақстан өз тарапынан Бразилиямен жасыл технологиялар, энергетика, әскери-техникалық, ғарыш және туризм саласында байланыстарды жандандыруға мүдделі, – деді Қ.Әбдірахманов.
Ал көпжақты қарым-қатынастарға келер болсақ, Қазақстан мен Бразилияның халықаралық бейбітшілік және қауіпсіздік мәселелеріне байланысты көзқарастары ұқсас.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабы алдағы жылы Бразилияда португал тілінде жарыққа шығатындығы айтылды. Осы арқылы Қазақстан Президенті бастамашылық еткен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы оңтүстікамерикалық құрлықта да тәжірибе жүзінде іске асырылмақ.
Кездесу барысында өзара қарым-қатынастардың басым бағыттары белгіленді.
Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»