Конференцияға 300 делегат қатысты, деп хабарлайды Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Конференция жұмысына «Нұр Отан» партиясының хатшысы, партия Саяси кеңесінің мүшесі Қаныбек Жұмашев қатысты. Партия филиалы Саяси кеңесінің, бақылау – тексеру комиссиясының 2017-2018 жылдары атқарған жұмыстарының есебі тыңдалды. Сонымен қатар, Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауынан туындайтын міндеттер талқыланды.
Жиында Қаныбек Жұмашев «Нұр Отан» партиясының «Үздік бастауыш партия ұйымы» Республикалық байқауының атыраулық 12 жеңімпазын марапаттады.
-Партия еліміздің ішкі және сыртқы саясатының орнықты болуына, өндірісін өркендетіп, ауылшаруашылығын қарқынды дамытуға, шағын және орта кәсіптің қанат жаюы мен еліміздің әлем елдері қауымдастығы арасындағы беделін қалыптастыруға үлкен ықпал етуде. Еліміздің ғасырға пара-пар қысқа уақытта әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамуына және өсіп-өркендеуіне партия мүшелерінің қосқан ұлесі зор,- деп атап өтті партия хатшысы.
Сонымен қатар конференцияда партияның Саяси кеңес құрамы мен бақылау-тексеру комиссиясы құрамы сайланды.
Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев өз баяндамасында облыста партия атқарып жатырған жұмыстарға тоқталып өтті.
-Бүгінде Қазақстан Республикасы Президентінің бес әлеуметтік бастамасының іске асырылуын бақылау жөніндегі Атырау облыстық Қоғамдық кеңесі құрылып, бірінші - төртінші бастамалары бойынша тиісті органдарға 23 ұсыныстар әзірленіп, орындалысы тұрақты бақылауға алынды,- дейді аймақ басшысы.
Атырауда жаңғыру жұмыстарының негізгі өзегі – партиялық кадрларды даярлауда политологиялық білім ерекше назарға алынып, өңірлер бойынша алғашқы және әзірге дара «Саясаттанушылар орталығы» құрылды. Орталық арқылы сараптама жүргізіліп, идеологиялық қызмет бағыттары мен методикалық материалдар нақтыланды.
Сонымен қатар, облыста жаңа бастамашыл партиялық жобалар аясында «Бірлік» БПҰ-ының қолдауымен «ІТ-мамандарын даярлау орталығы» құрылды және облыс бойынша 10 «IT-сыныбы» бойынша 752 бала бағдарламалау мен робототехника дәрісін меңгеруде.
Жастар мәселесі партияның басты назарында. Партия Төрағасының тапсырмасына сәйкес, мектеп түлектерін БПҰ-дары арқылы жұмыспен қамту және оқуға тарту шаралары жүргізілді. Меморандумдар аясында «APEC Petrotechnic» жоғары техникалық колледжіне 350 жас қабылданса, «Жалын», «Арнаулы автобаза», «Каспий-Балық» өндірістік кооперативі БПҰ-дарымен 120-дан аса түлек жұмысқа қабылданды
-Партияның модернизациясы әрбір азаматқа, олардың жетістіктерге жетуіне жәрдемдеседі және еліміздің Үшінші жаңғыруының дәуірлік міндеттерін шешуге септігін тигізеді. Елбасы айқындап берген нақты стратегиялық міндеттер бар. Стратегиялық мақсаттарды Президент белгілейді, бұл әр «Нұр Отан» партиясының мүшесіне ауқымды мақсаттар мен жауапкершілік жүктейді. Партия Төрағасының тапсырмаларын табысты жүзеге асыру үшін бәріміз жұмылып, ортақ мақсаттарға бірге жетуіміз қажет, деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.