Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының сахнасында Нартай Сауданбекұлының «Мұқағали, Нұрғиса» драмасының премьерасы өтті.
Жаңа қойылымның кейіпкерлері – қазақтың аңызға айналған қос тұлғасы композитор Нұрғиса Тілендиев пен ақын Мұқағали Мақатаев. Пьеса авторы Нартай Сауданбекұлы бұл шығарманы ерекше тебіреніспен жазғанын айтады. Сиясы кеппеген, әлі еш сахнада қойылмаған дүниені Батыс Қазақстан облыстық театрының басшысы Қуаныш Амандықов ат-түйедей қалап алыпты. Алатау алыптарының бейнесін Ақжайықта тірілткен – Қалибек Қуанышбаев атындағы Астана Мемлекеттік академиялық Қазақ музыкалық драма театрының режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Жұманиязов.
Шығармаға ақын өмірінің соңғы күндері, қаламгер мен сазгердің шығармашылық тандемі, «Құстар қайтып барады», «Саржайлау», «Есіңе мені алғайсың...» әндерінің шығу тарихы өзек болған. Басты рөлдерді Орал театрының танымал тарландары – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сердеш Қажымұратов (Нұрғиса) пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ербол Есендосов сомдады. Драмада сазгердің жары Дариғаны сомдаған Ақмарал Амандықова мен Мұқағали жырын жатқа соғатын «айықтырғыш қызметкері» Салауат Түменовтің ойыны да ерекше қанық, нанымды шыққан. Қойылымның музыкалық кеңесшісі – «Құрмет» орденінің иегері, Мәдениет саласының үздігі Еркін Нұрымбетов пен хормейстер Наталья Санбаева болса, сахнаны сәндеген – қоюшы суретші Мұрат Мәмбетов. Сахнада өнер көрсеткен хор капелласының өнері өлмес жыр мен өшпес саз туралы шығарманың шырайын кіргізді.
– Қазақтың маңдайына біткен ұлы тұлғалардың өмірі, тағдыры көз алдымызға келгендей болды. Осы көріністі әсерлі жеткізген актерлердің шеберлігіне ризамыз. Сондай-ақ қойылымды сахналаған режиссер, өзіміздің жерлесіміз Нұрлан Жұманиязовқа, автор Нартай Сауданбекұлына Ақжайық көрермендері атынан ризашылығымызды білдіріп, қазақ салтымен шапан жабамыз, – деді премьера соңынан сахнаға көтерілген Батыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев. Бұл құрмет осы премьераны тамашалауға арнайы келген танымал актер Қуандық Қыстықбаевқа да көрсетілді.
Айта кетейік, Орал театрында қазақстандық, тіпті шетелдік режиссерлер арнайы шақырылып, қойылым қоюы – көп жылдан бері қалыптасқан дәстүр. Мәселен, бүгінгі премьераның режиссері Нұрлан Жұманиязовтың өзі бұған дейін осы сахнада америкалық драматург Вина Дельмардың «Баянсыз бақ» драмасы мен Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кемесін» сахналаған. «Мұндай әріптестік театр ұжымының шығармашылық әлеуетінің өсуіне, өзара тәжірибе алмасуына оң әсер етеді», дейді театр басшысы Қуаныш Амандықов.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы