Сөз басы
«Борап тұрған от пен оқтың ортасынан аман шығып, соншама тауқыметті басынан өткеріп, тура Жеңіс тойына бір күн қалғанда тосыннан оққа ұшып, аяныш сезіміңді оятып жататын майдангер-кино кейіпкерлері болады ғой. Менің тағдырым сол тектес. Ішкі істер саласында мінсіз атқарған 20 жылдан астам еңбегім зая кетті. Заңды зейнет демалысыма қазір не бәрі бір-ақ күн жетпей тұр. Бес жылдан бері әділдік іздеп келем. Иығыма погон ілген күннен бастап әділдік пен ақиқаттың қорғаушысы болған менің өзіме бүгін қорғаушы керек...». Редакцияның Алматы бөлімшесіне өз аяғымен келіп, сырын ақтарған полиция офицерінің ендігі үміті кеше ғана жарияланған Президент Жолдауындағы «Ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі жол картасын» қабылдауды тапсырамын» деген нұсқауы екен. Қазақ полициясындағы басталуға дайын «түпкілікті реформа менің жолымды ашар, осы күнге дейін басымнан кешкен қиянат атаулыға тосқауыл қояр» деген оймен келіпті тараздық жігіт. Кеше ғана жәбір көрушіні жан-тәнімен қорғаған, ал бүгін өзі жәбір көрушіге айналған Қуанышбек Қыдырбаевтың тағдыр жолының бұлайша тәлкекке ұшырауына не себеп?!.
Жарлыққа қиямпұрыс қарау деген осы емес пе?!
Ішкі қызметтік ауыс-түйістерге байланысты уақытша резервке қойылған полиция майоры Қуанышбек Биназарұлы Қыдырбаев ойламаған жерден Жамбыл облыстық ІІД-нің 2013 жылғы 20 қыркүйекте шығарылған №221-ші бұйрығымен жасының жетуіне байланысты деген уәжбен қызметтен босатылады. Ең қызығы, бұған дейін тек қана жақсы қырынан көрініп жүрген кәсіби қызметкерге ол туралы алдын ала жазбаша немесе ауызша ескерту жасалмаған.
– Сорақылықтың шексіздігіне таңғаламын, – дейді Қуанышбек Қыдырбаев, – мәселен, құқық саласында қызмет атқаратын тәртіп сақшылары бола тұра біздің жоғары лауазымды азаматтарымыз Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған негізгі Жарлықтың талаптарын да білмейтін болып шықты. Елбасы бекіткен 2010 жылғы 17 тамыздағы «Қазақстан Республикасында құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінің тиімділігін арттыру жөніндегі шаралары туралы» әлі күшін жоймаған №1039-ші сол Жарлықта «Осы Жарлықтың қолдану аясына түсетін адамдар үшін зейнеткерлікке шығару кезінде әлеуметтік қамсыздандыруды, барлық жеңілдіктер мен артықшылықтарды, ал кемінде 20 жыл қызмет өткерген адамдар үшін қызметін аттестациялаған лауазымдарда өткеруді аяқтау мүмкіндігін сақтауға» деп тайға таңба басқандай етіп жазылған. Менің сонша жыл шабылып осы күнге дейін басымнан өткізген барлық әуре-сарсаңның нүктесін осы Жарлықтың өзі-ақ қоюға тиісті еді. Өкінішті-ақ... Жалпы, қызметтен не үшін босатылғанымды осы күнге дейін түсіне де алар емеспін!».
Қ.Қыдырбаевтың айтуынша, Жамбыл облыстық ішкі істер департаментінің сол кезеңдегі басшылығы жоғарыдағы Жарлыққа қиямпұрыс қарап, оны жазықсыздан-жазықсыз қызметтен шеттеткен. 20 жылдан астам қызмет жылдарындағы оның жанқиярлықпен еткен адал еңбегі, министрдің өз қолынан алған «Құрмет грамотасы», сансыз марапаттары мен мақтау қағаздары, бағалы сыйлықтары мүлдем ескерусіз қалған. Әрине жоғары білімі туралы қос дипломы бар – инженер-заңгер әрі өзі құқық саласының офицері мұндай жөнсіздікпен келіспейді. Алдымен сотқа жүгінеді. Көп кешікпей-ақ Тараз қалалық сотының 2014 жылғы 18 сәуірдегі шешімі облыстық ішкі істер департаментін Қуанышбек Қыдырбаевты қызметке қайта орналастырып, ол шеккен моральдық және материалдық шығынды орнына келтіруге мәжбүрлейді. Сот шешімін «мүлтіксіз» орындаған облыстық ІІД басшылығы офицер Қыдырбаевты қаладағы ІІМ қарауындағы училищеге қызметке жібереді. Бірақ «жүгенсіз» офицердің өзі қызмет еткен мекемесін көпе-көрінеу сотқа беруі талайдың шамына тиіп қалса керек...
«Черняевка» шекаралық бекетінен қайтарылған мәйіт...
Сұрақ-сауал көбейіп, офицер үзіп-созып қызметтік әңгімелердің тиегін ағытты. 90-жылдары капитан Қыдырбаев Құлан (бұрынғы Луговое) ауданындағы жол полициясы бастығының қызметін атқарған екен. Алматы – Ташкент күре жолы аудан орталығын және бірнеше ауылды қақ ортасынан қиып өтер еді. Бірде Көкдөнен ауылындағы жол бойында қанды оқиға болады. Жол жиегі қан жоса, бірақ зардап шегуші жоқ, өлі-тірісі белгісіз. Қаққан көлік те дерексіз. Бұл ауылдың да, адамдарының да жайын жақсы білетін Қуанышбек алдымен таныс зейнеткерлердің бірінің есігін қақты. Адаспапты, жүзін аздап үрей билеген Мария Васильевна нағыз куәгер болып шықты.
– Таңғы сағат төрттер шамасында тауықтарға жем шашайын деп сыртқа шыққанмын, жол жиегінде қол көтеріп тұрған жолаушыны қызыл түсті «Икарус» автобусының қағып, мұрттай ұшырғанын көзіммен көрдім. Даусым шығып кете жаздады. Автобус екпіндеп әрең тоқтады. Қорадан бас шығармай, бәрін байқап тұрдым. Автобустан асығыс түскен екі адам жан жағына шошына қарап, ешкім көзге түспеген соң мәйітті дереу әлденеге орап, автобустың астыңғы жүк қойғышына салып өздерімен бірге алды да кетті. «Мария Васильевна-ау, көліктің мемлекеттік нөмірін байқап қалмадыңыз ба?» «Е,Коля, менде ес бар дейсің бе?..» деген зейнеткер тауық қораның ішінде жатқан қаңылтырды көтеріп жіберді. Айналайын апамыз қаңылтыр астындағы теп-тегіс батпаққа өзбекстандық автобустың нөмірін шыбықпен баттиып ойып тұрып жазып қойыпты... Көк жолақты «жигулиімді» қамшылап, құйындатып қылмыскердің ізіне түстім. Екі ел шекарасындағы «Черняевка» шекара бекетіне жеткенде ғой, бекеттің арғы бетінде тұрған автобустағы таныс нөмір көзіме оттай басылды. Шекара. Қанша жерден жанұшырып куәлік көрсеткеніммен жауынгерлер мені арғы бетке өткізбеді. Қылмыскер-автобус көз алдымда оталып тұр. Қазір жүруге дайын. Уақыт – тапшы... Шекара офицеріне дауыстап, көзім толық жетіп тұрмаса да, «Анау қызыл «Икарустың» жүк салғышында адам мәйіті жатыр» дедім дауысымды көтере. Рас болып шықты. Қанға әбден малшынған кездемеге адам мәйіті оралыпты...
Айта берсе ондай оқиғаның талайын бастан кешірдік. Бірде дәл сондай дабылмен оқиға орнына жеттім. Жыға танымайтын бір қарт кісі таң мезгіліндегі бұл оқиғаға жасыл «Ниваның» қатысы бар деді. Бірақ нөмірін байқай алмаған. Халықпен жұмыс істеу деген осы! Қай кезде де қол ұшын беруге әзір. Көлік қаққан орта жастағы әйел ауыр жарақатпен ауруханада хал үстінде жатыр. Дереу жолға шықтым. Көрші облыстың Машат асуының үстінде бала-шағасымен сапарлап бара жатқан ресейлік көліктегі ресейлік отағасын тоқтаттым. Бұл мен жолай тоқтатқан 4-ші жасыл «Нива» еді. Көліктің оң жақ тұмсығындағы шытынаған шамына жұққан қан сызығына үңіле бастағанымда-ақ, орта жастағы жүргізуші селкілдеп, жыламсырап қоя берді...
Сары «жигули» мен сәмбі талдың бұтағы
Ауғанстанда интернационалдық борышын өтеген жап-жас жігіттің қорланған мәйітін таптық. Жап-жаңа «алтылық» сары «ригулиі» қолды болған. Оқиғаның жантүршігерлігі – қала сыртындағы елсіз-жұртсыз құмдауыт сайда автомобиль иесінің жүрек тұсынан білектей сом темірді аяусыз қағып өлтіріпті. Адам айтқысыз айуандық! Жедел топ дереу қылмыскерлерді іздеп кетті. Мен жоғалған көліктің төңірегінен деректер жинай бастадым. Есірткі сорасын сатып әлденеше рет ұсталған жесір әйел сұрастыру барысында Тараз қаласының Талас өзені аумағындағы қызғылт түсті биік қақпалы үйдің ауласында іздеудегі көлікке ұқсас «жигули» тұр деген дерек айтты. Қылмыскерлердің бас бермей, көлік ұрлығының өте бір зорайып тұрған кезі. 90-жылдардың аяғы. Зәулім үйдің иесі беделді әрі заңсыз арақ-шарап сатумен айналысатын алпауыттың өзі екен. Тамырын тереңге жайып алған. Ол, әрине оңайшылықпен қақпасынан аттатқызбайды. «Ұрыста – тұрыс жоқ», кештетіп сол үйді әртүрлі көлікке мініп, әлденеше рет айналып өттім. Биік дуалдың сыртында биік сәмбі тал төгіліп өсіп тұр. Амалын тауып түн қараңғылығында сол сәмбі тал арқылы жоғары өрмелеп шығып, ауланың ішіне көз жүгірттім. Мен отырған иілген бұтақтың астында іздеудегі алтылық сары «жигулиден» аумайтын көлік қаңтарылып тұрды. Нөмірі шешілген. Құжаттары салонның ішінде болуы тиіс. Ең қауіптісі, екі қабаған ағылшындық бультерьерлер аула ішінде бос жүреді екен. Дәлелсізден дәлелсіз «мынау ауғандық жігіттің көлігі» деп қайтіп айтарсың?! Екінші күні мұздай қаруланған сержант инспекторымды қоршаудың сыртына жасырып, сәмбі талға тағы өрмеледім. Иттер есік алдындағы жайына қайтқанша үздігіп тосып, иілген сәмбі талдың бұтағымен төмен түстім. «Жигулидің» кішкене терезесінің іліншегін сымтемір өткізіп аштым. Абырой болғанда ауыл итіндей иісшіл сақ та емес ау деймін, ұсқынсыз тұмсығынан адам қорқатын, қабатын болса тірідей жеп қоятындай екі еуропалық төбеттің «тыныстап» жатқан сәті тура келіп, көліктің ішінен бар құжатты алып шықтым. Жедел топтың алдына тастадым. Ертең Қырғызстан асқалы тұрған «жигулидің» жолы кесілді. Қылмыскерлер құрықталды. Қылмыс әлемінде бедел жинап үлгерген екен, үй иесі жауапкершіліктен он-сан сылтаумен құтылып кетеді. Облыстың ішкі істер департаментіндегі зейнетке дайындалып жүрген аса лауазымды бір азамат Қуанышбекке кездейсоқ жолыққан сәтте әлгі «арақ сатушының» атын атап «сүттен ақ кісіні соншама күстаналағандарың не?» деп дүрсе қоя бергені де жадында. Таңғалған!..
Түйін
Қ.Қыдырбаевтың ойынша, сот шешімінен соң қатты «тістенген» облыстық департамент басшылығы қызметке тұрған полициялық оқу орнының жабылатынын алдын ала білген де, ол қызметке оны әдейі жіберген де секілді. 2015 жылдың 15 қаңтарында полиция қызметкерін қайтадан резервке қояды да, алдағы айдың, яғни, ақпанның 2-сі күні жасының ұлғаюына байланысты деген желеумен қызметтен біржолата босатады. «Жаныма бататыны, резервтегі уақытымды төрт жыл бойы созып, ол кезде 48 жаста едім, 52-ге толғанымша ұстады. Осы жылдар ішінде департаменттің өзі ұсынған лауазымды қызметтерге 9 рет (!) келісімімді бергеніме қарамастан, сыныққа сылтау іздеп уақытты әдейі ұзартты. Тіпті резервте тұрған кезімде басшылықтың маған полицияның киім үлгісін беруге дейін тыйым салғанын да ұмытқан жоқпын. Не үшін?..» деген Қыдырбаев бұдан кейін де берісі Тараз, арысы Астанада болып, талай есіктің табалдырығын аттаған. «Жетпей қалған бір күнім үшін құжаттарымды жинап өткізіп жастық жалын мен жігерімді жұмсаған полициямнан еңбек зейнетіне шықсам деген арманымды Президенттің кешегі халыққа жариялаған Жолдауы қанаттандырып жіберді» дейді майор Қыдырбаев.
Қуанышбектің бір бейнесі маған Голливудтің «жұлдызы» Уолтер Брюс Уиллис сомдаған «Тасжаңғақ-1,2,3...» шытырман оқиғалы фильміндегі америкалық қайсар полиция қызметкерінің тұлғасын көз алдыма алып келгенін де жасыра алмаспын. Қуанышбек – бүгінде жұмыссыз, зейнетақысыз жүр. Бірақ тараздық «тасжаңғақ» майор әділдік жолындағы үмітін еш үзген емес. Азаматтар санасында полицейлер жазалаушы емес, керісінше, қиын жағдайда көмек көрсетуші деген түсінік орнатуға ширек ғасырға бейім күш-қуатын арнаған тәртіп сақшысының сол үміті ақталар, Жамбыл облыстық ішкі істер департаментінің таяуда ғана тағайындалған жаңа басшылығы тарапынан, бәлкім, оның ісі игілікті оң шешімін табар деген сенімдеміз.
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ