• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Аударма 07 Қараша, 2018

Көміртексіз болашаққа қадам басқан қала

565 рет
көрсетілді

Дисней әлемінің үйі атанған бұл қала талайдан бері туристер көп баратын мекенге айналған-тұғын. Қазіргі таңда жаңа межені бағындыруға талпынып көміртегі арқылы алынатын энергиядан толық бас тартатын тұңғыш шаһар атанбақ.

Иван ПЕНН, «Нью-Йорк Таймс» – Орландо (АҚШ)

Мұның алғышарттарын қа­ланың әр жеріндегі жаңбырдың суын жинайтын мыңдаған құ­дық­тардан көруге болады. Қал­қы­малы күн панельдері сумен бір­ге көтеріліп, қайта түседі жә­не электр энергиясын стансаға жібереді. 

Осындай мысалдарды қала кө­ше­лерінен де кездестіре аламыз. Электр тоғының орнына кө­­ше шамдарының үстінде күн панель­дері қойылған. Ша­һар­дағы 25 000 шамның 18 000-ға жуы­ғы әл­де­қашан өте тиім­ді сәу­ле шығаратын диодқа алмасты­рыл­ған. 

Тіпті балдырлы көлшіктер де ма­ңыз­ды рөл ойнауы мүмкін. Ресми өкіл­дер осында қала­дағы электр стан­са­лары мен кө­лік­терден шыға­тын кө­мірқышқыл газын атмосфе­раға шығарудың орнына оларды жи­най­тын жүйені сынақтан өткізіп жатыр. 

Орландо климат өзгеруінің әсерімен күресу үшін ерекше ба­ғыт­ты жетілдіріп келеді. Әсі­ресе федералды биліктің шегін­ген жерінде алға қадам басады. Орландо былтыр президент До­нальд Трамп АҚШ-тың Париж келісімінен шығатынын мәлім­дегеннен кейін климаттың жылы­нуына қарсы күресін тоқтат­пай­тынын мәлімдеген америкалық 300 қала мен облыстың қатарында. 

«Біздер, қалалар бастамашы болуымыз қажет. Негізі билік осы жұмысты атқаруы қажет еді, бі­рақ олар қабылдаған әрбір ше­шімі арқылы кері кетіп бара жатқандай», дейді Орландо қала­сының тұрақтылық жөніндегі директоры Крис Кастро. 

Орландо 2050 жылға қа­рай қуат өндіру барысында кө­мір­қышқыл газын шығармауды мақсат етіп отыр. Қала мэрі Бадди Дайер алға қойылған межеге жету үшін әлі де атқарылатын жұ­мыстың көп екенін атап өтеді. «Қоғам ретінде келешекке ба­ғытымызды сәтті айқындадық. Меніңше, 100 пайыздық межеге жету үшін технологиялық тұр­ғыда да жаңашылдық қажет екенін мо­йындаймыз», дейді ол. 

Күн астындағы штат ретінде та­нылған Флоридада күн қуа­тын тиімді пайдаланудың мүм­кін­­дігі мол. 2020 жылға қарай Орлан­до­дағы тұтынылатын энер­гияның 8 па­йызы күннен алынады деп жоспар­ланған. 

Коммуналды қызмет 20 мега­ватт күн энергиясын өндіретін құ­рыл­ғы орнатты. Ол шамамен 3200 үй­ді жарықтандыруға жет­кі­­лік­ті. Сон­дай-ақ шаһардың 280 000-ға жуық тұрғыны қосымша 10 мега­ват­­ты үйлерінің шатырында орна­тыл­ған күн панельдері арқылы алады. 

Ынталандыру ретінде үй иелері электр стансасына жіберген қуат көлеміне лайық жеңілдік алады. Қала билігі су тазалау ор­та­лы­ғының бассейндерінде қалқы­малы күн панельдерін орнатуға ниетті. 

Алайда сарапшылардың ай­ту­ын­ша, күн энергиясы Орлан­до­ның 100 пайыздық межені бағын­дыруына көмектесе алмайды. Мұнда көмір жағудан бө­лі­нетін улы газ жалпы көлемнің 47 пайызын құрайды. Орландоның күн және жел энер­гия­сын қолдануды арт­ты­ру­ға талпынуы қуат жинағыш ба­та­рея­лар­дың маңыздылығын көр­сетеді. Алайда олардың бағасы әлі де қымбат. 

Сонымен қатар кейбіреулер электр стансаларына ғана көңіл бөлу жылыжай газы мәселесінің бір бөлігі ғана екенін айтып, сын­ға алады. 2017 жылы елдегі энер­гия тұтынудың үштен бірі­не жуығы электр тоғы индус­триясына тиесілі болды. АҚШ Энер­гия ақпараты әкімшілігінің мәлі­метіне сай, көлік пен өнеркәсіп тұтынатын энергия жалпы көлемнің жартысын құраған. 

Табиғи газ автобус жүйе­сін қамтамасыз етеді, қоқыс шы­ға­ра­тын көліктерде орнатылған гибрид қозғалтқыш бензин қол­данысын азайтады (Полиция электрмен жүретін мотоциклдерге ауысты). 

Орландоның көліктерге қыз­мет көрсету дүкенінде жанармайды араластырып, жүк көліктерінің паркін қамтамасыз ететін табиғи газ стансасы бар. Кешен пайдаланатын энергиясының 60 пайызын күн қуатынан алады. 

Табиғатты қорғау өкілдері үдерісті бақылап отыр. «100 пайыз таза энергия тұтынуға шешім қабылдаған қоғамға 100 пайыз таза энергия тұтынуына жағдай жасалуы тиіс. Сондықтан көмір және газ жағатын ескі стансалардан бас тартуы керек», дейді Sierra Club-тың (қоршаған ортаны қорғау жөніндегі ұйым – А.А.) директоры лауазымын атқарушы Майкл Бруне. «Сондықтан елдегі қоғам көшбасшылары саясаткерлер мен станса басшылығын осы мақсатты жүзеге асыруға шақырады», дейді ол. 

Мақсатқа жету жолындағы жасалатын осындай үдерістер әлі де көптеген қадамды қажет етеді. «100 пайыздық межеге жақындаған са­йын алдан көптеген сынақ шығады. Келешекте 100 пайыздық нәтиже көрсету жолында қазіргіден де басқаша жағдайға куә болуымыз ықтимал», дейді Эд Смелофф. Ол Калифорниядағы көмірқышқыл газынан ада энергияны қолдайтын Vote Solar ұйымының өкілі.

© 2018 The New York Times News Service

Мақалаларды аударған 

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

Светлана Ғалымжанқызы, 

«Егемен Қазақстан»