Елорда төрінде шымылдығын ашқан «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалінің 21-рет өткізілуі жастарды қолдаудың айқын мысалы болса керек.
Жас таланттар асыға күтетін байқаудың салтанатты ашылуы Бейбітшілік және келісім сарайында өтті. Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев қатысушыларға сәттілік тілеп, елорда басшылығының атынан байқауды дайындап, ұйымдастырғандарға, сондай-ақ қазылар алқасының мүшелері мен қонақтарға, «Шабыт» фестиваліне келген танымал өнер жұлдыздарына алғысын білдірді.
– Мемлекет басшысы қазақстандық жастардың шығармашылығын дамытуға айрықша көңіл бөледі. Жақында халыққа Жолдауында Республика Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев келесі жылды Жастар жылы деп жариялады. Бүгінде жер-жерлерде және мемлекеттік деңгейде, Астана әкімдігінің деңгейінде үлкен кешенді бағдарлама әзірленуде, онда жастарды, оның ішінде еліміздің және елордамыздың шығармашыл жастарын қолдаудың түрлі шаралары қарастырылады. Осымен «Шабыт» 21-рет өткізіліп отыр. Фестиваль елордамызбен бірге дүниеге келіп, бірге жасап, өркендеп келеді, шығармашылық пен өнер шыңдарын бағындыруда. Жыл сайын көздерінде от ойнаған, сөздерінде жалын бар жас таланттарымызды қарсы аламыз, – деді Е.Аманшаев.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор Төлеген Мұхамеджанов пен Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры, профессор Айман Қожабекқызы − «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің негізін қалағандар. Дәл осы себепті де оларды ел ішінде байқаудың «ата-анасы» деп атап кеткен.
– Байқаудың барша әлем бойынша табынушылары бар, оның лауреаттары бүгінде мәдениет қайраткерлері атанып жүр деп зор мақтанышпен, қуана айта аламыз, – деген Айман Қожабекқызы конкурсанттарға жоғары деңгейде өнер көрсетуді тіледі.
Ал Төлеген Мұхамеджанов фестивальдың алғаш шымылдығын ашқан күндерін еске алып, тағылымды тарихқа бір сәт көз жүгіртті.
– Нұрсұлтан Әбішұлы бірінші фестивальды өзі ашты, залда отырып, қатысушыларды қошеметтеген болатын. Бір кездері өнер көрсеткен жастардың алды 40-тан асып, «Шабыт» жаққан шырақтардың кейбірі бүгін қазылар алқасының құрамында отыр. Ұрпақтар сабақтастығы деген осы, бұл ұрпақтан-ұрпаққа берілетін эстафетаның символы деуге болады. Жастарға сәттілік пен бақыт тілеймін!, – деді Т. Мұхамеджанов.
«Шабыт» фестивалінің салтанатты ашылуы биылғы аталымдар бойынша бәсекеге түсетін конкурсанттардың өнер көрсетуімен жалғасты. Халықаралық конкурстардың жеңімпаздары мен лауреаттары Аслана Гумарова, Нұрай Мықты, «Бастау» дуэті, сондай-ақ Витебскіде «Славян базары-2018» байқауының алтын жүлдесін алған, Әміре атымен атағы шыққан Ернар Садырбаев өнер көрсетіп, Қайрат Баекенов пен «Формат» ұжымы солистері де сахнада ән салды.
Биылғы байқауға қатысуға еліміздің түкпір-түкпірінен 613 адам ниет білдірген. Конкурсанттар арасында барша Қазақстанның жастары, сонымен қатар Ресей, Беларусь, Украина, Грузия, Израиль, Башқұртстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Өзбекстан мемлекеттерінің де өкілдері бар. Байқау бағдарламасына классикалық музыка, халық музыкасы, эстрадалық вокал, хореография, журналистика сынды 5 негізгі аталым еніп отыр. Кейбір аталымдар секцияларға бөлінеді, олардың әрқайсысында негізгі жүлделі орындар мен Гран-приден басқа, танымал өнер қайраткерлерінің құрметіне арнайы атаулы дипломдар да қарастырылған.
– Жыл сайын 10-20 аталымнан өткізу өте қиын. Сондықтан оларды өзгертіп отыру туралы шешім қабылдадық. Биылғы байқаудың ерекшелігі, соңғы рет 2011 жылы болған журналистика аталымының енгізілгендігі. Биыл оны қайта қостық. Қатысушылар мен қазылар алқасының мүшелерінің географиясы әртүрлі. Қазылар алқасының құрамында Ресей, Украина, Қырғызстан сияқты көрші мемлекеттердің, Аустрия, Германия, Грузия, Македония, Израиль Республикасының көрнекті мәдениет қайраткерлері де бар. Байқау туралы төрткүл дүние де біледі, − дейді Астана әкімдігінің Мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нарима Мұхамбеталина.
Ая ӨМІРТАЙ,
«Егемен Қазақстан»