Сәрсенбінің сәтінде Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында шетелде тұратын қандастарымыздың қатысуымен «Қасиетті қазақ елі» атты халықаралық өнер фестивалі өтті. Шараны Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы, «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы және Қоғамдық даму министрлігі бірлесіп ұйымдастырған.
«Қасиетті қазақ елі» атты өнер фестиваліне еліміздің түкпір-түкпірінен келген қандастарымызбен қоса, Германия, Франция, Қытай, Ресей, Моңғолия, Түркия қатарлы алыс-жақын шетелдерден 50-ден астам өнерпаз қатысты.
Фестиваль аясында «мүшайра», «терме» және «қолөнер шеберлігі» сынды үш аталым бойынша бәйге ұйымдастырылды.
Игі шараның ашылуында сөз сөйлеп, бұл өнер фестивалінің мақсаты – әр елдегі өнерлі, білімді қазақ жастарының басын қосып, шығармашылық және білімін арттыруына жол ашу, оларға қатысты маңызды мәселелерді талқылау екендігін алға тартқан Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков: «Өткен жылы Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Елбасы әлемнің әр түкпірінде жүрген қандастарға қол ұшын беру мақсатында «Отандастар қоры» деген қор құру керектігін айтқан болатын. Қазіргі таңда ол қор да құрылып, оның басына елімізге белгілі, беделді азамат Нұртай Әбіқаев ағамыз келгенін білесіздер. Міне, бүгінгі шараға да сол қор атсалысып жатыр. Сонымен бірге Елбасы бағдарлама жасауды тапсырған, ол бағдарлама да жасалып, бекіді. Бұл фестивалдің өтіп жатқаны да сол бағдарламаның арқасы. Кеше дөңгелек үстел өткіздік. Жан-жақтан келген қандастардың ұсыныстарын тыңдадық. Оның бәрін хатқа түсіріп, іріктеп алдағы уақытта іске асыруға күш саламыз», - деді. Сондай-ақ Зауытбек Қауысбекұлы шараны ұйымдастыруға атсалысқан Қоғамдық даму минстрлігіне ризашылығын білдіре келе, алыс-жуықтан ат арытып жеткен барша қонақтарға алғыс айтып, өнер бәйгесіне қатысушыларға сәттілік тіледі.
Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының иегері, ақын Қазыбек Иса бастаған қазылар алқасы әр елден келген өнерпаздар шығармашылығына баға беріп, жүлделі жүйріктерді анықтады.
«Қолөнер шеберлігі» аталымы бойынша III орынға Ресейден келген Артықбай Смағұлов ие болса, II орынды Түркиядан келген Наргиз Тіней алды. Ал I орынға Моңғолиядан келген өрімші Хабыл Қайып лайық деп танылыпты.
«Терме» аталымы бойынша III орынды Арман Қалелбекұлы (ҚХР), II орынды Жанғар Мәмбетназаров (Өзбекстан), I орынды Нұржігіт Есxат (ҚХР) иеленді.
«Мүшәйра» аталымы бойынша III орынды Алаш Тұрсынәліұлы (ҚХР) II орынды Нарқұлан Райxанұлы (Моңғолия), I орынды Шынарбек Жомартұлы (Моңғолия) еншіледі. Сондай-ақ, үш аталым бойынша бір Бас жүлде тағайындалып, оны Қытайдан келіп, «Мүшәйра» аталымы бойынша бәйгеге қатысқан Жұматай Көксубай иеленіп, 400 000 теңге көлеміндегі қаржылай сыйлықты қанжығалады.
Барлық аталым бойынша Үшінші орын иегеріне 100 000 теңге, екінші орын иегеріне 150 000 теңге, бірінші орын иесіне 250 000 теңге жүлде табысталды. Сонымен бірге 11 арнайы жүлде беріліп, әр қайсысына 50 000 теңгеден үлестірді.
Фестивалдің жабылу рәсіміне «Отандастар қоры» АҚ президенті Нұртай Әбіқаев, Қоғамдық даму минстрі Дархан Калетаев қатысып, жүйріктерге жүлде табыстады. Фестиваль соңы өнер жұлдыздарының қатысуымен гала-концертке ұласып, жан-жақтан жиналған ағайынның жүрегін тербеп, көңілін шалқытты. Бұйырса, бұл шара келер жылы да жалғасын таппақ.
Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген,
Орынбай БАЛМҰРАТ
«Егемен Қазақстан»