Жапонияның үкімет басшысы С.Абэнің Қытайға сапары барысында жақында Бейжіңде «Қытай мен Жапонияның үшінші елдер нарықтарындағы ынтымақтастығы» атты бірлескен бизнес-форум өтті. Форум аясында екі ел компаниялары арасында жалпы құны 18 млрд доллар тұратын 50 бірлескен жобаға қатысты меморандум мен келісімшарттарға қол қойылды.
Бұған дейін екіжақты қатынастар жайлы жылы жазуға асықпаған жапондық БАҚ бұл жолы «Жапония мен Қытай арасында жаңа дәуір басталды», «Бәсекелестіктен – әріптестікке» деген сипатта ақпарат таратуда.
Әлемдегі бірінші экономика – АҚШ-тың өзіне ғана тиімді сауда саясатын жүргізуге талпынып отырғаны екінші және үшінші экономикалар саналатын Қытай мен Жапонияны табысуға мәжбүрлеп отыр десек қателеспеспіз. Токио тіпті соңғы кезде Бейжіңнің «Бір белдеу, бір жол» стратегиялық бағдарламасы аясында бірлескен жобалар жүргізуге кетәрі емес екенін білдіріп отыр. Мұны тек саяси-дипломатиялық қадам деп болжайтындар да жоқ емес. Дегенмен, xалықаралық қатынастар мен әлемдік нарықтағы жаңа үрдістерді ескерсек, Токионың позициясы экономикалық прагматизмге негізделіп отырғанын аңдаймыз. Оған екі ел арасындағы соңғы кездердегі саяси-дипломатиялық жақындастықтың сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық қатынастардың жақсаруына оң ықпал етіп отырғаны дәлел. Екіжақты сауда айналымы шамамен 280 млрд доллар болса, Қытай экономикасына жапонның тікелей инвестициялары былтыр шамамен 3 млрд доллар болды. Ал өткен жылы Жапонияға келген қытайлық туристер саны 7,5 миллион адамға жуықтап, бұрын-соңды болмаған көрсеткішке жетті.
Жақында өткен жоғары деңгейлі келіссөздер көрсеткендей, ендігі кезекте Токио мен Бейжіңнің көздеп отырғаны – өзара бәсекелестік деңгейінен асып, бірігіп, үшінші мемлекеттерде, әсіресе «Бір жол, бір белдеу» бойында жатқан елдерде екі жаққа да тиімді бірлескен жобаларды жүзеге асыру. Осы бағытта стратегиялық қадамдар бір мүддеге тоғысса, бұл екі ел экономикасының одан әрі дамуына ғана емес, жалпы Азия аймағының жандануына да ықпал ететін болады.
Қытай компанияларының әлемдік нарықты зерттеу саласындағы маркетингтік тәжірибесі мен жаһандық экономика саласындағы қолданбалы инновациялық теxнологиялары мықты болса, жапондық компаниялар іргелі инновациялық салалардағы жетістіктерімен әйгілі. Жапондық теxника мен теxнологиялар сапа жағынан әлем елдері тарапынан жоғары сенімге ие болса, қытайлық тауарлар сан және баға жағынан бәсекелестікке ие. Осы тұрғыдан қарағанда «Бәсекелестіктен – әріптестікке» атты бағдардың нені меңзейтінін айтпай-ақ ұғуға болатын сияқты.
Екі елдің қаржылық қорлары мен шетелдік активтер көлемі (негізінен америкалық мемлекеттік облигациялар түрінде) әлемде көш басында екенін ескерсек, бәскелес боп келген екі елдің әріптестігінен ұтатындар аз болмас еді. Қытай үкіметінің екіжақты сауда-саттықты жандандыруға бағытталған валюталық своп мақсатында 200 млрд юань (шамамен үш млрд доллар) көлемінде қаржы бөлуі екі елдің қаржы саласындағы қарым-қатынастарының деңгейін көрсетіп тұрғандай. Бүгінгі күннің өзінде екі елдің жекеменшік банктері арасында үшінші мемлекеттерде бірігіп жобалар жүргізетін кәсіпорындарға қаржылық қолдау көрсету мақсатында бірлескен қорлар құрып отырғандары бар. Егер осы формат аясында екі елдің компаниялары Азия елдерінде бірлескен жобаларды іске асыратын болса, онда Жапония Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасына декларативті түрде қолдау көрсетіп қана қоймай, оған іс жүзінде өзі де қатысуға бел буғанының дәлелі болмақ. Оған қоса шілде айында Еуропалық одақпен қол қойылған Еркін экономикалық әріптестікке қатысты келісімшартты осы жылдың аяғына дейін ратификациялап, еуропалық елдермен сауда-саттықты жандандыруға мүдделі боп отырған Жапонияның көлік-логистика саласындағы ірі компаниялары Қытай территориясы арқылы зат тасымалдаудан пайда тапқысы келетінін ескергенде, «Бір белдеу, бір жол» аясындағы жобалар жапон тарапына да тиімді екені айтыла бастады. Ресми мәлімдемелер жасап жатпағанымен, Токио де-факто аталмыш бағдарламаны мойындап отырғандай. Ал бір жағынан АҚШ-пен сауда соғысын жүргізіп отырған, екінші жағынан аймақтағы елдер арасында әлі де болса сенімді әріптес мемлекет ретінде қабылдана бермейтін, кей елдерге тіпті саяси-әскери держава ретінде экспансиялық үрей тудыратын коммунистік Қытай үкіметі xалықаралық қауымдастық тарапынан сенімге ие демократиялық Жапониямен бірлескен жобаларды іске асыру арқылы өзіне деген жағымды көзқарасты қалыптастыруға талпынып отырғанын байқауға болады. Айтып өту керек, Азияда, әсіресе Оңтүстік-Шығыс Азия аймағындағы елдер арасында Жапониямен де, Қытаймен де қарым-қатынастарын дамытуға мүдделі елдер аз емес. Мысалы, 30 қазанда «Америка дауысы» (The Voice of America) радиосының қытай тіліндегі сайтында жарияланғандай, Жапония мен Қытайдың бірлескен инфрақұрылымдық және инновациялық жобаларына ең қатты қызығушылық танытып отырған елдің бірі – Тайланд. Бұл мемлекет бүгінгі таңда «Тайланд 4.0 даму стратегиясына» сәйкес жүргізіп отырған «Шығыс экономикалық дәлізі» бағдарламасы аясында жалпы құны 45 млрд доллар тұратын ірі инфрақұрылымдық жобаларды Қытай мен Жапонияға ұсынып отыр. Тайланд үкіметі бірлескен жобалар жүзеге асатын жерлерді жалға беру мерзімін тоқсан тоғыз жылға ұзарту сияқты инвестициялық жеңілдіктерге қатысты арнайы заң қабылдап, екі елмен де әріптестікті тереңдетуге дайын екенін білдіруде. Тайландтың Жапониямен де, Қытаймен де саяси қарым-қатынасы жақсы екенін ескерсек, екі экономикалық алып елдің үшінші мемлекеттердегі әріптестігін Оңтүстік-Шығыс Азия аймағында ең алдымен Тайланд елі тиімді пайдалануға талпынып отырғанын байқаймыз. Ал Қытай үкіметінің ең басты xалықаралық стратегиясы болып табылатын «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасының, әсіресе Азия мен Еуропа елдері арасындағы көлік-логистика саласындағы жобалардың жүзеге асуы Қазақстанның белсенді қатысуына байланысты болып отырғанын естен шығармауымыз қажет.
ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің стратегияның бірінші жартысы, яғни «Бір белдеу» бағдарламасы жайында алғаш рет 2013 жылғы 7 қыркүйектегі Астанаға мемлекеттік сапары аясында «Назарбаев Университеттегі» дәрісі барысында айтқаны да бекер емес. Си Цзиньпин айтқандай, «Тынық мұхитынан Балтық теңізіне дейін біртұтас көлік инфрақұрылымын құру мен зат жеткізу жылдамдығын арттыру арқылы аймақаралық сауда байланысын күшейтуге» бағытталған стратегияның толық жүзеге асырылуы немесе асырылмауы бағдарламаға Қазақстанның қатысуына тікелей байланысты. Қытай үкіметі осы стратегиялық бағдарлама арқылы азиялық көршілермен ғана емес, Еуропа елдерімен де ынтымақтастықты тереңдетіп, тығыз әріптестік орнату арқылы дамудың жаңа жолын табуға тырысып бағуда. Ал Қытайдан Еуропаға біздің ел арқылы тауар тасымалдау теңізбен тасымалдаудан үш есе жылдам, ұшақпен тасымалдаудан бес есе арзан. Осы-
дан-ақ аталмыш бағдарламаның Бейжің қалаған дәрежеде жүзеге асырылуы тікелей біздің елге байланысты екенін байқауға болады.
Сонымен қатар жапондық компаниялар үшін де бағдарлама аясындағы жобаларға қатысу Орталық Азия аймағы елдері нарығына шығуға және транзиттік ел – Қазақстан арқылы еуропалық нарыққа шығу үшін тиімді. Қытай үшін де, Жапония үшін де Орталық Азия маңызды аймақ екенін ескере отырып, екі елмен де тығыз қарым-қатынас, стратегиялық әріптестік орнатып отырған біздің ел үшін де «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасын барынша тиімді пайдалану маңызды. Батысымыздағы басты бағыттарды тұрақты қалыпта сақтай отырып, Шығысымыздағы екі экономикалық алып елдің ынтымақтастығынан аларымыздың көп болуын амалдау бүгінгі таңдағы сыртқы саясатымыздың басты бағытына айналуы тиіс деп білеміз.
Батырxан ҚҰРМАНСЕЙІТ,
шығыстанушы,
арнайы «Егемен Қазақстан» үшін