• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 09 Қараша, 2018

Халықтың діни сауаттылығын арттыру маңызды

683 рет
көрсетілді

Қоғамдық даму министрлігінің Қоғамдық келісім комитеті 8-9 қарашада дін мәселелеріне арналған семинар ұйымдастырады. Екі күнге созылған шарада жалпы дін саласына қатысты орын алған процесстер жайында сарапшылар пікір білдіріп, елдегі діни ахуалдың мән-жайы төңірегінде әңгіме өрбіді. Сонымен қатар, ел ішіндегі мемлекеттік-конфессиялық қатынастар, дін мен зайырлылық арақатынасының әлеуметтік-мәдени контекстіндегі сипаты, және де діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл бойынша мемлекеттік органдардың атқарып жатқан жұмыстары кеңінен сөз болды.

Семинарда Қоғамдық келісім комитетінің Төраға орынбасары Балғабек Мырзаев дін тақырыбының бүгінгі қоғамда аса өзекті екенін айта келіп, теріс ағымдағы топтардың өз қатарластарын толтыру мақсатында түрлі әрекеттерге барып жатқандығын жеткізді.

̶  Деструктивті діни ағымдар бүгінгі қоғамда жастарды белсенді түрде қатарларына қосуға әрекет қылуда. Сонымен қатар, әлеуметтік әлсіз топтарды да өз мақсаттарына пайдалануға тырысып бағады. Олардың қолданатын кең тараған функцияларының ішінде қарызға ақша беру арқылы, жұмысқа орналастыру немесе әке-шешесі, туған-туысы жоқ жандарға бауырмалдық танытып, жалға баспана беру арқылы өз топтарына қосып жатқанын көзіміз көріп отыр. Теріс діни ағым өкілдері көп жағдайда адамдардың эмоциясына әсер ету арқылы өз пиғылдарын жүзеге асырып жатады,-деді Қоғамдық келісім комитетінің Төраға орынбасары. Оның айтуынша, теріс ағымдармен күресу үшін өңірлердегі ақпараттық-түсіндіру топтарының белсенді түрде жұмыс жүргізуі қажет. Б. Мырзаев сонымен қатар, теріс ағым өкілдері әлеуметтік желілерде де өз үгіт-насихаттарын белсенді түрде жүргізіп отырғанын айтты.  

̶  Біздің комиетет былтыр 6 мыңнан астам әлеуметтік парақшаға сараптама жүргізіп, оның ішінде 2 мыңнан астам парақшаға «теріс пиғылды» жазбаларды таратып отыр деген баға берді. Аталған парқшаларда жарияланған постардың мазмұндарында деструктивті ағымдардың көрінісі бар. Бұл жазбаларды таратушылардың 50 пайызы мақсатты түрде жұмыс жүргізсе, оның жартысы таратылған уағыздардың теріс ағымдарға тиесілі екенін білмейтін болып шықты,- деді минстрлік өкілі. Осы ретте, халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізудің қаншалықты маңызды екенін атап өтті.

Аталған жиында дін саласындағы ғалымдар, дінтанушылар, теологтар алдағы уақытта діни ахуалды тұрақтандыру жолдарын жоспарлады.  

Еркежан АЙТҚАЗЫ,

«Егемен Қазақстан»