• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Өнер 11 Қараша, 2018

Қостанайда журналист-жазушы Қайсар Әлімнің шығармашылық кеші өтті

1049 рет
көрсетілді

Белгілі журналист-жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасының Президенті сыйлығының лауреаты Қайсар Әлім халқымыздың әдебиеті пен өнеріндегі Қостанай қанаттандырған тұлғалардың бірінен саналады. Ол 55 жыл бойы қазақ журналистикасының қазанында қайнады, әдеби шығармаларымен де оқырман көзайымына айналды. Қайсардың публицистикасы мен күнделіктері және қазақ әдебиетіндегі қарымды қаламгер Әзілхан Нұршайықовпен 34 жыл бойы жазысқан хаттары эпистолярлық жанрдағы елеулі шығарма болып табылады.

Кеште алдымен Қайсар Әлім туралы арнайы жасалған деректі фильм көрсетілді. Одан кейін Қостанай облысы Мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов қаламгерді құттықтап, оған шапан жапты. Сонымен қатар Арқалық қаласы, Амангелді, Жанкелдин аудандары әкімшіліктерінің өкілдері туған жердің сәлемін жеткізді.

Осы кешке арнайы келген белгілі ақын Қорғанбек Аманжол Қайсар Әлімнің шығармаларына арнайы тоқталды.

«Міржақыптың сүйегін алып келуі, Кейкі батырдың бас сүйегін әкелуге қатысуы сияқты қоғамдық-азаматтық істерді атқара жүріп, оны мөлдірете жазып, оқырманға көркем тілмен жеткізуін, басқа публицистикалық шығармаларын былай қойғанда, Әзілхан Нұршайықовпен 34 жыл ұдайы хат жазысуы үлкен еңбек, қазақ әдебиетінде эпистолярлық жанрды Қайсекең әкелді деуге негіз салады» деді Қорғанбек Аманжол.

Мұнан кейін сөз алған Қайсар Әлімнің қостанайлық әріптестері, жерлестері ақын Жолбарыс Баязид, жазушы Ғұмар Ахметчин және тағы басқалар оның публицистикасы мен журналистиканың еңбекторысы жазған маңызы жоғалмайтын шығармаларға баға берді. Кешті облыстық филармонияның әншілері Манапбек Қәдіров пен Талғат Молдағалиев әнмен өрнектеп отырды. І.Омаров атындағы қазақ драма театрының әртістері Қайсар Әлім шығармаларынан үзінділер орындады.

Кеш соңында қаламгердің өзі туған жердің ауасын жұтып, жерлестерімен қауышқанына, өзін қаламгер ретінде қанаттандырған Қостанайға келіп, мерейтойына орай оқырмандарымен кездескеніне ризашылығын білдірді. Қазаққа ірі ақындар мен ғалымдарды берген құтты жер – Қызбелі туралы тебірене сөйледі.

«Азды-көпті еңбегің, өзіңді қадірлеу, адамдарды сыйлау сияқты жақсылықтың барлығы да алдыңнан шығады екен. Рухани жаңғыру аясында өтіп жатқан бұл есеп беруіме, жерлестерімді көргеніме қуанамын. Туған жер дегенде алдымен Қызбелді айтамын. Қостанайда қанша ауыл бар, соның біріндей ғана кішкене менің Қызбелімнен Алаштың қаншама арыстары түлеп ұшқан. Міржақып Дулатов, Сейдәзім Қадырбаев, Әлмағамбет Қасымов, Асқар Закарин, әлемге белгілі академиктер Фазылхан Бәйімбетов, Сайлау, Сәбит Байзақовтар – менің ауылымның мәңгі мақтаныштары! Мен Қостанай өңірінде болып жатқан жаңару, рухани жаңғыруларға, облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтың басшылығымен соңғы жылдары жүзеге асып жатқан экономикалық табыстарға қуанамын. Сіздермен қауышу қаламгер үшін бақыт, соны мен де сезініп тұрмын» деді Қайсар Әлім жерлестеріне.

Кеште облыстық әмбебап кітапхана журналист-жазушы шығармаларына арналған көрме ұйымдастырды, Қайсар Әлім шығармаларының көрсеткішін қаламгерге табыс етті. Қайсар Әлім де кітапханаға өз кітаптарын сыйлады.

Нәзира Жәрімбет,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай