Еліміздің Орталық және Оңтүстік өңірлерін үздік қойылымдарымен аралаған Астана қаласының Жастар театры отыз күндік өнер сапарынан оралды.
Елордамыздың 20 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған Қазақстан өңірлеріндегі Астананың мәдениет күндері аясында Алматы, Шымкент, Тараз, Балқаш, Қарағанды қалаларында өткен гастрольдік сапар қыркүйек айының 20-сы мен қазанның 16-сына дейін жалғасты. Гастроль бағдарламасына театр репертуарындағы ең үздік қойылымдар іріктеліп алынып, өңір көрермендерін қуантты. Атап айтар болсақ, Б.Соқпақбаевтың «...Көзіме бір көрінсең, бала ғашық...» сахналық повесі, У.Шекспирдің «Асауға тұсау» комедиясы, М.Левидің «Жер мен көктің арасы» мелодрамасы, Ж.П.Пило, О.Шультездің «Моцарт» мюзиклі, Н.Жақыпбайдың «Жанарымдағы жалғыз әуен» музыкалық қойылымы, Ғ.Мүсіреповтің «Жібек» спектаклі және балдырғандарға арналған Ю.Алесиннің «Золушка» музыкалық ертегісі Орталық және Оңтүстік өңірдің қалалары көрермендері мен шаһар қонақтарының толассыз қошеметі мен ыстық ықыласына бөленіп қайтты.
Астананың 20 жылдығына арналған гастрольдік сапар бағдарламасы аясында Әулиеата өңірі – көне Тараз шаһарында драматург Болат Бекжановтың «Өмір» драмасының тұсауы кесіліп, тұңғыш рет тараздық көрермен назарына ұсынылды. Ұлт ертеңі мен ұрпақ арасындағы нәзік тін – тек пен тамыр мәселесіне терең үңілтіп, заманның запыранға толы ащы шындығын суреттейтін қойылымның көрермен көңілін қозғап, сезімін сілкінткені сөзсіз.
Айта кетейік, «Жібек» мюзиклі 22 маусым мен 9 шілде аралығында Оңтүстік Кореяның мәдени астанасы Дегу қаласында өткен ХІІ Дэгу Халықаралық мюзикл фестивалінің (Dimf – daegu international musical festival) арнайы шақыртуына ие болып, фестиваль төрінде өнер көрсетті. Мюзикл жанры дамыған Франция, Ұлыбритания, Қытай, Корея, Тайвань, Чехия, Ресей сынды ірі мемлекеттермен иық тірестіре өнер көрсету жас ұжым үшін үлкен мәртебе ғана емес, теңдессіз тәжірибе де болғаны сөзсіз. Қазақ елінің көк туын желбіретіп, ұлттық классикалық төл туындымызды әлемдік аренада жаһан көрермендері назарына ұсынып, фестивальдің «Арнайы дипломымен» марапатталды.
Сонымен қатар осы жылдың қыркүйек айында Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен өткен елордамыз – Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы және көрнекті театр актері, режиссер, Қазақстанның халық әртісі Р.Сейтметовтің 80 жылдығына арналған Қазақстан драма театрлары фестивалінде де дәл осы «Жібек» мюзиклімен бақ сынап, сахна сарапшылары мен көрермен қауымның қошеметіне бөленіп, «Үздік қойылым» аталымында топ жарып, фестивальдың бас жүлдесін қанжығасына байлады.
Өткен маусымның жаңалығына айналған аталған қойылым Жастар театрының жылашар бағдарламасын да жандандырып, ұзақ уақыт үзілістен соң сағыныса қауышар талғампаз көрерменін тек қана мәртебелі театр өнері сыйлар рухани ләззатқа кенелтетіне сенеміз. Ендеше, театрға асығыңыз!
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Егемен Қазақстан»