• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 14 Қараша, 2018

Оқу орнына келмейтін студенттерге 8 миллион теңге стипендия төленген

363 рет
көрсетілді

Шығыс Қазақстан облысы прокуратурасының өңірдегі колледждердің қызметіне жүргізген тексеруі кезінде біраз былықтың беті ашылды.      

Прокуратураның баспасөз қыз­меті таратқан мәліметте тек­серу барысында мемлекет­тік тап­сы­рысты орналастыру кезін­де конкурстық рәсімдерді сақта­мау, студенттерді жал­ған оқыту, гранттарды заңсыз тағайындау, оқытушылар­­дың біліктілік та­лап­тарына сай келмеуі, сту­ден­т­терді жатақ­ханалармен қам­тамасыз ет­пеу, мемлекеттік мүлік­ті заң­сыз жалға беруден табыс табу фактілері анықталғаны ай­ты­ла­ды. «Жұмыс орнымен қам­тылған түлектердің саны туралы мәліметтерді жасанды тү­рде арттыру, оқу орын­дары­ның әкімшілігі тарапынан түлектердің жұмыспен қамты­луына көмек көрсетілмеуі жиі орын алған. Мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру ережелері бұзылып, басқа жер­ден келген студенттер жатақ­ха­налармен қамтамасыз етілме­геніне қарамастан, облыстық білім беру басқармасы жыл са­йын Семей қаласындағы бизнес және сервис колледжіне, Аягөз қаласындағы политехни­ка­лық колледжіне және Өске­мен қала­сындағы екі кол­ледж­ге гранттар берген. Сондай-ақ колледж әкімшіліктері студенттердің жатақханада тұру бағасына мем­лекеттік тапсырыс бойын­ша келісімшарттың жалпы сома­­сына енген коммуналдық қыз­меттер үшін шығындарды енгізген, жатақханалардағы бөл­мелерді үшінші тұлғалар­ға жалға берген. Күршім коллед­жін­де 12 «студентті» жалған оқыт­қан.

Оқытушылар мен өндірістік оқыту шеберлері оқу сабақтарын өткізу кезінде тео­риялық және практикалық оқу журналдарында осы студенттерге баға қойған, оларды аралық аттестаттауға жіберген, курстан курстарға көшір­ген. Осы студенттерге сти­пен­дия төленіп, мемлекетке кел­тіріл­ген залалдың жалпы со­ма­сы 8 млн теңгені құраған. Осы факт бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде», делінген прокуратураның баспасөз қызметі таратқан мәліметте.

Сонымен қатар колледж­дер­дің аумағында мүлікті жеке мақсатқа заңсыз пайдалану фак­тілері де анықталған. Мыса­лы, Өскемендегі ағайынды Абдул­линд­ер атындағы Шы­ғыс Қ­аза­қ­стан облыстық өнер уч­или­щесінің аумағында ақы­лы автотұрақ орналасыпты. Про­курордың ұсынымы енгі­зіл­ген соң автотұрақ жабылып, оның орнына спорт алаңшасын салу жоспарлануда.   

Прокурорлар тексеру нәти­же­лері негізінде мемлекетке 43 млн теңгеден астам залал келгенін анықтады. Қадағалау актілері бойынша бүгінге дейін 36 млн теңге өндіріліпті. 60 тұлға тәртіптік, 4 тұлға әкімшілік жауапқа тартылды. 

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы