Елорда іргесінде «Ақмол» атты ауыл бар. Аталмыш елді мекен 2007 жылға дейін «Малиновка» аталды. Одан бұрын «26-шы нүкте» немесе «АЛЖИР» дейтін лагерь-түрмесі бар үрейлі өлке-тін. Лагердің іргетасы 1937 жылдың желтоқсан айында қаланып, бір жылдан кейін «халық жауы» атанған тұлғалардың әйелдері әкелінген. Мұнда 8-15 мыңға дейін тұтқын әйелдер болған.
Белгілі жазушы-аудармашы, АЛЖИР тұтқыны Галина Серебрякова өз өмірі жайында жазған шығармасында: «Менің камераластарым қазақтар, орыстар, украиндар, еврейлер, грузиндер, татарлар болды. Сондай-ақ шетелден бізге қашып келген екі грек, бірнеше поляк және румын әйелдері бірге отырды...» – десе, ресми құжат мұнда 61 ұлттың адамдары жазасын өтеген дейді.
Осылардың қатарында эстондық 21 әйел болыпты. Жуықта осы жазықсыз жапа шеккен жандарды еске алу мақсатында Эстония республикасының ресми өкілдері АЛЖИР мемориалдық-музей кешеніне келіп, тұтқындар рухына тағзым етіп, ескерткіш тақта орнатты. Шараға Эстония премьер-министрі Юри Ратас және Эстонияның Қазақстандағы елшілік өкілдері қатысты.
Астана қаласы Мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нарима Мұхамбеталинаның айтуынша, 1938-1953 жылдары АЛЖИР лагерінде жазасын өтеген эстондық әйелдердің екеуі басына түскен азапқа төзе алмай осында көз жұмған көрінеді. Қалғандары аман-есен бостандық таңын көріпті.
Естелік тақтаның ашылуы барысында эстониялық меймандар музей аумағында орналасқан экспозицияларды тамашалап, Пікірлер кітабында қолтаңбаларын қалдырса, музей тарапынан оларға жаппай саяси қуғын-сүргіннің 80 жылдығына орай шығарылған «Ұрпақтар ұмытпайды. Помнят потомки» атты жинақ табысталды.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»