Маңғыстау облыстық филормониясында ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ақын, әдебиеттанушы, Қазақстан Жазушылар одағы Астана филиалының директоры, Л.Гумилев атындағы ұлттық университетінің аға оқытушысы, PhD докторы Дәулеткерей Кәпұлымен кездесу кеші өтті. Мемлекеттік қызметшілер және өнер, мәдениет саласының қызметкерлерімен өткен кездесу агенттіктің аумақтық департаментінің ұйымдастыруымен өтті.
Кеш шымылдығын департамент басшысы Нұргүл Жанназарова ашты. Оның айтуынша, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті «Болашаққа бағдар – Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Өзгерістерді өзіңнен баста» кіші бағдарламасын өңірімізде жүзеге асырылуын үйлестіретін орган болып табылады.
Оның мақсаты - Мемлекеттік органдардың ұйымдастырушылық мәдениетін жетілдіру және 2030 жылға дейін мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлқының моделін өзгерту.
Кездесуде сыбайлас жемқорлықпен күрес, адалдық, мәдениетті қалыптастыру, үлкенге құрмет, кішіге ізет білдіру, мемлекеттік қызметшілердің тәртібі, қазақ әдебиетінің дамуы, білім саласындағы реформалар және т.б. мәселелер сөз болды.
-Менің ойымша кез-келген мемлекеттік қызметші алдымен мемлекет мүддесін биік қойса, көздеген мақсатына жетеді. Ең бастысы ары таза болса, еңсесін көтеріп жүре алады. Рас, бүгінде мемлекеттік қызметшілердің түрлі сынға ұшырайтыны туралы жиі естиміз. Бірақ барлығына бірдей күйе жағуға болмайды, өз ісіне адал қызметкерлер де бар. Ең бастысы адал қызмет етіп, туындаған сұрақтар бойынша әділ шешім шығарып, адамгершілік қасиет мемлекеттік қызметшінің бойынан табылуын тілеймін, деді ақын.
Ақынмен болған кездесуден мемлекеттік қызметшілер үлкен әсер алғандығы сөзсіз. Көрермендердің қонақкәде болсын деген өтінішін жерге тастамаған Дәулеткерей Кәпұлы домбырасын қолына алып, жырдан шашу шашты.
Кездесуге келгендер айтыскер ақынға сұрақтар қойып, шығармашылығына, жеке өміріне қатысты мағлұматтармен қанығып, сыбайлас жемқорлыққа қатысты көзқарасын білді.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы