• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Әдебиет 16 Қараша, 2018

Атадан туған аруақты ер

955 рет
көрсетілді

Үш ғасырға сапарға шақырған Әбекеңнің кітаптарын қызыға оқыдым. 

Көз алдымнан қазақ дала­сы­ның жан жабықтырар трагедиясы өтіп жатты. 

Сұраусыз қалған қанды оқи­ғалар желісі жүректе беріш болып қатып қалған кек пен намыс­ты тағы бір түртіп оятып кеткен­дей. 

Назалы жүрек тынши алмай, өткен­нің көмескі елестері әуре-сарсаңға салды. 

«Талауға түскен қазақ халқы­ның тағдыры азаға толы-ау»,  деп күрсіндім. 

Бірақ ол жанға жұбаныш бола алмайтыны белгілі еді. 

Ноғайсібірде Сібір жазушы­ларының съезі өткен күннің ке­шінде, оңаша қалған сәтімізде орыстың ХХ ғасырдағы ең көр­некті, шыншыл жазушы­ларының бірі Виктор Астафьев әдебиет жөнінде айтып отырған әңгімесін күрт үзіп: «Осы мен соңғы кезде тым жиі ойлайтын болып жүрмін. Соғысты... Соғыстан соңғы жылдарды... Байқалды. Сендердің елдеріңдегі тың жерлерді иге­руді, кешегі БАМ-ды... – сәл бө­геліп барып – Мен қартайған болсам керек. Ертеде өліп кеткен анам түсіме жиі кіреді. Мені шақырады, білем... Соғыс туралы біз көп жаздық. Оның ішінде жақсысы да, жаманы да жетерлік. Тіптен соғыс туралы соғысқа бармағандар да жазды. Жазғышқа не қылмақсың? Жазушы ретінде Отан соғысын, сол соғыста қан­ға бөккен кеңес солдатының шын бейнесін толық ашып бере ал­мадық-ау деп қина­ламын. Соғысты біз өлген солдаттардың саны­мен жеңдік. Сол майдан даласында көрген қырғын да қайта-қайта ойға орала береді», деп ойланып отырып қалып еді. 

Әбжаппар Жылқышиев − Берлиннің тас көшелеріне батыл табан тіреген ер жауынгер. Ол кісінің кітаптары да Ке­ңес Одағы солдатының рухы қон­ған кітаптар. Сол кітаптардың қай бетін ашып оқысаң да шие­леніскен адам тағдырына тап бо­ласың. Жазушы барынша шын­дықты жазуға жанын салады. 

Ол алғашқы кітабы «Айтол­қында» анық аңғарылады. Тұң­ғыш шағын кітапқа енген әр әңгіме өмірді танып-білген, көр­гені көп, айтары мол жазу­шының әдебиет аясына ұзаққа келгенін ашық танытқан. 

«Айтолқын» таза махаббатқа толы, мөлдір, шынайы әңгіме. Өмірдің өзінен суырып алып, кітап бетіне еркін қоя бергендей. Кітапқа енген жеті әңгіменің жетеуі де өмір көріністері. Шұ­райлы тіл, ұстамды стиль, адам тағдырын өз қалпында көрсетуге ұмтылған суреткерлік қазақ әде­биетіне жаңа есімнің келгенін аян еткен. Әбекеңе ешнәрсені ойдан шығарып керегі жоқ еді, өйткені ол кісінің, өмір сүрлеуі та­лай қомақты қалың кітаптарға сюжет болуға әбден жетерлік бола­тын.

Әбекең әдебиетке кеш келді. Алғашқы кітабы елу алты жасқа толғанында ғана жарық көрген.

Әдебиетке кеш келгенімен әдебиет пен өнер киесі Әбекеңнің бойына тумысынан дарыған. Сол асыл киені ардақтай білген.

Сол киені көзінің қарашы­ғындай көріп жанына да, жадына да берік сақтаған. Бұл асқан ерлік еді. Әбекеңдей арлы, жігерлі, мойымас тұлғаға ғана тән қасиет болатын.

Әдебиетке келген адам сый дә­метпейді. Жазушы үшін сый дә­мету − әбестік. Әде­биет­­ке кел­ген адам өзін қор­ша­ған орта − та­биғаттың, жеке адам­дар­дың, қоғамның барлық ауырт­па­шылығын жүрегі мен жанынан өткізуі керек. Жазушы билік жағында емес, адам жағында. Өйткені жазушы адам жанын зерттейді, адам жанының көзге көрінбейтін тылсым сезімдерін қалт жібермей бағып отырады, адамды адам қылып суреттеу үшін жазушы осы өмірде өз басын бәйгеге тігеді.

Сабырлы, сабаз қалпынан бір танбаған Әбекең дарынды адам. Маған Әбекеңнің атақ-даңқ қумаған тума дарын болғаны ыстық, жаныма жақын.

«Жаныңды, арыңды салып атақ-даңқ қума, атақ-даңқ сені өзі іздеп тапсын. Сонда ғана ол саған абырой болады», дейді Шығыс даналығы. Ерін сыйламаған елдің ұлы болған соң бұл ойды ерекше нықтап айтпақпын.

Әбжаппар Жылқышиев − өмірдегі өз бағасын жақсы білген адам. Сонан да ол кісінің бойын­да даңғазалық, өркөкіректік аты­мен жоқ. Қарапайым да шы­найы. Бойында ешқандай жа­сандылықтың да ізі жоқ. Бұл асыл қа­сиеттері ол кісінің прозасына да тән.

Әбекең бұл дүниенің опасыз­дығын да жете таныған. Еш уа­қытта сейілмейтін қалың тұман­дай болған адам бойындағы надандыққа қарсы суреткер ре­тінде сөз қозғады. Қимыл-әре­кет жасады. Жауыздық, іш­тар­лық, па­сықтық, жершілдік, рушылдық сияқты тайпалық сана-сезімге жү­регінің бар қуа­тымен қарсы тұрды.

Адамның терең ұйқыда жат­қан рухын оятпайынша адам­ның толық адам болуы екі­талай. Өйткені адамның дү­ние­­лік құндылықтарға деген құш­тарлығы өте күшті. Жазушы үні, жазушы дауысы адам бойындағы жақсылықты оятуға, адамның жаны мен жүрегіне есті сәуле құюға бағытталған қуат­ты құрал. Дәл бүгінгі күн­де қазақ елінде жазушы ең­бе­­гін бағалаудағы көзқарас өз­гер­­тілуі тиіс. Қазақ рухын кө­­теретін тек қана қазақтың ақын-жазушылары. Көркем сөз өнерінен асатын күш жоқ. Жазу-сызу, кітап болмаған замандарда да қазақ сөзді қару еткен, дұш­панын сөзбен тоқтатқан халық.

Сөз қуаты біздің қанымызда. Бүгінгі билік басындағылар осы жайды терең сезініп, тың көзқараспен қараулары керек-ақ.

«Бар өнері – еліктеушілік өнеріне айналған ел сорлы», − деген дана сөз бар. Біздің эс­трада, кино, театр, суретшілік өнерімізде Батыс мәдениетіне еліктеушілік тым басым. Әде­биетте де сол қауіпті тенденция бар. Осы күнде өздігімізден іздеп-тапқан ешнәрсеміз жоқ, тек біреудің істегенін қайталаумен әлекпіз. Ол жайында бас ауыртып, ойланып жатқанымыз да шамалы.

Ақиқатшыл көркем сөз шебері халқын нұр мен жарыққа тартады. Әбекеңнің повестеріндегі осындай соны ұмтылыстар адамды өміршеңдікке шақырады. Қыран құсты баптағанындай, Әбекең оқырмандарын текті сөзбен, тілеулес жайсаң көңілмен, өмірге деген, туған топыраққа деген шексіз махаббат сезімімен қанаттандырады. Егер Әбекең жас күнінен тек әдебиетпен қана айналысқан болса, бүгін біз қазақ әдебиетінің алыбына кездескен болар едік деп ойлаймын.

Жазушының ең үлкен мақсаты − артына сөз қалдыру. Халқына есті сөз бағыштау. «Мен де бұл өмірде қонақ болғанмын. Тын­дырған ісім мыналар», деп тиянақтап айтып кету аманаты бар. Өзінің жүрегімен, пендешілік тірлікпен арпалысқа түскен жазушының тағдыры − қиямет десе болады.

Жазушының тірлігі − есек тірлік қой.

Егер маған Алла Тағала тағы да бір өмір берер болса, ол өмі­рімде тағы да жазушылықты тағдыр етіп бұйыртқан болса, мен екеуінен де бас тартқан болар едім. Әрине, егер ондай таңдау менің еркімде болса...

«Мен көрдім дүние деген иттің көтін» деп зарлаған Абай бабамның сөзі ойға оралады. Бұл тірлікте түбегейлі бостандықтың жоқтығы да жанды қинайды. Өмір болған соң оның өкініші де қатар жүреді. Сол өкініш көңілден де, ойдан да кетпейді. Бұл да өз-өзіне қатал қарайтын, адал адамдардың жанкештілігінен туатын жай.

Шыңғыс Айтматовпен асыл ағамыз дүниеден өтер алдында кездескем. Ойға алған жоспарлары көп, сексен жылдығын өткі­зуге дайындалып жүр еді.

Кеңес Одағы кезінде Шыңғыс Айтматовтан асқан жазушы болған жоқ. Хас жазушының адам­гершілігі, адамға деген көңіл жылылығы ерекше еді. Сол кездесуде айтқан бір сөзі есімде қалыпты. «Таяу күндерде Германияға жүремін. Соңғы жылдары ойымнан кетпейтін, тіпті, кейде қажытатын тынымсыз бір сұрақ бар. Ол: «туған елдің қа­сіретін тура, толық жа­зып жет­кізе алдық па, жоқ па?» деген сауал. Мені осы ой қи­найды...», − деді.

Осы біз дәл Виктор Аста­фьев немесе Шыңғыс Айтматов сияқ­ты жазушы ретінде жазғандарымызға асқан жауап­кершілікпен қарап, қиналдық ба?..

Қарап отырсаң үлкен адамдар­дың махаббаты да, қайғысы да үлкен-ау!..

Әбекең секілді мәрт қазақ жер бетіндегі өз миссиясын адал, әділ орындап өтті. Әбекеңмен кездесу маған бұйырмапты. Бірақ, кітаптарымен оңаша сырласуым жазушының көзін көрмесем де, өзін көргендей әсер қалдырды.

Тағдыр маған осы сыйын қиыпты, Әбекеңнің әдеби қа­һар­­мандарымен жүздесуім ой толғаған автордың өзімен еркін отырып сырласқанмен тең бол­ды-ау деп ойлаймын.

Әбекең мен Шырынкүл ше­шейдің арасындағы асыл сезім жарты ғасырдан соң да жарығы сөнбей, ерекше сыйласымды, берекелі бірлікке айналып кете барғанына сүйсінесіз.

Бұл да жеке адамдардың тағ­дыры. Қазақ халқының басына түскен зобалаң кезінде де ға­рыштық, адамгершілікке толы ыстық махаббат сезімін аялап, кіршіксіз алып өту әркімнің қолынан келе бермеген. Бұл − өткен ұрпақтан қалған тазалық, адалдық тағлымы. 

Біздің заманымызда қоғам алдында отбасын сақтау сияқты күрделі мәселе тұр. Бұл мәселенің қаншалықты күрделі екенін, оның шешімінің қаншалықты қиын екенін, оның себебі – ұлттық салт-дәстүрімізден айырыла бас­тауымыз екенін біз әлі де жетік түсінбей келеміз. 

Төзімділік, беріктік, жан­кеш­тілік, кешірімділік, кеңдік сияқты халқымызға тән мінез-құлықтың құндылығын бағалап, оны жазу енді жастардың енші­сінде. 

Оқшау тұрған Сұлутөр шо­қысы қандай сұлу болса, Әбе­кеңнің жан сарайы да сондай сұлу. Төсінен тепсініп көз шығып, бұлақтары сайрап жататын жер жаннаты да Сұлутөр екен. Әбекең дүниеден өткен соң Шырынкүл шешейдің туған жері Сұлутөрмен сырласуы, көңіл бөлісуі қандай тартымды, қандай тылсым сезімге толы. Бір пірі Әбекең кеткенімен, Сұлутөрі мәңгі қос ғашықтың киелі бесігіндей сағым құшағында тербеліп тұрғаны Шырынкүл шешейдің жан дүниесіне қуаныш, жүрегіне сенім ұялатқан. 

Сұлутөр қазақтың киелі мекені екеніне Әбекең бізді сен­дірді. Оған өзі де сенген. Сұ­лутөрін жанындай жақсы көрген. Сонан да Сұлутөр туралы сөз қозғаса өзі де тебіренеді, бізді де тебірентеді. 

Туған жердің киесі дарыған Әбжаппар Жылқышиев жан бақпаған, ар баққан бабамызға айналған. Қасиетті Сұлутөрдің, бүтін Оңтүстік өлкесінің сыры мен сымбатын кітаптарына сыйдырып бағыпты. 

Ерен еңбек! Әлі жарық көр­меген, сарапталмаған қолжаз­балары қаншама! 

Алла қаласа, сол туындылары да жарық көрер. Біздікі жа­зушының құнды еңбектері оқыр­манға жетсе деген тілеу ғана. 

Қаламының ұшы шындық пен бостандыққа суарылған жазушы азбайтын әдеби туындыларын дүниеге әкелді. 

Біз ендігі тұста Әбжаппар Жыл­­қышиевтің уақыт пен кеңіс­тік аясында қазақтың асыл ұлда­рының біріне айналып кетіп бара жатқанының куәгеріміз. 

Әбекең Сұлутөрінен айы­рылған. 

Сұлутөр Әбекеңнен айы­рылған. 

Адам мен табиғаттың осынша мейірлі махаббатына, берік достығына, айнымас туыстығына куә болған – 

Роллан СЕЙСЕНБАЕВ