Астана қаласында қойылған «Махаббат мұнарасы» мюзиклі жаңа облыс орталығы Түркістанда алғаш рет сахналанды. Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың Мәдениет сарайында мюзиклдің премьерасы өтті.
Туындыны тамашалауға келген қала тұрғындары, әсіресе жастар көп болды. Қойылым шымылдығы ашылар алдында Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев облыстық опера және балет театры ұжымын құттықтап, өнерді дамытуға үлес қосып халықтың алғысына бөлену жолындағы еңбектерінің еселене беруіне тілектестігін білдірді. Махаббат лирикасы бейнеленген туындыны сахналауға театрдың 60-тан астам әртісі қатысқан. Мюзиклдің әуенін жазған композитор Светлана Ахметова, музыкасын өңдеген композитор Руслан Шынықұлов. Ал мюзиклдің сөзін жазған жас ақын Мұқағали Кенжетайұлы, сахналаған Мұхтар Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрының қоюшы – режиссері Елік Нұрсұлтан.
Өңір жастарының өмірінен алынған, махаббат жолындағы адалдық пен батылдық, қызғаныш пен күрес көріністерін суреттейтін, заманауи лирикалық шығарма екі көріністен тұрады. Мюзиклдің бас кейіпкері Аян сүйіктісі Мадина екеуінің махаббатын қорғау үшін ештеңеден тайынбайды. Мадинаның сахнада ән айтуға деген ықыласы мен арманы қос ғашықтың арасында қызғаныш туғызып, келіспеушілікке апарады. Дегенмен жастар оқиғасын суреттейтін мюзиклдің барлық кейіпкерлері өз мұратына жетеді. Бүгінгі жастар өмірі шынайы суреттелген қойылым көрермендер көңілінен шығып, қошеметке ие болды.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Түркістан облысы