Ақтөбе аймағында еңбекақы мөлшерін өсіру мен реттеу мәселелерін талдайтын арнайы жұмыс тобы Президенттің Қазақстан халқына Жолдауы жарияланғаннан кейін іле-шала құрылғанды. Топ мүшелері ең алдымен аймақтағы айлық жалақылары 42 500 теңгеден төмен тұрғындардың санын анықтауды көздеген болатын. Кешегі бір күні олар осы мақсаттарына жетті.
Яғни бұған дейінгі жасалған талдаулар мен зерттеулер және мониторингтік бақылаулар нәтижелері облыста жоғарыда аталған категорияға кіретін жұмыс істеушілер қатары тұп-тура 70 мың екенін көрсетеді. Оның 32 мыңы бюджет саласының қызметкерлері. Бұл ретте бірінші кезекте білім беру саласында қызмет жасайтын мамандардың жалақы мөлшерін көбейтуге мағдар ұсталған.
Жұмыс тобы өңірде аталған санатта 25 мыңнан астам қызметкер бар деп мәлімдеді. Олардың еңбекақылары орташа есеппен алғанда 48 600 теңгеге дейін өседі деп күтілуде. Осы орайда облыстағы жалақы мөлшерін өсіру жөніндегі нақты іс-қимылдар экономикалық және әлеуметтік сектордың барлық салаларына қатысты екенін айтқан жөн. Бұл ретте бүгінгі күні өңірде 15 872 жекеменшік иелері мен шағын компаниялар бар екені де ұдайы назарда болып келеді. Арнайы жұмыс тобы бұл құрылымдарда жалақылары 42 500 теңгеден төмен 39 мыңға жуық адам бар екенін де шотқа түсірді.
Бір сөзбен айтқанда қазіргі күні облыста ең төмен жалақы алатын азаматтардың нақты санын анықтау жұмыстары одан әрі жалғасуда. Бүгінгі күн тақырыбына орай өз ой-пікірін Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев газет тілшісіне былайша жеткізді.
Жалақы – адамдардың әлеуметтік көңілкйүіне әсер ететін нәзік те шетін күрделі мәселе.
Оны реттеу мен өсіру жөніндегі іс-шаралар үстірттік пен формалдылықты көтермейді. Біз өңірдегі барлық ірі және орташа кәсіпорын жетекшілері және арнайы жұмыс тобының мүшелері осы жәйтті назардан тыс қалдырмауын айтып келеміз. Бұл ретте тек статистикалық мәліметтерге ғана арқа сүйеу аздық етері анық. Яғни істің жағдайын уақыт тоздырмай тез арада әрі тиісті жерде шешу – нақты нәтижеге жақындата түспек. Бүгінде бәріміздің алға қойып отырған мақсатымыз осындай.
Қазіргі күні өңірдегі барлық жұмыс берушілер 2019 жылдың бірінші қаңтарынан бастап Президент тапсырмасы ойдағыдай орындалуына бір кісідей жұмылған.
Темір Құсайын,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе