Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі Тұңғыш Президент күніне арналған жиын өткізді. Жиынға Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Л.Прокопенко, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың басшылары, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің өкілдері және Қазақстан халқы Ассамблеясы ғылыми-сарапшылық кеңесінің мүшелері қатысты.
Кеңес отырысы барысында Елбасы Жолдауы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVІ сессиясында берілген тапсырмаларды іске асыру барысы талқыланды.
Л.Прокопенко өз сөзінде Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері алдағы Жастар жылына арналған жаңа жобалар әзірлеп жатқанын әңгімеледі.
«2019 жылы «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының жол картасы жүзеге асырылады. Бұл жоба аясында барлық санаттағы жастарымызды қолдауға арналған 19 өзіндік жоба жасалады. Сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздің әр өңірі бойынша бұқаралық мектеп туризмін қолға алады. «Өз жеріңді танып-біл!» жобасы аясында республикалық-туристік «Ел тану» экспедициясы өз жұмысын бастайды», деді ол.
Сондай-ақ оның айтуынша, жастар арасындағы әскери-патриоттық тәрбиені күшейту мақсатында Достық үйлерінің жанынан әскери-патриоттық клубтар ашылады.
«Елбасының бастамаларын ақпараттық тұрғыда жүйелі түрде қолдау үшін Қазақстан халқы Ассамблеясы «Жаңғыру елшілері» жобасын жүзеге асырады. Оның пулына әртүрлі салалардың үздік өкілдері енеді», деді Леонид Прокопенко.
Сондай-ақ ол Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелері биылғы жылы Елбасының 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын түсіндіру жұмыстары бойынша 1940 іс-шара өткізіп, 12 арнайы жоба әзірлегенін айтып өтті.
Бұдан әрі Қазақстан халқы Ассамблеясының 2025 жылға дейінгі даму тұжырымдамасының жобасы қаралды. Қатысушылар Ассамблеяның этномәдени бірлестіктерін қоғамдық аккредитациялау және аккредиттеу жөніндегі ережені, сондай-ақ республикалық комиссияның құрамын аккредиттеуден өткізу кестесін бекітті. Іс-шара соңында Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының «Бірлік» алтын медалі, «Жомарт жан» төсбелгісі, ҚХА төрағасының «Құрмет» грамотасы мен Алғыс хатына кандидатуралар ұсынылды.
Маржан ТІЛЕУБЕК,
«Егемен Қазақстан»