Бүгін жарияланған Нұрсұлтан Назарбаевтың мақаласында «Ұлы дала» атты ежелгі өнер және технологиялар музейін ашуға толық мүмкіндігіміз бар екенін айтты.
«Ұлы дала» атты ежелгі өнер және технологиялар музейін ашуға толық мүмкіндігіміз бар. Оған озық өнер мен технология үлгілерін – аң стилінде жасалған бұйымдарды, «Алтын адамның» жарақтарын, жылқыны қолға үйрету, металлургияны дамыту, қару-жарақ, сауыт-сайман дайындау үдерісін көрсететін заттарды және басқа да жәдігерлерді жинақтауға болады. Онда Қазақстан жерінен табылған құнды археологиялық ескерткіштер мен археологиялық кешендердің экспозициялары қойылады. Бұл заттар тарихи дәуірлердің қандай да бір кезеңіндегі әртүрлі шаруашылық салаларының даму үдерісін көрсетеді», деді Елбасы.
Сондай-ақ мақалада «Ұлы даланың ұлы өркениеттері» атты жалпыұлттық тарихи реконструкциялар клубын құрып, соның негізінде Астанада және Қазақстанның өзге де өңірлерінде ежелгі сақтар, ғұндар, ұлы түркі қағандарының дәуірі және басқа да тақырыптар бойынша фестивальдар өткізуге болатынын, оған қызығушылық білдірген адамдарды тарта отырып, осы тақырыптар аясындағы жұмыстарды бір мезгілде жүргізуге болатыны баса айтылған.
Айта кетейік, оған қоса білімді және туризмді дамытуға көңіл бөлу керектігін айтты.
«Ежелгі Отырар қаласының бірқатар нысандарын – үйлері мен көшелерін, қоғамдық орындарын, су құбырларын, қала қамалының қабырғалары мен тағы да басқа жерлерін ішінара қалпына келтіретін туристік жоба да қызықты болмақ.
Осының негізінде білімді дәріптеуге және туризмді дамытуға баса мән берілуі қажет».