Алматы қаласындағы Ұлттық кітапханада Халықаралық Шәкен Айманов кинофестивалі аясында «Түркі киносы – даму бағыты» атты түркі киносын әлемге танымал етудің жолдарын әңгіме арқауы етіп, талдаған дөңгелек үстел болып өтті.
Іс-шараға Түркі киносын дүниежүзіне таныту қауымдастығының төрағасы, түркімен кинорежиссері, сценарист және оператор, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Түркімен Республикасының халық артісі Ходжакули Нарлиев, Түркі әлемі журналистері федерациясының президенті Мендерес Демир, «Хабар» агенттігі АҚ «Ел арна» арнасының директоры Арман Сейтмамыт, «Хабар» агенттігінің бас редакторы Күлімхан Хасенова, Тәжікстан Кинематографистер одағының төрағасы Сафар Хакдодов, кинорежиссер және сценарист Али Хамраев, режиссер, актер, сценарист, продюсер Октай Мир-Касимов, Шәкен Айманов кинофестивалінің бас директоры Ермек Тұрсынов және халықаралық кинофестивальдердің өкілдері қатысты. Дөңгелек үстелді продюсер, NETPAK мүшесі, әлемдік түркі киносы қауымдастығының атқарушы комитетінің мүшесі Канат Төребай жүргізді.
Кездесуді Шәкен Айманов кинофестивалінің бас директоры Ермек Тұрсынов ашып, жиналған қонақтардың жұмысына сәттілік тіледі. Ал Түркі киносын дүниежүзіне таныту қауымдастығының төрағасы Ходжакули Нарлиев қазіргі замандағы түркі елдерінің кинематографының жағдайы туралы сөз қозғап, оны әлемге тарату жолында қандай қиындықтардың кездесетіні туралы айтып кетті. Түркі әлемі журналистері федерациясының президенті Мендерес Демир кинематография саласында ынтымақтастықты дамыту үшін ең басты кедергі ортақ тілдің жоқтығына тоқталды.
Сонымен бірге, «Хабар агенттігі» АҚ «Ел арна» арнасының директоры Арман Сейтмамыт Орталық Азия мен түркі әлемі елдерінің эфирге шығатын фильмдерінің жағдайы мен болашағы туралы әңгімелей отырып, қазақ телеарналары түркі елдерінің киносын көрсетуге дайын екендігін жеткізді.
«Біздің қауымдастық түркі әлемінің киносын дүниежүзіне тарату бойынша көп жұмыс атқарып отыр. Біз ынтымақтастыққа әрқашан дайынбыз және түркі киносын әлемдік деңгейге шығарғымыз келеді. Сондықтан да біз бүгінгі кездесуге қазақ телеарнасының қатысып отырғанына өте қуаныштымыз. Ортақ келісімге келеміз деп сенемін», - деді Ходжакули Нарлиев.
«Ел арна» тек қазақ киносын көрсетеді, бірақ биылғы жылдың күзінен бастап біз Орталық Азияның үздік киноларын көрсете бастадық. Тәжікістанмен тез келісімге келдік, қазір арнамыздан олардың киносын көрсетіп жатырмыз. Енді бізге басқа да түркі әлемі елдерімен ынтымақтастық орнату қажет. Біз бірігіп жұмыс істеуге және түркі әлемі елдерінің киносын қазақ телеарнасында көрсетуге дайынбыз», - деді Арман Сейтмамыт.
Кездесу соңында Шәкен Айманов кинофестивалі мен халықаралық кинофестивальдердің өкілдері, «Үміт» ТМД елдеріндегі жастар кино форумы, «Халықаралық Азия кинофестивалі», «Дидор» халықаралық кинофестивалі, «Халықаралық Қазан мұсылман кинофестивалі» және «Түркі елдерінің деректі фильмдер фестивалі» арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
АЛМАТЫ