Шымкенттегі денсаулық акциясында қала тұрғындары терапевт, эндокринолог, кардиолог, педиатр, офтальмолог және жалпы практика дәрігерлерінен тегін медициналық кеңес алды.
Ақ халаттылардың көмегіне жүгінген 200-ге жуық қала халқының 169-ы кіші лабороториялық тексеруден өтті. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының Біз саламатты өмір салты үшін ұранымен ұйымдастырған акциясында Шымкент жоғары медицина колледжінің студенттері әртүрлі жағдайларда алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша шеберлік сабағын өткізді. Болашақ дәрігерлер жүрек-өкпе реанимациясын дұрыс жүргізуге үйретіп, зардап шегушілерге қандай көмек беру керектігін көрсетті.
Сондай-ақ аталған акция барысында қала тұрғындарына тегін кепілдендірілген міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша көрсетілетін медициналық көмектің түрлері және медициналық сақтандыруды ендірудің маңыздылығы туралы «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» қорының өкілдері түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
«Әрбір адамның назарын саламатты өмір салтын ұстануды қалыптастыруға, халықты өз денсаулығын сақтауға шақырған шара алдағы уақытта да жалғасын табады», дейді сала мамандары.
Нұршат ТӨКЕН,
«Егемен Қазақстан»
ШЫМКЕНТ