• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 23 Қараша, 2018

Қыздар университетінде «Ұлы дала тарихы» пәні енгізілді

832 рет
көрсетілді

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің оқу үдерісіне «Ұлы дала тарихы» пәні енгізілді. Бұл туралы оқу орнының Баспасөз орталығы хабарлады.

Университеттің Баспасөз орталығының басшысы Жандар Асанның айтуынша, бұл пән Қазақстан тарихының теориялық-методологиялық тұжырымдарына негізделген. Курстың хронологиялық шеңбері еліміздің ежелгі дәуірден XX ғасыр басына дейінгі қалыптасқан тарихи кезеңдерімен анықталған.

Пән 15 тақырыптан тұрады. Тақырыптарда Ұлы дала тарихы пәні және оның рухани жаңғыру мен тарихи сананы қалыптастырудағы орны, Түркі мәдениетінің дүниетанымдық мәні және көшпенділердің әлемді түйсінуінің ерекшеліктері, Ұлы Жібек жолы Еуразия құрлығындағы мемлекеттер мен өркениеттердің мәдени сұхбаттастығы мен экономикалық байланыстарының алғышарты, қазақ халқының этногенезі мен ұлттық коды туралы тың деректер қамтылған. Сонымен қатар, Ұлы даладағы тәуелсіздік үшін күрес және ұлттық бірлік пен бірегейлік идеялары, әскери өнердің қалыптасуы мен даму эволюциясы және Ұлы даланың ұлы тұлғалары жайындағы іргелі зерттеу еңбектер де топтастырылған.

– Пәнді оқыту барысында ұлттың өзіндік ерекшелігі мен бай рухани тарихын айғақтайтын оқиғаларға жете назар аударылады. Бабадан балаға мирас болған ұлы мұраны қадірлеу, оны сақтай отырып, өз үлесіңді қосып, дамыту және кейінгі ұрпаққа аманат етіп табыстау сияқты асыл қасиеттер осы пән шеңберінде жүзеге асырылады. Бұл бастама – болашақ мамандардың білім деңгейін көтерумен қатар, мемлекеттілікті нығайту, жаңа қазақстандық патриотизм мен ұлттық құндылықтар негізінде тарихи сананы қалыптастыру сынды өміршең идеяларды жүзеге асыруға септеспек, – дейді университеттің ресми өкілі.

Қазіргі күнде аталған пән бойынша арнайы оқу құралы дайындалып отыр. Оған белгілі ғалымдар мен сала мамандары жұмылдырылған.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ