• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Әдебиет 26 Қараша, 2018

Бізге белгілі әрі белгісіз Горький (жалғасы)

524 рет
көрсетілді

Бізге белгісіз Горький

Кеңес Одағы кеңістігінде оның шығармаларының тара­лы­мы 242 миллионға жетті. Оның атақ-даңқы тек Кеңес Ода­ғының шеңберімен шек­теліп қал­ған жоқ, ол әлемдік дең­гей­дегі ең әйгілі, ең атақты ойшыл жазушы боп мойындалды. Ал­ты рет Нобель сыйлығының но­ми­нанты болды. Бірақ оған әде­биет саласындағы ең атақты сый­лық бәрібір берілмеді. Ко­ми­тет мәжілісіндегілердің пікірі бойынша, оған сыйлықтың бе­ріл­меу себебі – М. Горький ал­ғашқы кезеңде «анархист» болды, сонан соң большевиктерді қол­дады. Онан кейінгі жылдары Аргентинаның ұлы жазушы­сы Хорке Луис Борхеске де Чи­лиде Пиночетті қолдағаны үшін беріл­мей қалды.

Горькийдің бізге белгілі өмі­рі – айдың бергі жағы, ал ар­­ғы жағы қалай? Сол «арғы жақ­та», яғни оның өмірінде қан­дай оқи­ғалар тарихта айтыл­май ке­леді? Сталиннің өзі оны ерекше құрметтеп, Кеңес жа­зу­шылар одағын құрып, оны басқаруды тапсырған, бар­лық жаңа бас­тама­лардың басына үлкен се­німмен қойып, оған адамдық, азаматтық, шығар­машылық ерік беріп қой­ған­ ұлы жазушы ойламаған жер­ден неге опат болды? Ең сый­лы, ең абыройлы, ең бай, билік­­тің ең сүйік­ті жазушысы болған Максим Горь­кий қай тірлігімен ұлы кө­семге жақпай қалды? Мұның ар жағында ұзақ­қа сермейтін шыр­мауықтай шатасқан тарих жатыр. Ол шатасқан тарихты Горький за­ман­дастарының әр кезде жазып қалдырған естеліктерінен, Горь­кий өмірінің құпия беттерін ашуда ұзақ уақыт тістеп-тыр­нақтап материал жиып, ол жай­лы кі­тап жазған жазушы, бар­лау агент­терінің өмірін зерт­теуші Генна­дий Соколов бізге Горький өмі­рінің назардан тыс­ қалып келе жатқан, тіпті бел­гі­лі боп келген жайттарды «же­ті құлыптың» ар жағында ұстап келген шындық­тардың бетін біршама ашып берді. Ол тарихты үш тақырыпқа бө­лу­ге болады. 1. Горький өм­і­­рін­­дегі әйелдер немесе ма­хаб­бат машақаттары. 2. Аңыз бен ақи­қат. 3. Шың мен шыңы­рау.

Горький өміріндегі әйелдер

М.Горький 1902 жылы «Шы­­ңы­рау» атты атақты пьесасын жазды. Кімде кім оның «Ба­лалық шақ», «Кісі есігінде» деп аталатын шығармаларын оқы­ған болса, «Шыңырау» дра­масындағы оқи­ғалар автордың басынан кеш­кен қаңғыбастар мен кедей-кепшіктер өмірінен алын­ғанын бір­ден түсінеді. Осы пьеса бойынша қойылған МХТ театрындағы спектакль Максим Горькийдің жеке өміріне айрық­ша әсер етті. Пьесадағы бас­ты рөл­дердің бірі – Наташа рө­лін театрдың атақты актрисасы­ Мария Андреева ойнаған еді. Максим Горький Мария Ан­­дрееваның керемет ойынына қатты риза болып, спектакль біт­кен соң ерекше толқу үстінде ак­трисаны көзіне жас алып тұ­рып құттықтайды. Осы сәт­ті кейін­нен актриса былай деп ес­ке алады: «Горький көзінің жа­­сын жасыра алмай маған жа­­­­қындап келді де, қолымды қы­­сып, ризашылығын білдірді. Мен болсам өзімді-өзім ұстай ал­­май оны қатты құшақтап, ту­ра сахнада, дуылдап жатқан жұрт­­тың көзінше сүйіп-сүйіп ал­дым».

Осы сүйіс жалындаған ма­хаб­батқа ұласады. Олар жиі-жиі кез­­д­есіп тұратын болды. 1903 жылы Андреева темір жол саласында үлкен бастықтың бірі болып істейтін күйеуімен ажырасып, М.Горькийдің азаматтық не­кедегі әйеліне айналады, оның ­хатшысы болады. Бұл кезде ол заңды әйелі Екатерина Пеш­ковадан ажыраспаған, ажы­­расу жайлы ойламаған да еді.­ Пешкова бұл жайды білсе де­ біл­мегендей сабырлы күйін сақ­­тай білді.

Максим Горькийдің жаңа махаббаты оның саяси бағытының кілт өзгеруіне шешуші әсер етті. Мария Андреева жазушы­ пьесасындағы Наташа рөлін­ ғана емес, оның саяси көзқара­сының жаңа белестерге көте­рілуінде де тамаша рөл атқар­ды. Марияның ықпалымен М.Горький большевиктер пар­­­­­тия­сы­ның қатарына өтіп, Ле­нинмен танысады. Олардың ма­хаббаты үш жылға созылып, 1919 жылы араларындағы сезім оты суына бастайды.

Максим Горькийдің Ан­дрее­ва­ға деген ыстық махаббаты­ да, Ленинге деген көзқарасы да суы­­на бастайды.

«Горький өмірінің көкжие­гінде тағы бір Мария пайда бол­­ды, – деп жазады Геннадий Со­­колов. – Закревская Беккон­дорф-Будберг. Оның екінші аты – Мата Хара. Талай елдің аген­турасына қызмет еткен әй­гілі – Мата Хара. Орыстан шық­қан миледи. Жақын ара­ласқан адамдар үшін – жай ғана Мура. Өмірі таңғаларлық фан­тастикаға толы мейлінше жұм­бақ жан. Ол Полтавада, дво­рян отбасында дүниеге кел­ген. Өзінің Мәскеу генерал-губер­наторының жұбайы, ке­зінде А.Пушкин «мисс Ве­не­ра» деп атаған Аграфена За­к­рев­скаяның шөбересі екенін мақ­­тан тұтатын. Кембридж уни­­вер­­ситетінде оқыған. Өзінің ал­ғашқы күйеуі – Германиядағы орыс елшілігінің хатшысы Иван Беккендорф. Орыс тари­хында да бұл фамилия біршама та­ныс. Пушкиннің әрбір қада­мын бақылаушы жандарм Бек­кендорфтар әулетінің жал­ғасы.

Ақылы мен парасаты, бі­лім­ділігімен, сөзшеңдігімен жа­ра­сымдылық тапқан Мария За­кревскаяның болашағы зор еді. Бірақ 1917 жылғы орыс ре­волюциясы оның болашақ өсу жолын біржолата жауып тас­тады. Украинадағы әке-ше­шесінің имениесін жаппай бей-берекетсіздік кезінде көте­рілісшілер түк қалдырмай өртеп жібереді. Онан соң күйеуінің Эс­тониядағы имениесі өртке шалынды. Күйеуі Иван Бек­кендорфты өлтіріп кетеді. Ма­рияның екі баласын гувернантка от ішінен әрең дегенде аман алып қалады. Жесір қалған Ма­рия Ресейге қоныс аударып,  ағыл­шын консулы, бір кездері Кем­бридж университетінде бір­ге оқыған Брюс Локкардты тауып алады. Ал Брюс болса, МИ-6 деп аталатын ағылшын агентурасының қызметкері еді. Кездескен сәт­тен бастап олардың дауылды махаббаты бас­талып, агент Брюс­тің махаббат­тан басы ай­налып кеткендей болады. Өзі­нің күнделігінде агент­ке тән ұстамдылығынан ай­ырыл­ған Брюс: «Не болғанын біл­меймін, менің өміріме ерекше бір сезім араласып, ес-тү­сімді алып бітті. Ол сезім бар­лық сезімдерден әлдеқайда күшті, тіп­ті өмірімнен де қымбат боп барады» деп жазған екен. Бірақ бұлардың бақытты күн­дері ұзаққа созылмайды. 1918 жылы Петроградта ЧК-ның бастығы Урицкиді жаулар атып өлтіреді, ал дәл сол күні Фанни Каплан Ленинге екі рет оқ атты. Түнгі сағат екіде, елшілердің анти­кеңестік ұйымының ұйытқысы де­ген күдікпен Локкардтың пә­теріне чекистер баса-көктеп кіріп, Мура екеуін тура төсекте жат­қан жерінен ұстап алып кетеді.

Мураны Дзержинскийдің орын­басары Петерс тергеуге алады. Ол өзінің көңілдесінің шпион­дық әрекеттерінен мүл­дем бейхабар екенін дәлелдеп шыққан соң Петерс оны босатып жібереді. Ұзақ уақыт бойы ерлі-зайыптылардай бірге өмір сүріп келген адамның кә­сі­бі мен іс-әрекеті жайлы мүлдем бейхабармын дегеніне сауыс­қаннан сақ, борсықтай күдікшіл атақты чекист қалайша оның сө­зіне оп-оңай сеніп, босатып жі­бере қойды? Өзінің  кінәсіз екеніне сендіріп қана қоймай, түрмеде жатқан көңілдесін де бостандыққа шығарып алуына қандай дәлелдер себеп болды? Әрі-беріден соң ол «күйеуі» екеуі Стокгольмге ке­тіп, сол жақта заңды отбасын құ­­руға тілек те білдіреді. Бірақ Пе­терс оның тілегін жартылай орын­­дап, көңілдесін шетелге­ жібереді де, өзін Ресейде қал­дырады.

Чекистер де оңай шағыла салатын жаңғақ емес. Петерстің жос­пары әріде жатыр еді. Ол Марияны Кеңес агентурасына қызмет етуге мәжбүрледі.

Осыдан соң Кеңес агентурасына қызмет етуге кіріскен Ма­рия Закревская Еуропа мен Ла­тын Америкасын шарлап келіп, Максим Горькийдің  ұйым­дастыруымен ашылған «Әлем әдебиеті» деген баспадан бір-ақ шығады. Демек, Ке­ңес өкіметінің сақшылары Мак­сим Горькийдің қызметін ба­қылауға алуды жөн көріп, ондай аңдушы үшін бірден-бір қолайлы адам Марияның кандидатурасы деп шешсе керек.

Сөзге ашық, білімді, эрудициясы жоғары Мария Зак­ревская Горькийге бірден ұнай кетеді. Ұнай кету былай­ тұр­сын, махаббаттан аузы күй­мейтін Мәкең (Максим) оны ұнатып қалады. Кеңес Ода­ғы­ның аса көрнекті ақыны Кор­н­ей Чуковский бұл сәтті бы­лай деп еске алады. «Бір таң­­ғаларлығы сол, Максим Горь­кий ешқашан оған арнайы қарап сөйлемесе де, барлық сөзін Ма­рияға тигізіп айтатын. Ондай кезде ол ерекше тапқыр, ерекше ше­шен, үлкен бір тойға дайында­лып жатқан гимназис­тердей сүйкімді көрінуге тыры­сатын».

Көп ұзамай Мура Максим Горькийдің тікелей әдеби хатшысы, аудармашысы, азаматтық әйелі боп, оның Петроградтағы кең сарайдай үйіне көшіп алды. Пролетариаттың ұлы жазушысынан оның нақсүйері 24 жас кіші болатын.

«Дәл осы кең сарайдай пәтер Горький өмірінде келеңсіз бір оқиғаның куәсі болды, – деп жазады жазушы өмірінің агентурамен байланысты жағын мұқият зерттеген Геннадий Соколов. – 1920 жылы Ленинмен кездесу үшін Мәскеуге Англияның атақты фантаст-жазушысы Герберт Уэльс келген болатын. Оның «Уақыт машинасы», «Көрінбейтін адам», «Әлем соғыстары» атты романдары Кеңес Одағында кеңінен белгілі еді. Петроградта ол өзінің ескі досы М.Горькийдің үйінде тұр­­ды. Ұйқысы қашқан Уэльс түнде тұрып, кең бөлмелерді аралап жүріп, адасып кеткен адамдай Мура жатқан бөлмеге «абайсызда» кіріп кетеді. Таңертең қызғаншақ Горь­кий ол екеуін төсекте жатқан жерінен ұстап алады. Ал Мура болса аспай-сас­пай, жайбарақат қана: «Алексей Максимович, сіз ойлаңызшы! Тіпті махаббатқа тоймайтын әйел үшін бір сәтте екі бірдей атақты жазушымен бірге болу тым көптік қыл­май ма?! Оның үстіне, Гер­берт сізден үлкен ғой!» Шын­дығында Герберт Уэльс Горь­кийден екі-ақ жас үлкен болатын.

Герберт Уэльс пен баронес­саның кездесулері араға жылдар салып жалғасын тауып жат­­­­ты.

Орыс миледиінің ер адам­ның басын шыр айналдырып алатын ерекше қасиеті барын замандастары таңғалып еске алып жүретін-ді. Ол көз тартатындай сұлу да емес. Бернард Шоудың жазуы бо­йынша: «Герберт Уэльс есі ауып, ауруға шалдықты – ол баро­­­­несса Будбергтің арбауы­на шыға алмастай боп шырматылды». Герберт Уэльстің өзі күнделігіне ол әйел жайлы былай деп жазған: «Ол 43 жасқа толды. Бурыл шаштарына ақ шаш араласа бастаған, уақыт өте толық әйелге айналар белгілері бар. Әйтсе де, көп әйел­дермен қатар қойғанда, ол өзгелерден ерекше көрінетін. Ал суретіне қарасаң алып бара жатқан ештеңесі жоқ. Кәдімгі мұрны таңырайған, жас ке­зінде кеңсірігін сындырып алғандықтан пұшықтау боп көрінетініне қарамастан оның еркек атаулыны өзіне тартып тұратын құпия магнитизмі бар секілді».

Сонымен  Ленинге жолығып болған соң Горькийдің таза сезіміне тозаң түсіріп, Герберт Уэльс еліне қайтты. Еліне бара салып, «Россия во тьме» деген очеркін жариялады.

М.Горький Мурамен қал­ды. Арада біршама уақыт өт­кен соң екеуі Германияға, со­нан соң Италияға аттанды. Мура болса жазушының қа­лам­ақысын реттеумен, шетелде оның кітаптарын шығару ісімен белсене шұғылданды. Батыста Горький шығармалары бұрқырап шығып жатты. Ол Мураны бұрынғыдан да жақсы көре түсті. «Клим Самгиннің өмірі» атты атақты романын Мураға арнады.

Италияда жүргенде М.Горь­кий көп ретте жалғыз­­­­дықта өмір­ сүрді.  Мура болса баспа ісімен айналысуды сылтау­ратып, Еуропаның басқа елдеріне жалғыз өзі жиі-жиі аттанып кете беретінді шығарды.

«Сіздің келетін күніңізді есеп­теумен уақыт өткізіп жүр­мін. Сіз есіме түскенде, ұят та бол­са айтайын, өзімді 25 жасар жігіттей сезінемін. Бұлай жа­зу ыңғайсыз-ақ, бірақ амал қанша, менің ішкі сезімім осы­лай» деп Мураға жиі-жиі хат жазса, Мура оған: «Сіз ме­нің өмірімнің қуанышысыз. Ме­нің жан дүниеме сіз ғана ке­рек­сіз. Мен, міне, отызға кел­дім. Кинематография әле­мінде кинематографиялық адам­дардың түр-түрімен кездесіп жүріп, ақы­рында сізді таптым. Осы үшін Құ­дайыма разымын, өйткені мен Құдайға сенетін адаммын, ал сіз, Құдайға сен­бейсіз».

Ол Англиядағы балаларына баруды сылтауратып Лон­донда көп болатын.  Ал шын­дығына келгенде, ол сыртқы барлау жұмысымен айналысатын. Оған Британ барлау агент­тігінің 1936 жылғы 5 мамыр айындағы мынадай ақпарат дәлел. «Агентуралық мәлімет бойынша, Лондонда тұрып жат­қан ресейлік эмигрант Ма­рия Будберг 1918 жылдан бері Кеңес агентурасына қыз­мет ететін адам. Ол НКВД-ның бас­тығы Ягодаға тікелей бағы­нышты». Ал Кеңес жағы болса Мураны ағылшындардың аген­турасына қызмет етіп жүр деген күдікте болды, өйткені ол бір кезде Мурамен азаматтық некеде бір үйде өмір сүрген Лок­кардпен кездесіп тұратыны жай­лы мәліметті жақсы білетін еді. Шынтуайтына келгенде, Мура екі жаққа да бірдей қыз­мет етті. Ал оның ең бас­ты міндеті – шетелде жүрген ре­волюция дауылпазының өмі­рін бақылауда ұстау болатын. Оны әрине Горький сезген жоқ. 1933 жылы сол дауылпаз Кеңес Одағына қажет болды. Про­летариаттың ең атақты жазу­шысының фашистік Италияда ұзақ өмір сүріп жатқаны Ке­ңес Одағының басшыларына ұнамады. Оның тез арада ел­ге оралып, кеңестік өмір шын­дығын асқақ үнмен бар әлемге паш ететін шығармалар жа­зуын талап етті. Сталин мен Яго­даның тапсырмасы бойынша, Мура Максим Горькийдің елге оралуы қажет екеніне көзін жеткізе білді. Жастайынан өкпе ауруы­мен ауыратын, ден­саулығына өте қолайлы боп көрінген Италияның Сор­ренто қаласында біржола қа­луды ойлап жүрген ол, туған-туыс­қандарының да оның Кеңес Одағына қайтып келуіне қарсы екеніне қарамастан, елге оралуға шешім қабылдайды. Сталиннің  тапсырмасы бойынша, Мура жазушы шығармаларының шетелде басылуы сиреп, қаламақысы азайып бара жатқанын, ал Кеңес Одағында оны үлкен құр­мет, фантастикалық қаламақы, қыс­қасы, жазушыға қажетті бар­лық жағдайдың жасалатынын айтып, ақыры көздегеніне жет­іп тынды.

Максим Горькийді, шын мә­нінде, Кеңес Одағында ерекше ықыласпен, зор қошеметпен күтіп алды. 

Ал Мура болса елге оралмай Англияға, Герберт Уэльске ат­танды.

Елге келген Горькийдің сая­си көзқарасы өзгеріп сала берді. Бұрынғы достары Бу­харин, Рыков, т.б. ұсталып ке­тіп­ті. Шетелден келген соң «Ита­­лия әсерлері» атты кітабын жа­рыққа шығарған соң, «Кеңес шындығын асқақ үнмен» жырлайтын шығармалар тудырмай-ақ қойды. Сталиннің өзі күткен­дей, ұлы көсем жайлы көркем дүние жазудан бас тартты.

1936 жылы чекистер Ста­линге Горький күнделігінің кө­шір­месін әкеп көрсетеді.

(Жалғасы бар)

Дулат ИСАБЕКОВ,

жазушы