Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) кезекті тур ойындарын Ярославльда өткізген «Барыс» жергілікті «Локомотив» клубынан 3:5 есебімен ұтылып қалды.
Бірінші кезеңді «Локомотив» 1:0 есебімен аяқтады. 8 минутта Егор Аверин гол соқты. Үзілістен кейін қонақтар қатарынан үш мәрте мергендік танытып, қазақстандық жанкүйерлерді бір желпіндіріп тастады – 1:3. Бұл голдардың авторлары – Валерий Орехов, Кирилл Панюков және Мэттью Фрэттин. Бірақ бұл жағдай жергілікті хоккейшілердің сағын сындыра алған жоқ. «Арена-2000-Локомотив» спорт кешеніне жиналған 8 мың көрерменнің қолдауымен дамылсыз шабуылдаған ярославльдіктер төрт рет нысананы дәл көздеп, көздеген мақсаттарына қол жеткізді – 5:3.
Қазіргі кезде «Барыс» тұрақты біріншілікте 9 орынды иеленуде. Осы күнге дейін 30 кездесу өткізген жерлестеріміз 42 ұпайды қоржынға салды. Енді өзінің келесі бәсекесін астаналық хоккейшілер 27 қарашада Череповецте жергілікті «Северсталь» клубына қарсы өткізеді.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»